26 Қаңтар, 2011

АҚШ-пен әріптестік әлеуеті артады

436 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 24-26 қаңтары аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласында сапармен болып, қос ұлы мұхиттың – Атлант және Тынық мұхиттарының арасында көсіліп жатқан алып державаның бірқатар беделді саясаткерлерімен және білікті де ірі кәсіпкерлерімен маңызды кездесулер өткізді. Астана мен Вашингтон (мұнда қазір қысқы уақыт) арасындағы уақыт айырмашылығы 11 сағат екенін ескерсек, жоспарланған кездесулерді бір мақала ауқымымен қамти алмайтынымыз анық. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Вашингтоннан. Тәуелсіздік! Осы бір жалғыз ауыз сөздің астарында қанша құдірет жатыр десеңізші. Міне, тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл толатын, осы бір тарихи тұрғыдан қарағанда өлшеулі ғана уақыт ішінде Қазақстан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың білікті басшылығымен ғасырларға пара-пар даму және танылу дәуірінен өтті. Сол тәтті де тағылымды тәуелсіздіктің ар­қа­сында әлемді аузына қаратқан АҚШ та Қазақстанмен страте­гиялық әріптестігін тұрақты түрде дамытып, екі ел арасын­дағы алыс-беріс, барыс-келіс қа­тынастар жылдан-жылға қанатын кеңге жайып барады. Жаһандық өркениет үрдісінен лайықты ор­нын иеленіп үлгерген тәуелсіз Қазақстанның ашық та салиқалы сыртқы саясатының нә­тижесінде, міне, тағы да мұхит асып, жер қиырындағы Аме­рикаға сапарлап келеміз. Жиырма жыл­дық жігіттік жасқа толған тәуелсіздігіміз болмаса, Елбасының әлем таныған салиқалы саясаты мен биік беделі болмаса, төрткүл дүниені айбатымен ықтыратын АҚШ төрінде қазақстандық журналистер де алшаң басып жүрер ме еді! Тәубе дейсің толғанып. Тәуелсіздік демекші, Америка Құрама Штаттары Қазақстан Рес­публикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 25 желтоқсанда алғаш бо­лып таныған елдердің бірі. Келесі күні-ақ, яғни 26 желтоқсанда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнап, бүгінгі таңда кең ауқымдағы өзара терең тү­сіністікке негізделген Қазақстан және АҚШ мемлекеттерінің стра­тегиялық әріптестігіне ұласып отыр. Өткен жылдың сәуір ай­ында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та арнайы сапармен болып, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Осы сапар шеңберінде Елбасы АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп, екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріп­тес­тікті одан әрі нығайту мақ­сатындағы келісімге қол жеткізді. Сонымен бірге, екі ел басшысы Ғылыми-техникалық ынты­мақ­тас­тық туралы келісімге қол қойған болатын. Енді, міне, екі ел арасындағы ынтымақтастық бай­ланысты тереңдету аясында Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа сапары жалғасып отыр. Жалпы, соңғы уақытта Қанат Саудабаевтың жыл басында АҚШ-қа арнайы сапар жасауы дәстүрге айналып келеді десе де болғандай. 2009 жылы ол 2-6 ақпан аралы­ғында АҚШ-та жұ­мыс сапарымен болса, 2010 жыл­дың 2-5 ақпаны аралығында тағы да ресми сапар жасаған еді. Қа­нат Бекмырзаұлы бұл сапарының да мақсаты – жыл басында екі ел арасындағы алда тұр­ған маңызды іс-шараларды анық­­­тап, оларды жүзеге асыру мәсе­лелерін нақты пысықтап, белгілеп алу. Сапардың алғашқы күні Қа­нат Саудабаев АҚШ-тың бұрын­ғы Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэллмен кездесті. Содан кейін АҚШ-тың белгілі мемлекет қай­рат­керлері, сұңғыла да беделді саясаткерлері Збигнев Бжезинский және Брент Скоукрофтпен кездесулер өткізді. Кездесулер ба­ры­сын­да АҚШ мемлекетінің қа­йрат­керлері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалығына аса жоғары баға беріп, 11 жыл үзілістен кейін бұл мәртебелі ұйымның саммитін өткізудегі Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі мен ха­лықаралық саясат сахнасын­да­ғы биік беделін атап көрсетті. Астана Декларациясының қабыл­дануы Қазақстанның дүние жүзіндегі беделін бұрынғыдан арттырып, бұл елдің әлемдік кеңістіктегі жақтас­тарының қатарын еселей түсті. Қа­зақстан енді халықаралық ау­қым­да келелі мәселелерді шешетін тұғыр­лы ел ретінде танылды, бұл Қазақ елінің, оның білікті де беделді бас­шысы Нұрсұлтан На­зарбаев­тың тамаша жеңісі, деді аме­рикалық саясаткерлер бірауыздан. Қанат Саудабаев екіжақты кез­десулер барысында АҚШ мем­лекетінің беделді саясаткерлерін еліміздің соңғы уақытта қол жеткізген саяси-экономикалық жетістіктерімен жан-жақты таныстыр­ды. Ол жаһандық қаржы дағдары­сының қиындықтарына қарамас­тан, 2009 жылы еліміз ІЖӨ-нің өсімін 2 пайызға жеткізіп, белгіленген барлық әлеуметтік бағдар­ламарды сақтап қалғанын, ал 2010 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің өсімі 7,5 пайызды құ­ра­ғанын атап көрсетті. Ұлттық қор 19 млрд. долларға артып, биылғы жылы 54 млрд. долларды құрап отырғандығын жеткізді. Содан кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның сыртқы саясат са­ла­сында ұстанып отырған бағыт­тары мен қол жеткізген табыс­тары­на тоқталды. Тараптар Қазақ­стан мен АҚШ мемлекеттері ара­сында орныққан стратегиялық әріптестік қатынастарды тілге тиек етіп, екі ел арасындағы осы игі ынтымақтастық байланысты одан әрі нығайту қажеттігін ерекше атап көрсетті. Кездесуге қатысу­шылар Қазақстан Республикасы­ның биылғы жылғы Ислам Кон­ференциясы Ұйымы төрағалы­ғының да жемісті болатынына сенім білдіріп, өз кезегінде бұл ха­лықаралық ірі ұйымға Қазақстан төрағалығының әлемдік тұрақты­лық пен бейбітшілікті нығайтуға қосылатын игілікті үлес екенін атап айтты. Америка Құрама Штаттарына сапары барысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы елдің әлем­ге әйгілі «Шеврон», «КонокоФиллипс» компанияларының бас­шы­ларымен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен екіжақты кездесулер өткі­зеді деп күтілуде.