Бүгінгі әлемдік деңгейде қалыптасқан экономикалық дағдарыс пен саяси қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастырудың және дамытудың жолдарын тынымсыз іздестіріп келеді. Ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, мұнай өңдеу саласындағы инновациялық бағыттармен қатар, ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнім көлемінің 3 пайызына дейін ұлғайтудың белгіленуіне қарап-ақ, бұл салаға мемлекеттік тұрғыда зор мән беріліп отырғанын аңғарамыз. Бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында Елбасы: «Біз бұл жолдағы барлық қиындықты жақсы білеміз және осы сынақтардан сүрінбей өтіп, экономиканың даму қарқынын бәсеңдетпеуге тырысамыз», – деп атап көрсеткен болатын. Кез келген озық мемлекет өзінің саяси және экономикалық тәуелсіздігін, дамуының өркениеттілік деңгейін білім жүйесін жетілдіру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асыратыны сөзсіз. Өйткені, осы салалар арқылы зияткерлік әлеует қалыптасады.
Ал ғылыми қамтымды экономика құру, ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру деген сөз. Бұл бағыт бойынша алда венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен жаңашылдықты қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнамалық құжаттар әзірленіп, оны айналымға енгізу секілді міндеттер тұр. 63-қадамда атап көрсетілгендей, ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде инновациялық кластерлер бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, оларды коммерцияландыруға қызмет етеді. Ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қажеттілігіне орай қайта бағытталады (64-қадам).
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өңірдегі іргелі білім ошағы ретінде қоғамның қажетті салаларын әлемдік стандарттарға сәйкес келетін инновациялық технологиялармен, білікті мамандармен жан-жақты қамтып келеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының заманауи нәтижелері өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктеріне енгізілуде. Елбасы тапсырмаларын және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді орындауды ұйымдастыру бағытындағы ізденістер де қыруар.
Мәселен, университеттің ғылыми және ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларын өңірлік түрлі құрылымдармен байланыстыру үшін ғылыми-технологиялық парк құрылды. Оның қызметінің негізгі ұстанымында зерттеу жұмыстарын кешенді жүргізу, теориялық білімді өндіріспен байланыстыру мәселелері бірінші кезекте ескеріледі. Біздің өңір табиғи-географиялық жағынан алғанда экологиялық таза өнімдерге бай және оларды өндірістік қажеттіліктер мен адамзат тіршілігіне пайдаланудың мүмкіндіктері мол. Ғылыми-инновациялық үдерістің маңызды көрсеткіші ғылыми-зерттеу жұмыстарының тәжірибелік қолданбалылығы, қазіргі тілмен айтқанда, коммерцияландыру екені белгілі.
Осыған орай, ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерін өндірісте қолдану және пайдалану мақсатында университет тарапынан арнайы шаралар жасалып, коммерцияландыру орталығы ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Мысалды алыстан іздемей-ақ, айналамызды қоршаған ақ қайыңды ормандардың зор пайдалылығына тоқталайық. Университет ғалымдары М.Лежнева мен А.Дюрягина табиғаттың дайын күйіндегі өнімін жан-жақты зерттеу арқылы адам өміріне қажетті косметологиялық заттар мен қатерлі онкологиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмек шығару ісін өндіріске енгізді. Ақ қайың қабықтары қалдықтарына биологиялық белсенді қоспаларды қолдану және пайдалану арқылы бетулиннің жаңадан алынған өнімдері отандық медицина саласындағы жаңалықтардың бірі болып есептеледі. Ғылыми-зерттеу нәтижелері жоғары дәрежеде бағаланып, Ресей тарапынан да үлкен қызығушылық танытылып отыр.
Солтүстік Қазақстан өңірінің экономикасы ауыл шаруашылығына негізделгендіктен, бұл бағытта да ғылыми-зерттеу жұмыстары тиімді жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, «Тұқымды егілуге дейін белсенді сумен өңдеу» ғылыми жобасы бойынша Аққайың ауданына қарасты «Астраханское», Қызылжар ауданының «Березка-Агро» серіктестіктерінде бидай тұқымын белсенді сумен өңдеу арқылы арнайы тәжірибе жасалып, егілуге дейінгі өңделген тұқым өнімінің шығуына айтарлықтай әсер ететіні дәлелденді. «5 мың тонна сыйымдылығы бар автономды энергия көзін және сүрлемге арналған тәжірибелі нұсқадағы дәнсақтағыштағы дәнді дақылдарды сақтау және сұрыптау технологияларын құрастыру» ғылыми жобасы «Диқаншы» ЖШС-інде тәжірибеден өтуде.
Ғаламдық мәні зор мәселенің бірі – энергетиканың қарқынды дамуы. Бұл– Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы. Басты мақсат – энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендету, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайту (51-қадам). «Жасыл экономиканың» тиімді жолдарын іздестіруді мақсат тұтқан ғалымдарымыз «Энергияны үнемдеуші қатты жанар-жағармайлық қазан және қазандық» ғылыми жобасын «Болашақ энергиясы» көрмесіне ұсынып, республикалық онлайн «ЭКСПО-2017» конкурсының қорытындысы шеңберінде «ТОП-50» жобаларының қатарына енді.
Аймақтану мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қызылжар жері өзіндік ерекшеліктерге толы, тарихы мен мәдени құндылықтары бай. Бұл саладағы «Қазақстан тарихын зерттеу», «Этномәдени зерттеулер», «Археология» ғылыми орталықтарының ізденістері атап өтуге тұрарлық. Отан тарихының өзекті мәселелері мен аймақтың көне мұрасын жұртшылыққа танымал ету мақсатында белгілі ғалым З.Тайшыбайдың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің бірі «Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» атты монографиясы жарық көрді. Өмірінің негізгі бөлігін өлкенің көне құндылықтарын зерттеуге арнаған археолог А.Плешаковтың жетекшілігімен «Заман таспасы» жобасы айналымға енді. Облыстың құрылуының 80 жылдығы қарсаңында өлкенің тарихын терең зерделеу үшін Қазақстан тарихын зерттеу ғылыми орталығы тың тақырыптарға қалам тартып, «Солтүстік Қазақстан облысының қалыптасу және даму тарихы», «Петропавл қаласының тарихы» атты магистрлік диссертациялар дайындалды. Бұл еңбектер хронологиялық жағынан одан әрі жалғастырылып, саяси, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, картографиялық салалар аясында ғылыми-зерттеу институтын құру көзделіп отыр.
Университет ғалымдарының ғылыми еңбектері ISI Web of Knowledge (компания Thomson Reuters), Science Direct, SCOPUS және тағы басқа шетелдік басылымдарда жарияланып жүр. Жоғары оқу орнындағы жаңалықтардың бірі – жекелеген ғалымдарды және шағын ұжымдық топтарды гранттық қаржыландыру жүйесіне бейімдеу, ұмтылдыру. Бүгінгі таңда ғылым және білім саласында кірігудің инновациялық түрлерін енгізу ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелі болуына ықпал ететінін ескерсек, білікті де білімді, кәсіби шеберлігі жоғары мамандар әзірлеу алдыңғы орынға шығары анық. Ол үшін, біріншіден, қазіргі білім және технология жетістіктерін жете меңгерген оқу үдерісінде ғылыми-зерттеулерге тікелей қатысты тәжірибелі және ғылыми-техникалық кадрлар даярлау және білім сапасын жетілдіру қажет.
Екіншіден, бюджеттік қаржыны жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің кадр әлеуетін, ақпараттық және материалдық-техникалық ресурстарын іргелі және қолданбалы зерттеулерге жұмылдыру керек. Үшіншіден, экономиканың кәсіпкерлік саласымен белсенді байланыс орнату арқылы ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру және экономикаға ендіру де – уақыт талабы.
Ғылымның дамуы мемлекеттің өсіп-өркендеуі деген ұлағатты қағиданы жадымызға тоқысақ, озық 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі мақсатымыздың орындалуына еш күмән болмайды.
Ақмарал ИБРАЕВА,
тарих ғылымдарының
докторы
Солтүстік Қазақстан облысы