Мына заманда жауабын күткен сауалдар қаншама? Жеке басқа маза бермейтін сауалдардың жөні басқа да, жалпыға ортақ сауалдардың жөні бөлек. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жетекшілігімен өткен сәрсенбі күнгі жалпы отырыста палата депутаттары соңғылардың санатына кіретін сауалдардың тиегін ағытып, Үкіметтің ауылына қарай аттандырды. «Үшбу сәлем жолдадым Үкіметке» деп, өздерінің депутаттық бірден-бір қызметтік тетігін пайдаланып, сайлаушылардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаевтың Үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалында Павлодар облысында онкологиялық диспансер мен емхана құрылысы туралы мәселе қозғалды.
Мәжіліс депутаты Павлодар облысы онкологиялық аурулар жағынан республикада алдыңғы орында екендігін айта келіп, аталған аурудың көбеюі өнеркәсіптік сектордың дамуымен, экологиялық проблемалармен байланысты екендігіне тоқталды. Оған қоса, облыстың үш ауданы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонымен шектеседі. 2015 жылы ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 297,7 адамнан келді. Облыстық онкологиялық диспансердің есебінде 2016 жылдың басында 10 112 науқас тіркелген. Жыл сайын облыс бойынша онкология ауруына шалдыққан 2000-нан астам науқас тіркеледі.
Облыстық онкологиялық диспансер бар болғаны 160 төсектен тұрса, 20 төсек күндізгі стационарға арналған. Яғни, «жаман аурудың» азабын тартқандарға төсек орны жетіспейді, тиесілі жағдай да жасалмаған.
Мәжіліс депутаты сауалының соңын «Онкологиялық ауруға шалдыққандардың көбеюіне байланысты қолданыстағы ғимараттардың жетімсіздігіне орай 200 төсекке арналған онкологиялық диспансер құрылысын бастау үшін 2017 жылға 800 миллион теңге қаржы бөлуді сұраймыз» деген бұйымтаймен қайырды.
Ал Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков өзінің депутаттық сауалында Премьер-Министр К.Мәсімовке желілік компанияларға қатысты коммунистердің аманатын жеткізді. Депутат соңғы кезде елімізде желілік компаниялардың қызметі, яғни желілік маркетингтің белең алып бара жатқандығына кеңінен тоқталды. «Желілік маркетинг тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құруға негізделген тауарлар мен қызметтерді жүзеге асыру тұжырымдамасы, яғни бұл да қаржылық пирамида іспетті. Оның құрбандығына көбінесе әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар ұшырайды», деді депутат.
Депутаттың пікірінше, желілік маркетинг тауарларының 90 пайызы елдің нарығына контрабандалық жолмен келіп, сол жолмен таратылады. Яғни, қазынаға салық түспейді. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың өрістеуіне жол ашады. Корея, ҚХР және АҚШ елдерінде желілік маркетингтің қызметіне заңдық тұрғыдан шектеулер қойылған. 2012 жылдан бастап Өзбекстанда желілік маркетинг заңсыз деп танылды.
«Біз, коммунистер желілік компаниялардың қызметіне Қазақстанда да заңдық тұрғыдан шектеу қою керек деп санаймыз. Аталған мәселені заң шеңберінде қарауыңызды сұраймыз», делінеді «халықшыл коммунистер» атынан жолданған депутаттық сауалда.
Толғандырған тоғыз сауал демекші, жалпы отырыста ұзын-саны тоғыз сауал жолданды. 5 сауал Премьер-Министрдің атына, 2 сауал Ауыл шаруашылығы министріне, Бас прокуратура мен Білім және ғылым министріне бір-бір сауалдан жолданды.
Ал жалпы отырыста Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан мен Ресей арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы, сонымен қатар, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру тәртібі және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялауға байланысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.
Тағы бір атап өтерлігі, Мәжіліс осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты Роман Склярдың Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалуына байланысты депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Жалпы отырыста Сауд Арабиясы Корольдігімен табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
Заң жобасы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Конвенцияның мақсаты – инвестициялар салу үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту. Негізгі салық түрлері Қазақстан жағдайында корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы болса, Сауд Арабиясы Корольдігі жағдайында Зекет және табиғи газдың инвестициялық салығын қамтитын табыс салығы болып отыр. Конвенцияда оларға сәйкес дивидендтерге, борыштық талаптардан алынатын табыстарға және роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша табыс көзі пайда болатын мемлекетте салық салынуы мүмкін ережелер көзделген, сонымен қатар, өзара келісу, ақпарат алмасу тетігі және Конвенцияның күшіне енуі мәселелері де реттелген.
Қосымша баяндамашы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан Мәжіліс комитеттерінің Конвенцияны және оған Хаттаманы оң бағалайтынын жеткізе келіп, оларды ратификациялауды ұсынды.
Талқылаудан кейін аталған заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданды.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»