19 Мамыр, 2016

Сауал – депутаттан, жауап – Үкіметтен

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Парламент (2)-жанаМына заманда  жауабын күткен  сауалдар қаншама? Жеке басқа маза бермейтін сауалдардың жөні басқа да, жал­пыға ортақ сауалдардың жөні бөлек. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жетекшілігімен өткен сәрсенбі күнгі жалп­ы отырыста палата депутаттары соңғылардың санатына кіре­тін сауалдардың тиегін ағытып, Үкіметтің ауылына қарай аттандырды. «Үшбу сәлем жолдадым Үкіметке» деп, өздері­нің депутаттық бірден-бір қызметтік тетігін пайдаланып, сайлау­шы­лардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Мейрам Пішембаевтың Үкі­мет басшысының атына жол­­данған депутаттық сауа­лын­да Павлодар облысында он­ко­­­ло­­гия­­­лық дис­пансер мен емха­на ­құ­ры­лысы туралы мәселе қозғал­ды. Мәжіліс депутаты Павлодар облысы онкологиялық аурулар жағынан республикада ал­дың­ғы орында екендігін айта ке­ліп, аталған аурудың көбеюі өнер­кәсіптік сектордың дамуы­мен, экологиялық пробле­ма­лар­мен байланысты екендігіне тоқталды. Оған қоса, облыстың үш ауданы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонымен шектеседі. 2015 жылы ауру көр­сеткіші 100 мың адамға шақ­қанда 297,7 адамнан келді. Облыстық онкологиялық дис­пансердің есебінде 2016 жыл­дың басында 10 112 науқас ті­ркелген. Жыл сайын облыс бойын­ша онкология ауруына шал­дыққан 2000-нан астам нау­қас тіркеледі. Облыстық онко­логиялық диспансер бар болғаны 160 төсектен тұрса, 20 төсек күн­діз­гі стационарға арнал­ған. Яғни, «жаман аурудың» аза­бын тарт­қандарға төсек орны жетіс­­пей­ді, тиесілі жағдай да жасалмаған. Мәжіліс депутаты сауалының соңын «Онкологиялық ауруға шалдыққандардың көбеюіне байланысты қолданыстағы ғи­ма­рат­тардың жетімсіздігіне орай 200 төсекке арналған онко­ло­гия­лық дис­пансер құры­лысын бас­тау үшін 2017 жылға 800 мил­лион теңге қаржы бөлуді сұ­рай­мыз» деген бұйымтаймен қайырды. Ал Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков өзінің де­пу­тат­тық сауалында Премьер-Министр К.Мәсімовке желі­лік компанияларға қатыс­ты ком­мунистердің амана­тын жеткізді. Депутат соң­ғы кезде елімізде желілік компа­ния­лардың қызметі, яғни желілік маркетингтің белең алып бара жатқандығына кеңінен тоқталды. «Желілік маркетинг тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құру­ға негізделген тауарлар мен қыз­меттерді жүзеге асы­ру тұ­жы­рымдамасы, яғни бұл да қаржылық пирамида іс­пет­ті. Оның құрбандығына көбі­не­се әлеуметтік жағынан аз қор­ғал­ғандар ұшырайды», деді депутат. Депутаттың пікірінше, желі­лік маркетинг тауарларының 90 пайызы елдің нарығына контра­бандалық жолмен келіп, сол жолмен таратылады. Яғни, қазы­наға салық түспейді. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың өрістеуіне жол ашады. Корея, ҚХР және АҚШ елдерінде желілік маркетингтің қызметіне заңдық тұрғыдан шектеулер қойылған. 2012 жылдан бастап Өзбекстанда желілік маркетинг заңсыз деп танылды. «Біз, коммунистер желілік компаниялардың қызметіне Қаза­қ­станда да заңдық тұрғы­дан шектеу қою керек деп са­най­мыз. Аталған мәселені заң шең­берінде қарауыңызды сұрай­мыз», делінеді «халықшыл ком­мунис­тер» атынан жолданған депу­таттық сауалда. Толғандырған тоғыз сауал демекші, жалпы отырыста ұзын-саны тоғыз сауал жол­дан­ды. 5 сауал Премьер-Министр­дің атына, 2 сауал Ауыл шаруа­шы­лығы министріне, Бас проку­ратура мен Білім және ғылым министріне бір-бір сауалдан жолданды. Ал жалпы отырыста Қазақ­стан Үкіметінің және Респуб­ликалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2015 жыл­ғы республикалық бюд­жет­тің атқарылуы туралы есеп­тері бойынша, 1998 жыл­ғы 6 шілдедегі Қазақстан мен Ресей арасындағы Жер қой­науын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы, сонымен қатар, ТМД-ға қаты­су­шы мемлекеттердің аумақ­тарында бірлескен жедел-тер­геу топтарын құру тәртібі және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялауға байланысты бейінді комитет­терге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды. Тағы бір атап өтерлігі, Мә­жі­ліс осы күні Парламент Мә­жі­­лісінің депутаты Роман Скляр­дың Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайын­далуына байланысты депутаттың өкілет­тігін мерзімінен бұрын тоқ­тату туралы шешім қабылдады. Жалпы отырыста Сауд Ара­биясы Корольдігімен табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы баян­дама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Конвенцияның мақсаты – инвес­тициялар салу үшін қолай­лы жағ­дайлар жасау жолымен Қазақ­стан мен Сауд Арабиясы Король­дігінің ара­сындағы эко­номи­к­алық ынты­мақ­тастықты ны­ғайту және кеңейту. Негізгі салық түрлері Қазақстан жағ­дайын­да корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы болса, Сауд Арабиясы Корольдігі жағдайында Зекет және табиғи газдың инвестициялық салығын қамтитын табыс салығы болып отыр. Конвенцияда оларға сәйкес дивидендтерге, борыштық талап­тардан алынатын табыстарға және роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша табыс көзі пайда болатын мемлекетте салық салынуы мүмкін ережелер көзделген, сонымен қатар, өзара келісу, ақпарат алмасу тетігі және Конвенцияның күшіне енуі мәселелері де реттелген. Қосымша баяндамашы Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан Мә­жіліс комитеттерінің Кон­вен­цияны және оған Хаттаманы оң баға­лайтынын жеткізе келіп, оларды ратификациялауды ұсынды. Талқылаудан кейін аталған заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданды. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»