Кеше Астанада «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттейтін ұйымдарға беруге арналған брифинг өтті. Оған «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жетекшісінің орынбасары Асқар Базарбаев, Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов, Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Мемлекетке тән емес және артық функцияларды қысқарту арқылы жинақы Үкімет құру мәселелері талқыланған басқосуда бірінші кезекте сөз алған Асқар Базарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 97-қадамын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.
«Ұлт Жоспарының 97-қадамын жүзеге асыру аясында 2015 жылғы 12 қарашада «Өзін өзі реттеу туралы» Заң, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне өзін өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданды. Аталған заңдарды жүзеге асыру мақсатында сәйкесінше, заңға тәуелді актілер қабылданды және өзін өзі реттейтін ұйымдар бойынша тәсілдерді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді А.Базарбаев.
Сонымен қатар, спикер Премьер-Министрдің өкімімен өзін өзі реттейтін ұйымдар мен бәсекелестік ортаға мемлекеттік органдардың функцияларын беру мәселелері бойынша ұсыныстарды жасау үшін арнайы комиссия құрылғанын, оның құрамына Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылығы, «Атамекен» ҰКП, «Қазақстан азаматтық Альянсы» ЗТБ енгенін жеткізді.
Одан әрі А.Базарбаев комиссия жанында өзін өзі реттейтін ұйымдар мен бәсекелестік ортаға мемлекеттік органдардың функцияларына инвентаризация жүргізуде мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру үшін сараптамалық топ жұмыс істейтінін, бұл ретте 2016 жылғы 29 сәуірде Ұлттық экономика министрлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін функциялардың инвентаризациясы бойынша бейнеконференция режімінде оқыту семинары өткенін атап өтті.
Жиында белгілі болғандай, қазіргі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс топтары өзін өзі реттейтін ұйымдар мен бәсекелестік ортаға беру мүмкіндігі бар функцияларға инвентаризация жүргізіп, сараптамалық топтың қарауына енгізбек.
Бұдан бөлек, спикер функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттейтін ұйымдарға берудің бірқатар тәсілдері бекітілгенін мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың функцияларын жіктей келіп, оларды тұрақты, уақытша және тән емес функциялар деп бөле отырып инвентаризация жүргізу, «Атамекен» ҰКП және «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ бірлесіп нарықтың қаншалықты дайын екендігіне талдау жасау, Ұлттық экономика министрлігінің сайтында бәсекелестік ортаны тарту үшін алдын ала тізбені жариялау, функциялардың базалық тізбесін анықтау және басқа да мәселелер басты назарда болады.
Өз кезегінде Серік Құсайынов мемлекеттік органдардың функцияларын аутсорсинг арқылы беру шешімі қабылданған жағдайда, функция «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның шеңберінде берілетінін, ал мемлекеттік тапсырыс арқылы шешім қабылданған жағдайда «Бюджет туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңдардың шеңберінде беру жоспарланып отырғанын, көрсетілетін қызметті алушылардың қаражаты және өзін өзі реттеу есебінен шешім қабылданған жағдайда, функция салалық заңнаманың шеңберінде ұсынылатынын жеткізді.
«Атамекен» ҰКП Нормативтік-құқықтық акілерді үйлестіру департаментінің сарапшысы Айжан Бижанова мемлекеттік орган қызметін бәсекелес ортаға беру ісі әбден пысықталып барып жүзеге асырылатынына тоқталды.
Жиынға қатысушылардың сөзіне қарағанда, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру мемлекеттік функцияларды қысқартуға, азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуына, өзін өзі реттеуді және жергілікті басқаруды реттеуді дамытуға, мемлекеттің шығысын төмендетуге және Үкіметті жинақы етуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Жиын барысында спикерлер аталған мәселеге байланысты шетелдік тәжірибелер тиянақты зерттеліп, зерделенгенін айтты. Олардың сөздеріне қарағанда, АҚШ-та Ақ үйдің әкімшілігі жыл сайын федералды ведомстволардың ұсынысы бойынша аутсорсинг арқылы бәсекелестік ортаға беруге болатын функциялардың тізбесін қалыптастыратын көрінеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»