Президент Н.Назарбаевтың Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру алдымен аталған еді. Осыған орай құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі қазір қызу жұмыс үстінде. Осы ведомствоның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беруді министр Талғат ДОНАҚОВТАН өтінген едік.
– Талғат Советбекұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында мемлекетті кәсібилендіру бағытындағы ең бірінші реформа мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру екенін атап көрсетті. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылып, бұрын көбінесе тек айыптау бағытын ғана ұстанған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орнына Ұлттық бюро қалыптастырылып, ол министрлік қарамағына енгізілді. Содан бері де біршама уақыт өтті. Осы аралықта қандай шаруалар атқарылды?
– Өзіңіз атап өткендей, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды Елбасы өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында 100 қадамның ішінде ең бірінші реформа етіп белгіледі. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігіне аса зор мән беріліп отырғанын аңғартады. Біздің ведомство да ең алдымен, осы міндеттерді орындау үшін құрылғаны белгілі.
Не атқарылды дегенге келсек, біріншіден, барлық ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. Министрліктің басым міндеттері Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделін іске асыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу болып табылады. Министрліктің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы құрылып, оған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, ашу және тергеу жөніндегі негізгі функциялар жүктелді. Бүгінгі таңда министрліктің құрылымы мен штаттық кестесі бекітіліп, ұйымдастырушылық іс-шаралары және қызметкерлерді тағайындау рәсімі аяқталып, министрліктің және Ұлттық бюроның жұмыс жоспарлары бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Яғни, барлық нормативтік-құқықтық база әзірленіп, бекітілді.
Екіншіден, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың талаптарына сай мемлекеттік қызметке тұрудың жаңа мансаптық моделін енгізіп, оны қолдануды ең алдымен өзімізден бастадық. Министрлік құрылғалы бері ведомствомызға жаңа қызметкерлер үш сатылы іріктеуден өтіп, қабылданды. Сонымен қатар, ведомство ішінде қызметі жоғарылаған мемлекеттік қызметшілердің барлығы жаңа мансаптық модель бойынша конкурстан өтіп, тағайындалды. Енді бұл қазір барлық мемлекеттік органдарда енгізіледі. Әрине, алдымызда тұрған міндет-мақсаттар зор. Оларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруға біздің ведомство қызметкерлері бар білімі мен білігін, тәжірибесін салады деп сеніммен айта аламын. Демек, алда әлі талай міндеттер күтіп тұр. Ол туралы да жұртшылықты мына сіздер арқылы, БАҚ арқылы құлағдар етіп отырамыз.
– Мемлекеттік қызметті реформалаудың негізгі мақсаты – кадрлардың кәсіби дайындығының ең жоғары деңгейіне жетуімен қатар, қоғамға қожайындық етуден қызметшілік жасауға көшуін қамтамасыз ету екендігін Елбасы көптен бері айтып келеді. Осы бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізілді дей аласыз?
– Біздің қол жеткізген жетістіктеріміз, ең алдымен, барлық атқарылатын шаралардың заңнамалық қамтамасыз етілуі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделі тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесінің маңызды факторлары тиімділік, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есептілік қағидаттары, халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Осы қағидаттарды бекіту үшін заңнамалық база құрылуы тиіс еді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітілді. Осы кодекс қожайындық етуден гөрі қызметшілік етуді маңызды міндет етіп алға қойып отыр.
Бұл құжатқа сәйкес мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етуге септеседі деген үмітіміз бар. Неге десеңіз, мемлекеттік қызметкер де осы қоғамның мүшесі ғой. Олар да Қазақстан халқының өкілі, сондықтан өз қызметіне адал болғаны ең алдымен өзіне тиімді.
Әдеп кодексінен бөлек, мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу мақсатында «Мемлекет көрсететін қызметтер туралы» Заң қабылданды. Осы заңда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласы толығымен реттеледі. Яғни, осы қызметтердің түрлері, оларды көрсету мерзімдері және басқа да барлық қатынастар қамтылған. Бұдан бөлек, мемлекеттің халық алдында есеп беруін арттыру мақсатында «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң қабылданды. Осы заң ақпаратты еркін алу жөніндегі халықтың құқығын іске асыруды қамтамасыз етеді. Мұны да мемлекеттік аппараттың ашықтығын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға үлкен сеп болатын құжат деп санаймыз.
Ұлт Жоспарының 6-қадамына сәйкес бірінші басшыларға еңбекақыны төлеу үшін арнаулы индикаторлардың бірі – мемлекеттік қызмет сапасын, өмір сапасын арттыру. Яғни, мемлекеттік органды басқаратын басшы ең алдымен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүдделі болады. Демек, осы бағытта бар білімі мен тәжірибесін жұмсайды. Біздің пайымдауымызша, осы шаралардың бәрі қоғамға есептілік қағидаттары мен халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Және бүгінгі таңда олар өз жемісін бере бастады.
