ХХI ғасырда жер шарындағы адамдар саны көбеюіне байланысты өзекті мәселенің бірі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл орайда, ауылшаруашылық дақылдары мен мал шаруашылығы өнімділігін көтеру мақсаты тұр. Осы күрделі сұрақтарды шешудің басты жолы өсімдіктердің жаңа сорттары мен будандарын, мал шаруашылығында асыл тұқымдарды шығару болып табылады. Қазақстанда селекциямен айналысып жүрген ғалымдардың ішінде академик Мейірман Ғалиолла Төлендіұлының малазықтық және майлы дақылдардың жаңа сорттары мен будандарын шығаруда, олардың тұқым шаруашылығын жолға қоюда және еліміздің аймақтарына таратуындағы еңбегі өте зор.
Ғ.Мейірман – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мал азықтық және майлы дақылдардың селекция, генетика, тұқым шаруашылығы бағытындағы кешенді бөлімнің меңгерушісі, өзіміздің елде де, алыс және жақын шетелдерде де ғылыми ортада, селекционер-генетик ретінде, селекциялық генетика ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым ретінде танымал.
Ғ.Мейірман 1946 жылы 17 мамырда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Фрунзе атындағы ауылда дүниеге келеді. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түсіп, 1969 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады.
Академиктің ғылыми қызметі 1969-1971 жж. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтында басталған. Ол институттың тұқым шаруашылығы бөлімінің бастығы болды, 1972-1973 жж. аспирантурада оқыды, ал 1974 жылы селекция және тұқым шаруашылығы бөлімінің ассистенті болып қызмет атқарды. 1974 жылдан бастап ол Қазақ жайылымдық және шабындық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (кейінірек Қазақ жемшөп өндірісі және жайылымы ҒЗИ болып қайта құрылды) кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бұршақ шөптер селекциясы бөлімінің меңгерушісі, бас директордың орынбасары – малазықтық дақылдар бойынша селекциялық орталықтың жетекшісі болып қызмет істеді.
1991 жылы Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясында бастапқыда ғылыми-ұйымдастыру кеңесінің төрағасының бас ғылыми хатшысының орынбасары, содан кейін өсімдік шаруашылығы селекциясы малазықтық өндірісі және жайылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы болып еңбек етті. 1993-2000 жж. Арал агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2000-2002 жж. В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2002-2004 жж. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өсімдік шаруашылығының селекциясы және биотехнологиясы кафедрасында профессоры болып қызмет атқарды.
2005 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Ғ.Мейірман Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында малазықтық және майлы дақылдар бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етуде. Ғалымның адал қызметі мен ерен еңбегінің арқасында қазіргі таңда селекция, генетика, физиология, иммунитет, биохимия, цитология және дәнді, дәнді бұршақ, жарма, малазықтық дақылдарды будандастыру жұмыстары жақсы жалғасып келеді.
Биология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алу үшін «Генетика» мамандығы бойынша 1974 жылы диссертация қорғады. Көпжылдық зерттеулердің бастауы, көптеген жаңа сорттар шығару мен ауыл шаруашылығы ғылымының докторы дәрежесін алу мақсатында 1990 жылы «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша Новосібір мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында диссертациясын сәтті қорғады. 1992 жылы Қазақ ауылшаруашылық академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды, кейіннен Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі мен «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің академигі болды. 1995 жылы агрономия профессоры ғылыми атағы берілді. Республика бойынша барлық малазықтық және майлы дақылдар шаруашылығы жұмыстарын басқарады. Өсімдік шаруашылығы, селекция, малазықтық дақылдар, егіншілік шаруашылығы саласындағы мәселелердің шешімін тауып отырды.
Селекция, генетика, физиология, малазықтық және майлы дақылдар, өсімдік шаруашылығындағы ерен еңбегі үшін академик Ғ.Мейірман Қазақ КСР-нің Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің құрмет грамоталарымен, Ұлттық аграрлық зерттеулер орталығының құрмет грамоталарымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Еңбек даңқы» медалімен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Селекция саласындағы зор еңбектері үшін 1-орынды марапатқа және академиктер В.Н.Ремесло, А.И.Бараев, И.Синягин атындағы лауреат атағы берілді.
Қазіргі таңда Ғ.Мейірман Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қолданбалы ғылыми-зерттеулер атты 212-ші бағдарламасы аясында «Генетикалық әралуандықтарды және тиімді тәсілдерді пайдалану негізінде өсірудің әртүрлі шарттарына бейімделінген малазықтық шөптердің жоғары өнімді жаңа сорттарын шығару» ғылыми-техникалық бағдарламасының ғылыми жетекшісі және негізгі атқарушысы болып табылады. Бұл жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Білім және ғылым министрлігінің 12 ғылыми-зерттеу ұйымдары, тәжірибе-өндірістік шаруашылықтары және жоғары оқу орындары қоса атқаруда.
Бұдан өзге ол Білім және ғылым министрлігінің 055-ші бағдарламасы аясында екі гранттық жобаның жетекшісі болып табылады. Бұл жобалар ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, жалпы алғанда елдің ауылшаруашылық қауіпсіздігін шешуге бағытталып отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Ғ.Мейірман басқарып отырған ғылыми бөлімде жоңышқа, түйежоңышқа, рапс, мақсары, т.б. дақылдардың селекциясын, малазықтық және тұқым шаруашылығына зерттеулер жүргізілуде.
Академиктің қазіргі таңдағы алға қойған міндеті – Солтүстік, Шығыc және Батыс Қазақстан өңірлерінде өндіріске жарамды майлы дақылдардың cуыққа, қысқа төзімді сорттары мен малазықтық дақылдарды зерттеу. Бұл зерттеулердің ерекшелігі өнімділіктің жүйелі тәсілін, экологиялық төзімді және агроэкологиялық тұрақтылықты, селекция мен өсімдік шаруашылығында агроландшафттардың мүмкіндігі мен стратегиялық үйлесімділігін құру болып табылады. Ғ.Мейірманның басқарyымен әріптестері және тәлімгерлері бірлесіп әрбір топтағы сорттық технологияны дамытуда.
Жарты ғасырлық ғылыми еңбегінде академик Ғ.Мейірман негізгі биологиялық жүйе қалыптастырды және көптеген агроэкотиптерде майлы дақылдардың әртүрлі сорттарын дамытты. Генетика, физиология, биохимия, экология, биотехнология ғылымдарын негізге ала отырып, майлы дақылдар сорттарының моделі, принциптері, критерийлері енгізілді. Негізгі ғылыми жұмыстары теориялық және әдістемелік мәселелерді шешуде майлы дақылдардың түраралық және түрішілік генетикасын, ауруға және климаттық факторларға төзімділігін, генетиканың сандық қасиеттерін, cуыққа-қысқа төзімді, табиғи және жасанды сұрыптар мен селекцияның принциптерін пайдаланды. Майлы дақылдардың жоғары өнімді сорттарынан морфофизиологиялық және фотохимиялық маркерлерді пайдалану арқылы сынақтар жасады.
Ғ.Мейірман тәжірибелі педагог ретінде көп күш-жігерін білікті мамандар дайындауға жұмсауда. ҚазЕӨШҒЗИ-ның мәртебесін ғана емес, Қазақстанның селекция-генетикалық мектептерін өркендету үшін жұмыс атқаруда. Оның ғылыми жетекшілігімен 7 тәлімгері кандидаттық және 4-еуі докторлық ғылыми дәреже алды. Олармен бірге селекционерлер, генетиктер, биологтар мектебі ашылды, ол тек Қазақстан аумағында ғана емес, көптеген мемлекеттерде жалғасын табуда.
Академик Ғ.Мейірман ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға қомақты үлес қосып келеді, оның 140-тан асқан ғылыми еңбектері жарық көрді, оның ішінде, «Жоңышқа» монографиясы бар; 20-дан астам сорттың түрлерін шығарып, мемлекеттік сынауға жіберді.
Қазіргі уақытта Ғалиолла Төлендіұлы ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметін жалғастыруда. Селекция, генетика, биотехнология, тұқым шаруашылығы мен тұқымтану салалары бойынша ақыл-кеңес беріп, ақпаратпен қамтамасыз ету, сонымен қатар, республикалық және халықаралық жобаларға жетекшілік ету негізгі жұмыстарының бірі.
Академик Ғ.Мейірманның селекция, генетика және тұқым шаруашылығы салаларындағы зерттеулерді дамытуға қосқан ерен еңбегін тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми ортада аса құрметпен бағалайды.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
Мұхтар ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дәнді-бұршақ дақылдар бөлімінің меңгерушісі