Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Өмір мен өлім арасындағы заттар» атауымен халықаралық көрме өтті.
Көрменің ерекшелігі, онда қойылған жәдігерлер арасында не қару не сарбаздардың киім-кешегі жоқ. Мұнда келушілер назарына сарбаздардың күнделікті өмірде қолданған кәдімгі заттары ұсынылды. Бұлардың арасында солдаттардың туысқандары мен сүйіктілерінің фотосуреттері, ойын карталары, қырынуға арналған керек-жарақтар, музыкалық аспаптар және басқа да жауынгерлердің күнделікті өмірде қолданатын заттары бар.
– Бұл қарапайым заттардың мән-мағынасы тереңде. Өйткені, жауынгердің соғыс кезінде өзімен алып жүрген заттары адамды отбасы, ошақ қасымен, туған-туысқандарымен байланыстыратын. Адам қай кезде болсын адам болып қалғысы келеді, – деді Қарулы Күштер ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары Асқар Қасымов.
Көрмеде өткен ғасырдағы жауынгерлердің күнделікті өмірде тұтынған заттары тұр. Олар Германия, Жапония, Вьетнам, Ұлыбритания, Франция және Италия елдерінен әкелінген. Бұлар арқылы бір-бірімен қарсы шайқасқан сарбаздардың күнделікті қолданатын заттарға ғана мұқтаж болғанын байқауға болады.
Асқар Қасымовтың айтуынша, көрме Швеция, Норвегия, Бельгия, Польша, Беларусь және Эстонияда кеңінен танылған. 2010 жылы Стокгольмда жылдың эстетикалық жобасы ретінде «Алтын сөре» марапатына ие болған.
Көрме Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр. Келушілер Қарулы Күштер әскери-тарихи мұражайында орналасқан онымен биылғы жылғы 15 қазанға дейін таныса алады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»