– «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 3-бабының төртінші тармағында мемлекеттік қызметшілер ескеретін басты принциптер қатарына азаматтарымыздың құқықтары мен олардың заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымды екендігі айтылған. Іс жүзінде осы талап сақталмайтынын көзбен көріп жүрміз. Басқасын айтпағанда, табиғат апатынан зардап шеккен азаматтарымыз заңды тұрғыдан тиесілі өтемақысын толық көлемде ала алмай, мемлекеттік қызметшілердің есігін тоздырады. Басқа да осыған ұқсас жайттар жеткілікті. Осындай істердің кесірінен азаматтарымыздың мемлекетке деген сенімі де азаяды емес пе? Мемлекеттік қызметшілердің осындай істеріне қарсы қандай әрекеттер жасалады?
– Әрине, ондай жекелеген жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, олар бұқаралық сипатқа ие деп айтуға болмайтын шығар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғам алдында мемлекеттік қызметшінің бейнесі мен мемлекеттік басқару органының абыройы қызметшінің кәсібилігі мен мінсіз әдеп тәрбиесіне қарап анықталады. Осы себептен Ұлт Жоспарының 12-қадамы ретінде мемлекеттік қызмет саласында жаңа Әдеп ережесін енгізу қажеттілігі туындады. Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында қызметтік әдепке қатысты ереже айтарлықтай күшейді. Аталған заңға мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар туралы түсініктеме енгізілді. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған жағдайда, оған тәртіптік шараның мемлекеттік қызметтен шығару түріндегі және мемлекеттік қызметке қайта қабылдамау түріндегі тәртіптік шарасы қолданылатын болады.
Жоғарыда аталған Әдеп кодексінің мазмұнды бөлігі мемлекеттік қызметті алып жүру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деген ұстанымға негізделген. Мемлекеттік қызметшілердің ең негізгі міндеті –халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, олардың көңілінен шығу. Сол себепті, мемлекеттік қызметші әрқашан мемлекет көрсететін қызмет сапасын жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдап отыруы тиіс.
Қабылданған Әдеп кодексінің нәтижелілігін көтеру мақсатында тиісті мониторинг пен бақылау жүргізіліп тұратын болады. Осыған орай, Қазақстанда бірінші рет Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Жаңа қабылданған заңнамаға сәйкес, Әдеп саласындағы бақылаудың институттық негізі өзгеріп тұрады. Әдеп бұзушылықтардың профилактикасы бұрын жұмыс жасап келген Тәртіптік кеңестің орнына әр ауданда құрылған Әдеп жөніндегі кеңеске жүктелді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, халықпен сенім білдірілген және кәсіби тәжірибесі мол өзге де тұлғалар кіреді.
– Заңда мемлекеттік қызметтің тағы бір басты қағидаты ретінде жалпы қолжетiмдiлiк, яғни өз қабiлеттерi мен кәсіби даярлығына сәйкес азаматтарымыз мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуда тең құқылы екендігі айтылған. Алайда, осы қағидаттың жиі бұзылатыны, яғни лауазымға лайықты еместілердің «өсіп» жататын жағдайлары кездесетіні жасырын емес. Субъективизмге ұшыраған қызметкерлер өз құқығын қалай қорғауы керек? Министрлікте ондайлардың құқы бұзылмауын қадағалайтын арнайы қызмет бар ма?
– Бұл бағытта да біршама істер атқарылып жатыр. Соңғы кездері мұндай жағдайлар орын алғаны туралы ақпарат бізге келіп түскен жоқ. Бұған заңнаманың өзгеруі үлкен себеп болды деп санаймыз.
Мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделін енгізу арқылы мемлекеттік лауазымға ауысу тәртібімен тағайындау тәжірибесі тоқтатылып, қазір бос мемлекеттік лауазымға орналасу конкурс арқылы өтуде. Кандидаттарды іріктеу барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін байқаушы мен сарапшылар институты қолданылады. Осылайша, 2016 жылы өткізілген төрт конкурстың үшеуі байқаушы немесе сарапшылардың қатысуымен өтті. Сонымен қатар, конкурстық комиссияның кандидатпен әңгімелесуі барысында және қорытынды отырысына уәкілетті органның өкілдері, яғни министрліктің немесе оның аумақтық құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатыса алады.
Біздің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №12 бұйрығымызбен бекітілген мемлекеттік лауазымдарға біліктілік талаптарына сәйкес жоғары лауазымдарға тағайындалу үшін төменгі санатта өткерген қызмет өтілі талап етіледі. Осы шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтауға және субъективизмге жол бермеуге бағытталған. Ал ереже талаптарының сақталғанына күмәні бар кандидаттар министрлікке немесе оның аумақтық бөлімшесіне, болмаса сотқа шағымдана алады.
– Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік қорғалуы бағытында жаңадан енгізілген шаралар бар ма? Бар болса, қандай?
– Әрине, мемлекеттік қызметшіге жоғары талап қойылса, оның әлеуметтік қорғалуы да тиісті деңгейде болуы шарт деп санаймыз. Олардың барлығы заңда қарастырылған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңмен мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері күшейтілді. Мәселен, заң жұмыс орнында уақытша болмаған қызметшінің міндетін атқару үшін қосымша төлемдер, қызметке қайта орналастырылған тұлғалардың ішкі конкурсқа қатысу мүмкіндігі, ақталған қызметшілерге келтірілген зиянды өтеу мәселелерін айқындайды.
Басшылар ауысу барысында мемлекеттік әкімшілік қызметтің тұрақты жұмысына әсер етпеу мақсатында заң саяси мемлекеттік қызметшілер мен жауапты хатшылар, аппарат басшылары арасындағы өкілеттіктерді межеледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген қызметшілердің бейімделуі мақсатында, оларға сынақ мерзімі үш айды құрайды. Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі тағы үш айға ұзартылады. Мемлекеттік қызметшіні сынақ мерзімінің нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен келiсу бойынша ғана жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғау және қалпына келтіру әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функцияларының бірі болып табылады. Аталған шаралар мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын одан сайын арттырады деп айтуға негіз бар.
– Жасыратыны жоқ, қазір мемлекеттік қызметшілер түрлі арандатуларға да тап болып жатады. Мысалы, есепшотына өзі білмейтін ақша түсіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ, жүргізушісінен немесе басқа да бағыныстағы адамынан қаражат беріп жіберіп, артынан оны пара алды деп ұстатып жатқан да жағдайлар белгілі. Келісімсіз «пара» сияқты болған мұндай жағдайлардан ол өзін өзі қалай ақтауы керек?
– Заңда барлық мәселе тиянақты айқындалған. Атап айтсақ, заңмен белгіленген тәртіп бойынша, мемлекеттік қызметшілерге қатысты арандатушылық сипаттағы фактілер анықталған кезде, олар бұл туралы дереу тікелей басшысына хабарлауы керек. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50-бабына (Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар) сәйкес мемлекеттiк қызметшінің шотына иесі білмей келiп түскен ақша анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiмде мемлекеттік кіріс органына түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады.
Құқық қорғау органы қызметкерінің іс-әрекеттерінде теріс қылық құрамы анықталған кезде, ішкі қауіпсіздік бөлімшесі теріс қылық туралы мәліметтерді тексеру, оны жасаудың мән-жайларын толық, жан-жақты және әділ анықтау мақсатында қызметтік тергеу жүргізеді. Мемлекеттік қызметшіге қатысты арандатушылық сипаттағы фактілердің орын алуы оны жауапкершіліктен (тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық) босатады, ол үшін істің мән-жайлары жан-жақты әрі объективті тексеріледі. Әрине, ары таза, қолы таза мемлекеттік қызметші еш уақытта да қудаланбайды.
– Мемлекеттік қызметшінің заңсыз шешімінің кесірінен қызметінен қуылған бағыныстағы мемлекеттік қызметші бірнеше айдан кейін сот шешімімен орнына қайта оралса, жұмысын тастауға мәжбүр болған айлары үшін өтемақы ала ма? Бұл өтемақы айыптының есебінен өндіріле ме, әлде бюджет есебінен төлене ме?
– Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 297-бабы 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік органның, жергілікті өзін өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қабылдаған заңсыз шешімінің, жасаған заңсыз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген зиянды өтеу талап қою ісін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл ретте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 62-бабында мемлекеттік қызметшілер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтірілген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттік органның есебінен толық көлемде өтелуге тиістігі көрсетілген.
– Мемлекеттік қызметшілердің мемлекетшілдігін арттыру бағытында қандай шаралар жасалады?
– Мемлекетшілдік, патриотизм халыққа қызмет етумен тығыз байланысты. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет қазақстандық патриотизм қағидатына негізделеді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отанын өркендету ісіне барлық күш-жігері мен білімін жұмсауға, елдің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқына адал да білікті қызмет етуге ант береді. Сонымен қатар, заңға сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерiнің бірі азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.
– Елбасы Н.Назарбаев өзінің аталған мақаласында аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылып, ол жүйе 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі деген еді. Бұл қаражат бюджеттің қандай шығыстарында қарастырылатын болады?
– Ұлт Жоспарының 5-қадамына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жалақысы қызметінің нәтижесіне байланысты өсіріледі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.
Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігімен мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлық ақыларына үстемақылар белгілеу қағидалары мен шарттары әзірленуде. Қаржыландыру мәселелері осы қағидалар мен шарттарды әзірлеу барысында пысықталатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»