18 Мамыр, 2016

Елімізде сүт өндірісі қайтсе артады?

1109 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
молокоОтандастарымыздың күн­делік­ті тұтынатын басты азық-түлік тауарларының бірі – сүт. Сүтсіз кез келген дастарқанның нәрі жұтаң тартады. Сүтсіз ішілген шай тамағыңыз бен таңдайыңызды қырнайды. Рас, бүгінде еліміздегі супермаркеттер мен үлкенді-кішілі азық-түлік дүкен­дерінің сөрелерінде пакет­теліп және қал­бырланып өңделген сүттің сан-алуан түрлері сықасып толып тұр. Бұлардың сақталу мерзімінің ұзақтығы оған консерванттар мен құрғақ жасанды ұнтақтар және соя өсімдігі араласпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Халқымыздың арасында қала­дан шығып, қайраткер болғандар саусақпен санап аларлықтай. Ағайындарымыздың дені ауылда дүниеге келіп, малдың иісін, қи­дың иісін және сүттің иісін сезі­ніп өскендер екені кәміл. Содан білетініміз, жаңа сауылған сүт жаз күндері 3-4 сағаттың ішінде іріп, ашып, бұзылып кетпейтін бе еді? Міне, табиғи таза сүт деп осыны айтыңыз. Ал осы күні ел рыногына Белоруссиядан және Ресейден келген сүт өнімдері жылдар бойы бұзылмай тұра береді. Бұған таң қалмай көріңіз. Дегенмен, Орал қаласындағы «Береке» ЖШС-ында өндірілген қатық, майлы айран, сүт, кілегей секілді өнімдердің сақталу мерзіміне небәрі үш тәулік кепіл­дік берілетіні әжептәуір сенім­ділік туғызады. Мұндай өте қысқа уақытқа жарамды сүт өнім­дері өте сирек кездеседі. Соны­мен бүгінгі күні қандай сүт­ті ішіп, қандай сүтті тұтынып жүр­міз? Қай-қайсымыз да осы сауал төңірегінде ойланып көр­геніміз жөн секілді. Бұл үшін табиғи сүтті өндіру мен өңдеу ісіне қатысты мәселелерді Орал өңірі мысалында әрі қарай жал­ғастырғанды жөн көреміз. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқар­масынан алынған деректерге жүгінсек, мұнда жылына 226 мың тонна сүт өндірілетініне көз жеткіземіз. Өңірдегі тұрғындар санына шаққанда мұны аз деуге де, көп деуге де болмайды. Қалай дегенде де, Жайықта өңдеуге және тұтынуға жететіндей шикізат көз­дері жеткілікті деуге болады. Соған сай бүгінде аймақта сүт бел­деуін құру жөніндегі жұ­мыс­тар жүйелі түрде қолға алынғаны байқалады. Бұл істе, әсіресе, облыс орта­лығына таяу орналасқан Теректі, Зеленов, Тасқала аудандарында және кеншілер аумағы – Бөрлі­де әжептәуір қозғалыс бар екеніне де осы материалды газет­ке әзірлеу барысында көз жет­кізе түстік. Бұған осы өңір­лер­де құрылған тауарлы-сүт фер­малары толық айғақ. Істің алға жылжуына «Ырыс» бағдарламасы әжептәуір септігін тигізіпті. Оның несиелеу мерзімі жеті жылға есептелген. Бұл өнім өндірушілер үшін ыңғайлы мерзім болмақ. Бұған қоса 11 пайыздық жылдық жарнаның 7 пайызы арнайы бағдарлама бойынша субсидияланғаны да әжептәуір демеу. Биыл тағы да 6 тауарлы-сүт фермасын құру көзделген. Бұған жоғарыда аталған «Ырыс» бағдар­ламасы арқылы 360 миллион теңге бөлініпті. Белгіленген сома негізінен сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал сатып алуға бағыт­талған. Мұның сыртында 50-200 басқа арналған шағын және орташа сүт өнімдері кешендерін құруға бел буған тауар өндірушілер үшін инвестициялық субсидия төлеу тәртіптері белгіленген. Егер олардың жобалау-сметалық құжат­тары қабылданса, жалпы кететін шығынның елу пайызы инвестициялық төлемдер есебінен жабылады деді, газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков. Сүт белдеуін құру ісі Орал өңі­рінде осылайша негізінен сол­түстік өңірлерде ғана жандана бас­тағанын байқаймыз. Ал облыс­тың оңтүстік өңіріндегі сүт өндіру ісінің жай-күйі қандай деген сауал да еріксіз туындайды. Бұл жөнінде газетімізде бұған дейін жариялан­ған материалдарымыздың бірін­де Жаңақала ауданында ашыл­ған сүт және сүт өнімдерін өңдеу цехы жөнінде жазған бола­тынбыз. Ал қалған оңтүстік өңірлерде ше? Бұған ауыз толтырып айтатындай мысалдар табылмай отырғаны өкінішті-ақ. Ұлт Жоспарына сай белгіленген «100 нақты қадамның» ішіндегі 60-шы қадамда сүт және сүт өнім­дерін дамыту үшін ауылдарда кооперативтік өндірісті құру қажет­тілігі көрсетілген. Бұл бірін­шіден, республикамыздың шалғай аудандары мен өңірлері үшін тиімді де ыңғайлы тәсіл десек, шындықтан ауытқымаймыз. Талас жоқ, мал шаруашылығы өнімдері туралы әңгімені қозғағанда ет пен сүт қатар тұратыны, әрі қатар айтылатыны табиғи жайт. Екеуін бір-бірінен бөле-жара қарау да қиын-ақ. Солай бола тұрса да бүгінгі күні Ақжайықтың алыс аймақтарында ет өндіру кооперативтерінің қызметі алға озыңқырап кетіп, сүт өндіру жөніндегі кооперативтік өндіріс кенжелеп қалғандай көрінеді. Бұған ауыл тұрғындарынан тұратын жеке секторлар да атсалыса алатыны талас туғызбайды. Рас, бұл үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсыныстар айтылуда. Әйтсе де ұсыныс пен нақты істің арасы алшақ екенімен тағы да еріксіз келісуге тура келеді. Осы тұрғыда тағы бір қосарымыз ауылдарда сүт өндіру жөніндегі жеке және заңды тұлғалардың тұ­тынушылар кооперативтері құ­рыл­ған жағдайларда оның ие­леріне әрбір бас үшін 118 мың теңге демеуқаржы беріледі екен. Әрине, бұл әжептәуір көмек. Тек бұл арада асыл тұқымды мал саны 50 бастан асқан жағдайда ғана осындай мөлшердегі қолдау болатыны ескерілгені жөн. Яғни, кооперативтік құрылым жағдайында оның мүшелері ортақ мал есебінен мемлекеттің қаржылай қолдауына қол жеткізе алады. Сонымен қатар, кооператив арқылы ет-сүт өнімдерін әлекедей жалаңдаған делдалдарсыз тиімді бағамен өткізуге де жол ашық. Бұған қоса арзан бағамен әртүрлі қажетті тауарлар алуға да мүмкіндіктер туады. Ендігі кезекте әңгімемізді өнімдерді өңдеу мәселелеріне қарай бұрғымыз келеді. Бұл тұрғыда облыста «Береке», «Сары-Бел» және «Каверин» ЖШС-лар қызметі оң бағаланып жүр. Сонымен бірге, Бөрлі, Зеленов, Теректі және Бөкей Ордасы аудандарында сүт өнімдерін шығаратын шағын цехтар жұмыс істейді. Облыста аталған өңдеуші кәсіпорындарға сатып алынған сүттің әр литрі үшін 21 теңгеден демеуқаржы төлеу тәртібі орныққан. Бұл қаржылай көмек биылғы жылы да одан әрі жалғасатын көрінеді. Елімізде ауыл шаруашылығын өңдеу ісіне қаржылай көмегін тигізе алатын бағдарламалар баршылық. Соның бірі «Тереңдете қайта өңдеу бағдарламасы». Айталық өткен жылы аталған бағдарлама ауқымында жоғарыда аталған өңдеуші кәсіпорындарға сары май өндіргені үшін 6 миллион теңгеге жуық көлемде демеуқаржы беріліпті. Жергілікті тұрғындар сұранысына ие өнім өндіретін кәсіпорынның бірі – «Береке» тоқсаныншы жылдарға дейін бір ауысымда 150 тонна өнім өндірген екен. Ал қазір оның көлемі 20-30 тоннадан аспайды. Бұған өндірістік құрал-жабдықтардың ескіргені, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында құрылған ежелгі кәсіпорынға ұзақ жылдар­дан бері күрделі жөндеулер жүр­гізілмегені, жұмысшылар саны­ның қысқарғаны және шикізаттың тапшылығы әсер еткені анық көрінеді. Сондықтан ежелгі кәсіпорын басшылығы өз қаражаттары есебінен жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алыпты. Жоғарыда аталған күрделі жағдайларға қарамастан «Берекенің» барлық өндірістік желілері осы кезге дейін сақталып келгені де үлкен мерей. Бүгінде «Берекенің» экологиялық тұрғыдан таза, табиғи және сапалық қасиеті жоғары өнімдері тұтынушылар үшін тиімді бағамен сатылып жүр­гені де өз алдына бөлек бір әңгіме. Соны­мен бірге, «Каверин» ЖШС шығарған сүт өнімдері де осындай оң бағаға лайықты. «Береке» ЖШС-нің бас дирек­торы Қымбатбек Айдаров аталған кәсіпорынды ұзақ жылдар­дан бері басқарып келеді. Сүт өңдеу өнді­рісі жөнінде республикадағы таны­мал менеджерлердің бірі тәжірибе алмасу бағытында сүт өңдей­тін белоруссиялық әріп­тестерімен араласып, байланысып тұрады екен. Соңғы жылдары Орал мен Минскінің арасындағы барыс-келістер де жиілей түсіпті. Сол бір іскерлік тұрғыдағы сапарлардан ұққан-түйген жайттары мен дерек­терін ол кісі газет тілшісіне төмен­дегіше түйіндеді. Елбасы белгілеп берген «100 нақты қадамда» сүт және сүт өнімдерін дамытуға стратегиялық инвесторлар тарту қажеттілігі тек­тен-тек қойылып отырған жоқ. Ендеше, бұл жөнінде республика Үкіметі тың әрі жаңаша шаралар алғаны артық болмас еді. Мен бұл тұрғыда Үкімет тарапынан біраз бағдарламалар қабылданғанын жоққа шығара алмаймын. Деген­мен, қандай істің де көлемі мен сапасына және қадір-қасиетіне салыстырулар арқылы көз жеткізу керектігі рас болса, біздің бұл мәсе­леде атқаратын істеріміз бен алар асуларымыз әлі де аз емес. Мысалы, Ресейде сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға берілетін демеуқаржының көлемі 9 пайыз болса, бұл мөлшер Белоруссияда 18 пайыз көлемінде. Ал біз 3,8 пайызды қанағат тұтып отырмыз. Осыдан Біртұтас экономикалық кеңістіктегі елдердегі қаржылай қолдау қанша есе көп екенін өзіңіз есептей беріңіз. Міне, өндіріс басшысы осылай деп толғанады. Оның қолдауға тұратын тұстары да, әрі әлі де болса ой мен көз жүгіртетін иірімдері де бар екені белгілі. Сонымен бірге, сүт өнімдерін өңдеушілерге Беларусь үкіметі тарапынан жасалған жеңіл­діктер Қазақстанда да қолға алына бастағанын айтпай кету шындыққа қиянат. Соның басты бір мысалы «Ырыс» бағдарламасы арқылы тауарлы-сүт фермаларын құру үшін беріле бастаған несиелік қаржылай көмектер. Батыс Қазақстан облысы жағдайында биыл оның көлемі 360 миллион теңге екенін жоғарыда айтып кеттік. Еліміз қазіргі күні Ресеймен және Белоруссиямен Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық шеңберінде іс-қимыл танытуда. Бәсекелестікті көтере түсудің керек жері де, бірегей кеңістіктегі тауар өндірушілердің бір-бірінен үйрену қажеттілігі де осы арадан көрінеді. Бұл тұрғыда оралдық өндіріс жетекшісінің жанайқайына түсіністікпен қарай білгеніміз орынды болмақ. Сондай-ақ, Қ.Айдаров Белоруссияда ең соңғы үлгідегі жоғары технологиямен жаб­дықталған тауарлы-сүт фермаларын басқаруға конкурс жариялану үрдісі бар екенін де айтқан еді. Несі бар, бұл да үйренетіндей тәжірибе десек, бұдан кеміп кете қоймаспыз. Сөз соңында елімізде сүт өндіру мен өңдеу ісі әлемдік деңгей мен өркениетті стандарттардан қалып қоймауы керектігін айтқымыз келеді. Осы орайда әлемдегі басты компанияның бірі – LACTALIS деңгейіндегі озық өндірістік алаңдар құру қажеттілігі де айқын көрінеді. Бір сүйсінерлігі, биыл Орал өңірінде сүт және сүт өнімдерін өңдеу ісі бағытында республикада баламасы жоқ осындай үлкен жоба қолға алынып отыр. Оның радиусы 400-500 шақырым қашықтықтан шикізат өнімдерін тартуға әрі оны толықтай өңдеуге есептелген. Ұлт Жоспарының 60-шы қадамында көрсетілгендей, стратегиялық инвес­тор тартудың басты бір мысалы да осы д­есек, қателеспейтін шығармыз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы