18 Мамыр, 2016

Өнерге қол созған бала көп, бірақ қолдаушы жоқ

581 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
акберен«Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнеріміздің ішінде айтыстың жолы да, жөні де бөлек. Айтыс – білімділікті, тап­қырлықты, жылдамдықты талап етеді. Міне, жыл сайын елі­мізде ұйымдастырылып жатқан «Ақберен» байқауының басты мақсаты талантты жастарды тауып, айтыс өнерін жаңғырта беру болатын. Осы уақыт ішінде алдыңғы толқынның ізін басатын жүздеген ұл мен қыз «Ақберенде» бақтарын сынап, сөз қадірін түсініп, қазақтың ұлы өнерін қайта жаңғыртуға бар күштерін салды. Бабалар жолын жалғауды ниет еткен бұл оқушылар бір ғана айтыс емес, сондай-ақ, ән мен би, терме, театр өнеріне талпыну, көркем сөз оқу жағынан да шеберліктерін сынады. Қалай айтсақ та, «Ақберен» байқауынан кейін қазақ өнеріне, айтыс және теа­тр әлеміне табынатын жастардың мол екенін байқадық. Биыл Білім және ғылым ми­нистрлігінің «Дарын» рес­пуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығы бұл байқауды Тараз мемлекеттік педагогикалық инс­титутының қолдауымен ұйым­дастырып, көне қала төрінде талай таланттың тұсауын кесті. Жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен ұлттық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті жете меңгеру мақсатында 8-11сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған бұл іс-шараға арнайы мектептерден, гимназия, лицей, жалпы білім беретін мектептерден бас-аяғы 100-ден астам оқушы 25 жетекшісімен қатысты. Халықтың қалт етпес қағидасын, елдіктің еңселі естелігін танытатын қазақ тілі емес пе?!. Содан болар, байқау көркемсөз оқудан басталды. Аталған бөлімде шығысқазақстандық Еркежан Се­рікжанова Шыңғыс Айтматовтың «Найман ана» шығармасынан, қызылордалық Гүлбаршын Аман­гелді «Жетімнің сағынышы» (авторы – Сәкен Ескелдинов) шы­ғармасынан үзіндіні тебірене оқып, ең жоғары ұпай алды. «Шешендік өнер және тапқырлық» аталымын­да Жамбыл облысының атынан Нұрболат Аманжолов сынға түсіп, 28 ұпайға қол жеткізді. Астаналық Ғалия Иманғалиева мен ақтөбелік Гүлбарам Шырақбай да қарсыластарынан басым түсті. «шығарма жазу» аталымы бо­йынша меркілік Көркемжан Қанат ең жоғары ұпайды еншіледі. Ал «Ұлттық аспапта ойнау» аталымында Байзақ ауданының оқушысы Қаракөз Халиеваға жиналған көпшілік дән риза болысты. Ол он саусағымен қобызды шебер сөйлетіп, күй өнерін жан-жүрегімен сезініп, терең меңгергенін танытты. «Ақындар мүшәйрасы» аталымы да көңілден шықты. Байзақтық оқушы Мағжан Әзімбаев ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арна­ған өлеңін мәнерлеп оқыды. Нәти­жесінде 29 ұпай еншілеп, негізгі қарсыласынан озық шықты. «Ақындар айтысы» аталымын көп­шіліктің асыға күткені рас. Астаналық Диас Төлепберген 7-сынып оқитынына қарамастан, оқушылардың республикалық айтысынан бас жүлде алып үл­геріпті. Ол осы жолы да жақсы қы­рынан көрінді. Солтүстік Қазақстан облысының үміті Дәу­лет Құрмашов екеуі әдемі айтыс жасады. Одан бөлек, Байзақ ауданының өкілі Ернұр Бейсенов пен атыраулық Мадияр Бөкентаев сөз қағыстырып, Ернұр 29 ұпаймен қарсыласынан басым түсті. Байқау жеңімпаздары «Дарын» РҒПО орталығының дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ, жарысқа қатысқан 18 командаға мемлекет және қоғам қайраткері М. Жолдасбековтің атынан ғалымның таңдамалы 7 томдығы мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. – Айтыс өнері – миллиондаған аудиториясы бар құдіретті қару. Қалай болғанда да, халықтың рухын оятуда, намысын қайрауда, ұятын шақыруда айтыстың алар орны ерекше. Айтыс – қазақ ұлтының иммунитеті секілді. Онда қаныңды қоздырып, еріксіз эмоцияға итер­мелейтін сәттер аз емес. Қандай өнердің болмасын шын иесі – халық. Халықпен санаспауға болмайды. Асыл өнерімізді арзандатып алмай, абыройын асырып, асқақтата беру ұрпақ парызы, – дейді Мырзатай Жолдасбеков. – Осы «Ақберен» байқауына қазылар алқасының мүшесі ретінде екі жылдан бері қатысу барысында ойға түйгенім, бұл үрдіс қазақ руханиятына жас ұрпақты тарту ісіндегі келелі жұмыс болғанын баса айтуды парыз санаймын. Радио мен теледидарды тыңдап, басылымдарды оқып отырғанда кейбір ала-құла сөздерді естігенде «Қазақ сөзінің қадірін кетіріп алып жүрген жоқпыз ба?» деген ойға бататыным анық. Сондай ол­қылықты болашақта болдырмау мәселесін мектептен бастасақ ұтылмас едік. Мысалы, «Ақберен» байқауында шешендік өнердің қыр-сырын біле отырып, сөз ұстаған айтулылардың даналық ойларын дәйекке келтіріп, өздері де ойларын ортаға салуы, оны көркемдеп жеткізуі, поэзия, проза, драмалық шығармалардан үзінділер оқып, домбыра мен қобызды, жетіген­ді төгілте орындаулары, ақын­дық тапқырлықтары – олардың күні ертең ұлт руханиятының тірегі боларын көрсеткендей, – дейді бұл жөнінде филология ғы­лымдарының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы. Міне, оқушыларды ақындық пен шешендік өнерге баулитын «Ақберен» республикалық байқауы ұлт руханиятына, өнеріне, мәдениетіне осындай қомақты үлес қосып жүр. Әйтсе де жыл өткен са­йын бұл байқаудың да тынысы тарылып, әрең-әрең ұйымдастырылып жүргенін жасыруға болмас. Бұ­ған, бәлкім, еліміздегі қаржы дағ­дарысын да кінәлауға болар. Бірақ ең басты кінә – байқауға деген жанашырлықтың жоқтығында сияқты. Жасөспірімдердің талантын танып, талабын ұштайтын бұл байқау Елордадағы «Да­рын» ғылыми-практикалық орта­лығының ұйымдастыруымен және Астанадағы Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының (директоры – Мырзатай Жолдасбеков) қолдауымен үш жылдан бері тұ­рақты түрде өткізіліп келеді. Ал, келесі жылы осынау байқауға қол­даушы табыла ма? «Ақберенді» қолдау – ұлтты қолдау, ұлттың өнерін, мәдениетін қолдау, жас өскінге ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүрімізді жаңғырту, қазақтың рухын көкке көтеру екенін ұғынатын басшылар бар ма? Әйтсе де ел ішін­де өнерді түсінетін, қадірлейтін, жаны ашитын меценат жандар мол ғой деген үмітіміз бар. Одан бөлек, соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы ұлт руханиятына, әсіресе, отаншылдыққа ұйытып, елдік іске жұмылдыратын айтыс өнеріне ерекше мән беруде. Осы әдемі байқауды партияның оң қанаты саналатын «Жас Отан» іліп әкетіп, сәтімен басталған сабақты жұмыс өңірлерде жалғасын тауып, тума таланттардың бағын ашып жатса, нұр үстіне нұр емес пе, ағайын. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы