28 Қаңтар, 2011

Электрондық қызмет көрсеткені үшін мемлекеттік органдар балл жинайтын болады

468 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметтерінің тиімділігін жыл сайын бағалау жүйесін бекітуімен олардың қызметтерінде жаңа «дәуір» басталды. Ағымдағы жыл­дан бастап мемлекеттік органдар тиімділігі алты бағыт бойынша бағаланатын болады, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдану мен мемлекеттік қызмет көрсету де бар. Жүйені іске қосу – уақыт талабы және мемлекеттік органдардың қызметін көтеруге бағытталған маңызды шара болып табылады. Мемлекет басшысының бұл шешімін іске асыруда Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік органдар қызметтерінің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірледі. Бұл әдістеменің мақсаты – ең алдымен тұ­ты­ну­шы­лар­ды қолжетімді және сапалы мемлекеттік қызмет­термен, оның ішінде электронды форматтағы түрімен қам­тамасыз ету. Ресми тұлғалардан басқа, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар­дан құрылған арнайы жұмыс тобы деректерді салыс­тыру жолымен барлық ақпарат көздерінен (мемлекеттік органнан, оның интернет-ресурсынан, Байланыс және ақпарат министрлігінің тексеріс қорытын­ды­сынан) алынған мәліметтерді сараптайды. Бағалау қоры­тындысы бойын­ша тиісті қорытынды жасалатын болады. Бағалау өлшемдері нақты және қатаң, ол барлық ма­ңызды аспектілерді: электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді енгізу және дамыту бойынша іс-ша­ралар жоспарының болуын, электрондық форматқа кө­ші­рілген мемлекеттік қызметтердің үлесін, мемлекеттік органдардың көрсететін электрондық қызмет­те­ріндегі пайдаланушылардың үлесін; электрондық қызметтер және электрондық қызметтерді алу проце­дурасы мен тәртібін түсіндіретін ақпараттармен пайда­ланушыларды хабарландыру жөніндегі медиа-жос­пар­дың болуын қамтиды. Әр бағалау өлшемі бойынша көрсеткіштер белгіленген, әр өлшем маңыздылығы ескеріле отырып 1-ден 4-ке дейінгі балл бойынша бағаланады. «Іс-шаралар жоспары және медиа-жоспар» көрсеткіштер бойынша бағаланса, «электрондық форматқа көшірілген мемлекеттік қызметтердің үлесі», «электрондық қызмет­те­ріндегі пайдаланушылардың үлесі» көрсеткіштеріне бағалаудың өте жоғары «шкаласы» қолданылады. Бұл осы көрсеткіштердің мемлекеттік қызметтерді авто­мат­тандыру үдерісінде мемлекеттік органдардың белсенділігін көрсетуімен түсіндіріледі. Бұның халыққа және бизнеске қызмет көрсету, олармен тікелей қарым-қатынасты қалыптастыру, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді қысқарту кезінде маңызы зор. Осылайша, электрондық форматқа өткізілген мемлекеттік қызметтер санын, сондай-ақ, осы қызметтерді алу үдерісі мен олардың тәртібін түсіндіруші ақпарат­тың барлығын мемлекеттік органдардың сайттары және порталы арқылы да бағалау мүмкіндігі пайда болады. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша кейбір мемлекеттік органдар пи­лоттық тексеруден өткізілген болатын. Мәселен сарап­шылар анықтағандай, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 10 қызмет түрін көрсетуде, оның 6-уы автоматтандырылған және оларға «электрондық үкімет» порталы арқылы қол жеткізуге болады. Алайда, Еңбек министрлігінде мемлекеттік қызметтерді дамыту бойынша іс-шаралар жоспары, медиа-жоспар, электрондық қызметтерді көрсету үде­ріс­тері мен олардың тәртібі туралы ақпарат әзірге жоқ. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi мемлекеттік қызметтер тізбесіне қызмет­тері қосылмағандықтан электрондық форматтағы қызметтерді көрсетпейді. Ал Ақмола облысы әкімді­гінде мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көрсету бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Бағалау қорытындылары мемлекеттік органдарда, әсіресе жергілікті атқарушы органдарда электрондық қызметтерді енгізу сылбыр жүргізіліп отырғандығын көрсетеді. Осыған орай, пилоттық жоба шеңберінде баға­ланған барлық мемлекеттік органдарға осы бағыт­тағы қызметтерін жандандыру бойынша ұсыныс­тар берілді. Алдымен, оларға халыққа және бизнеске көр­сетілетін қызметтерді және ішкі функцияларды авто­мат­тандыру үшін ақпараттық жүйелерді енгізу бо­йынша тиімді жұмыстарды жүргізу керек. Басқа да ұсынымдардың қатарында тұтынушы­ларды мемлекеттік қызметтерді электрондық тәсілмен алуға қатыстыру мақсатында электрондық мемлекеттік қызметтерді енгізу және оларды насихаттау бойынша жұмыстарды жандандыру жөніндегі егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспарын әзірлеу керектігі ұсынылды. Бүгінгі күнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қор­ғау министрлiгінде электрондық қызметтерді енгізу және дамыту бойынша іс-шаралар жоспары, медиа-жоспар, электрондық қызметтер көрсету регламенттері әзір­ленгенін атап өту керек. Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiмен де тиісті шаралар қабылданып, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік тізбеге қосу бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ, Ақмола облы­сы әкімдігі электрондық қызметтерді енгізу бо­йын­ша іс-шараларды аймақты дамыту бағдарла­ма­сына қосты. Ағымдағы жылда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бекіткен кестеге сәйкес, ақпан айынан бастап 42 орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың қатысуымен қанатқақты бағалау жалғасады. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау Қазақстанда электрондық қызметтердің одан әрі да­муына және оларды пайдалаушылар санының өсуіне мүмкіндік береді деп сенеміз. Сәкен СӘРСЕНОВ, Байланыс және ақпарат вице-министрі.