• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Бас ұйымда өткен басқосу

274 рет
көрсетілді

Қазақстан басшысының бастамашылығымен ұйымдастырылды БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстанның бастамасымен «Діндер бейбітшілік үшін» форумы өткізіліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі талқыланды. Бұл шара еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың АҚШ-қа жұмыс сапарының соңғы күні ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы аталған шараны БҰҰ-да өткізу туралы оның Бас Ассамблеясының 70-ші сессия­сында сөйлеген сөзінде, сонымен қатар, 2015 жылдың қарашасында Парижге жұмыс сапарымен барған кезінде ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесуі барысында ұсынған болатын. Қазақстан Президентінің бұл идея­сын БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер, діни конфессиялар мен халықаралық ҮЕҰ басшылары қолдаған еді.Осы іс-шарада Қазақстанның ұстанымын Ерлан Ыдырысов таныстырды. Пікірталасты аша отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті Могенс Люккетофт Қазақстанның бастама етіп көтерген тақырыбының өте өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, беделді көшбасшылардың осы салада пікір алмасуы барлық әлемдік діндердің лаңкестікке және зорлық-зомбылықты экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимылға мазмұнды үлес қосуға арналып отыр. БҰҰ Өркениеттер альянсы­ның жоғары өкілі Насер ан-Насер Қазақстанның делегациясына бастамасы үшін және өздерінің пікірталасқа қатысуы арқылы бейбіт үнқатысуға адалдығы мен зорлық-зомбылықты экс­тре­мизмді үзілді-кесілді қабыл­дамауын растаған барлық дін­дер­дің өкілдеріне алғысын біл­дірді. Дипломаттың айтуынша, бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе «жастарды біздің айыр­ма­шылықтарымызды қабылдауға және оларды проблемаларды емес, құндылықтарды көруге үйрету» болып табылады. «Азия қауымдастығы» (Asia Society) халықаралық қоғам­дық ұйымының прези­денті, Австралияның экс-премьер-ми­нистрі Кевин Радд, Иор­дания­ның діндер мәселе­лері жөнін­дегі министрі Абдул­х­афиз Дауд, ЮНЕСКО Бас директорының орын­басары Фрэнк Ле Руа, ИЫҰ Бас хатшысының кеңесшісі Абдул Моиз Бохари, БҰҰ-ға мүше-елдер делегацияларының басшылары өз сөздерінде Қазақстанның бас­тамасына жоғары баға берді. Спикерлер діндер арасындағы үнқатысу мемлекеттердің арала­суы­мен атқарылатын нақты жос­парлармен және әрекеттермен қол­дау табуы тиістігін атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан Сырт­қы саясат ведомствосының басшысы форумның қатысушы­лары­на арнаған сөзінде жоға­ры дең­гейдегі үнқатысу өт­кізу «Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баевтың лаңкестік пен діндердің арасындағы алдамшы байланыс­ты теріске шығаруға шақыруын БҰҰ-ға мүше-елдер мен діндер көшбасшыларының бірауыздан қолдайтынын» растап бергенін атап көрсетті. «Біздің міндетіміз – ортақ құндылықтарды бөлісетін ұлы діндер халықтардың жақын­дасуында және әлемдегі бейбіт­шілікті нығайтуда негізгі рөлді атқара алатынына әлемдік қоғам­дастықтың көзін жеткізу», – деді Е.Ыдырысов. Оның айтуынша, осы үдеріске жәрдемдесудің пәрменді жолдарының бірі – дін көшбасшыларының тұрақты түрде кездесетін алаңдарды құру. Осы ретте, еліміздің Сыртқы істер министрі «Қазақстан Прези­дентінің Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының съезін шақыру бойынша бастамасы зияткерлік алмасу мен түрлі конфессиялар өкілдерінің жеке байланыстар орнатуын ынталандырып отырғанын» көл­денең тартты. Е.Ыдырысов 2016 жылдың 31 мамыры күні Астанада «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыппен халықаралық форум өткізілетінін еске салды. Бұл іс-шара діни ұрандардың тасасында өшпенділік пен зорлық туғызатын қылмыстық идеологияларға қарсы іс-қимылға бағытталған күш-жігерді жұмылдыру жөніндегі тәжірибелік ұсы­нымдарды әзірлеу үшін әлемнің беделді қоғамдық-саяси және діни қайраткерлерінің басын қосады. Жаһандық қауіпсіздікті ны­ғай­тудың басты бағыттарының бірі ретінде Е.Ыдырысов ядро­лық қару қаупі мен соғыс вирусы­мен күресті атады. Осы орайда, ­Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы фо­рум­ның қатысушыларына Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін таныстырды. Ол «манифесте ұсынылған ядролық қарудан ада әлем құру, бұл сөзсіз өте асқақ, бірақ, сонымен қатар, қолжетімді мақсат» екенін атап көрсетті. «Мен әлемнің рухани көш­бас­шыларын Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасын қолдауға және осындай өте өзекті мәселені әрі қарай ілгері­летуге оларды да белсенді түрде қатысуға шақырамын», – деп мәлімдеді Е.Ыдырысов. Жоғары деңгейдегі «Діндер бейбітшілік үшін» пікірталасына 100-ден астам ұлттық делегация, 40 спикер мен панелист қатысты. Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің аталған бастамасын жүзеге асыру біздің еліміздің жаһан­дық алаңдарда бейбітшілік пен төзімділік мәдениетін қалып­тастырып, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл танытуға қосқан кезекті үлесіне айналмақ. Форум барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ аймақтық топ­тары­­ның делегацияларымен бір­қатар жұмыс кездесулерін өт­кізіп, оның аясында Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі идеяларын түсіндірді және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне қазақстандық өтінімнің басымдықтарын жеткізді. Сәулебек БІРЖАН