Қазақ халқында «Жері байдың – елі бай» деген нақыл бар. Соңғы уақытта белең алған жер мәселесіне қатысты толқулар, сан түрлі пікірлер Отаным, елім, жерім деген кез келген азаматты алаңдатпай қоймайды.
Әлемдегі түрлі қақтығыстар, саяси күрестер, тіпті, ішкі шиеленістер де жер дауынан туындайды. Демек, бұл бей-жай қарайтын іс емес. Қазақ халқы әр тұтам жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қызғыштай қорғап, бүгінгі ұрпаққа еншіге қалдырды. Тәуелсіздік жылдарында шекарамыз белгіленіп, бекітілді. Бұл үлкен жетістік. Нарықтық қатынастардың, экономикалық мүдденің негізгі қағидаға айналған кезеңінде жердің де халық игілігіне қызмет етуі басты орынға шыға бастады. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығының жаппай жекешелендіріліп, кен орындарының ашылып, жердің нарықтық жүйенің негізгі нысаны ретінде қалыптасуынан. Ұлан-байтақ аумағымызды игеруден, меңгеруден бұрын «иемдену» деген қағидат санамызға кірді. Ал, мемлекет сол жердің тиімді пайдаланылуына, халық игілігіне қызмет етуіне құқықтық тұрғыдан жауапты. Ауылдық мекендерде жер игеруге ынталы қаншама халық, алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған оралмандар осы мақсатына қол жеткізе алмай жүр. Ал, аздаған жер алса оны игеруге, мал өсіруге бастапқы қаржылары жетіспейді, мемлекеттен жеңілдікпен берілетін несиелерге де түрлі кедергілер бары жасырын емес. Сондықтан, биліктің халықтың еңбек етуге, табыс табуға, жақсы өмір сүруге талпынысы мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын ұштастыруы бүгінгі күннің басты талабына айналуда. Ауылдық мекендердегі жер телімдеріне ашық мониторинг жүргізу, жер иесі кім, ол жерді қандай мақсатқа, қалай пайдаланып отыр дегенді анықтап, әлемдік озық үлгідегі техникаларды, технологияларды пайдалану арқылы жердің өнімділігін арттыру ел экономикасына қызмет етер еді. Ауылдық мекендерге қоныс аударған сан мыңдаған ағайындар өз мақсаттарына қол жеткізе алмағандықтан қала маңын сағалап, сауда-саттықпен айналысып күнелтуде. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың өсуін, түрлі әлеуметтік проблемаларды, қайшылықтарды туындатады. Жергілікті әкімдіктер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы бағыттарды қолға алса, бүгінге дейін жер мәселесін реттеуде туындаған қайшылықтарды шешсе демографиялық жағдайымыздың жақсаруына, халықтың ауылға тұрақтануына, азық-түлік мәселесінің шешім табуына, ішкі тұрақтылығымыздың сақталуына, билік пен халықтың ортақ мүддеге қызмет етуіне, яғни кәсіби мемлекеттің қалыптасуына оң ықпал болмақ. Әсіресе, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығындағы жеке кәсіпкерлердің басын біріктіру арқылы нарық талаптарына, халықтың сұранысына сай келетін нақтылы өнім өндіретін, жауапкершілігі жоғары кооперативтер, заңды тұлғалар құруға ықпал ету керек сияқты. Біз, табиғи байлығымыз бен мұнай арқылы ғана экономикалық жетістіктерге жете алмайтынымызды әлемдік дағдарыс жағдайында түсіндік. Ұлан-байтақ аумағымызды игерудің басты бағыты ата кәсібімізді жаңғыртып, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін, табиғи өнімдер өндіретін заманауи шағын өндірістерді ашуды ынталандыру болып отыр.
Демек, жер иесі оның игілігін көруге, «Мәңгілік Ел» мақсатына жетуге, ортақ мүддеге қызмет етуге ынталы өз халқымыз.
Президенттің Жер туралы заңның бірқатар нормаларына мораторий жариялауын қолдай отырып, ол кейбір көкейкесті мәселелерді шешіп алуға мүмкіндік береді деп есептеймін.
Қайрат БОДАУХАНҰЛЫ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты
АСТАНА