ОҚЫРМАН
...мәселе көтереді
Ескерусіз қала бере ме?
Бірде «Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясын» ақтарып отырып, бұрын-соңды естімеген Павел Семенович Свечников деген Кеңес Одағының Батыры жайлы деректі кездестірдім. Шал ақын ауданының Коноваловка ауылында 1926 жылы туған екен. Аштық аранын ашып, ауқатты адамдардың мал-мүлкі тәркіленген кезде Свечниковтер Қырғызстанға көшуге мәжбүр болған.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Павел Қырғыз КСР-і Сакулук ауданындағы Қызыл ту елді мекенінде жетінші сынып бітірген көрінеді. Әкесі майданда ауыр шайқастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Оның кегін алу үшін Павел жасын ұлғайтып көрсетіп 1943 жылдың қаңтарында соғысқа араласады. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанады. Украина жеріндегі қантөгіс шайқаста он сегізге енді толған өрімдей жігіт ауыр жараланып, көз жұмған.
Бір айта кетерлігі, Павел Свечниковтің есімі солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары тізімінің арасында жоқ. Сірә, майданға Қырғызстаннан шақыртылғандықтан, облыс тізіміне енбей қалған сыңайлы. Батыр – халықтікі, бүтін елдікі. Аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру конференциясында осы жайтты ақсақалдар назарына жеткіздім. Қырыққа жуық еңбек ардагерлері, зейнеткерлер қол қойған хат аудан әкімі Ербол Сағдиевқа жолданды.
Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы
...ұсыныс жасайды
Ескерткіш неге жоқ?
Әлемде В.Ленинге арналған 14290 ескерткіш болыпты. Соның 500-і біздің Қазақстанда екен. Коммунистердің Ильичке деген құрметін түсінуге болады.
Ал Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов бабамызға деген құрметіміз кемшін. ЮНЕСКО-ның өзі жар салып, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтейік деп жатқанда біздің жайма-шуақ отыруымыз еш жараспайды. Осы аяда біздер Әлихан Бөкейханов есімін қазақ баласының санасында мәңгі қалдыру қадамына баруымыз қажет. Яғни, Әлекеңдей Алаш ардақтысына қандай ескертіш орнатсақ та жарасымды болар еді. Менің айтайын деген ұсынысым осы.
Қасымбек МЕДИЕВ,
Қарағанды қаласының құрметті азаматы
ҚАРАҒАНДЫ
...ой бөліседі
Төзімділікке тәрбиелей білейік
Жас мамандарды тәрбиелеу оңай емес. Соның ішінде қылмыстық атқару жүйесі органдарына жұмысқа кірген жас қызметкерлерді білікті және төзімді мамандарға айналдыру – қиынның қиыны. Осы тұрғыда жастардың жақсы маман болып қалыптасуы үшін тәлімгерлердің рөлі үлкен деп есептейміз. Мықты маман тәлімгер ең алдымен оның жеке өмірімен жақсы таныс болуы керек. Бұл үшін олар өз қамқорлығындағы жас мамандармен жеке әңгімелесуі тиіс. Бұл арада тәлімгер жас маманға атқарып жүрген қызметінің бүге-шегесі мен қыр-сырын толық таныстырып, қажет болғанда ақыл-кеңесін беріп отыру керек. Тек сонда ғана тәлімгер жұмысы өз нәтижесін береді.
Біздің мекемеде осындай жемісті жұмысымен көзге түсіп, көпшілікке үлгі болып жүрген тәлімгерлер аз емес. Олардың қатарында аға прапорщиктер Нұртай Ғабдуллин, Еркін Мұхамеджанов, Есенаман Аманжолов пен Қайрат Әйтімовтің есімдерін атауға болады. Олардан тәлім алған талай өрендер бүгінде түзеу мекемелерінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Ахмет МАХМУДОВ,
РУ-170/1 мекемесі бастығының орынбасары,
әділет аға лейтенанты
ОРАЛ
...ризашылық білдіреді
Жоқ, ұмытуға болмайды!
Біздің ауылдың тұрғындары көптен бері соғысқа аттанған азаматтарына белгі қалдыруды ойлайтын еді. Ақылдаса келе ескерткіш тақта ашу үшін бәрі қаржы жинап, биыл 9 мамыр мерекесінде ауылда еске алу шарасын жасап, салтанатты рәсім өтті. Бұл ескерткіш тақтаға Жасқайрат ауылынан соғысқа аттанған 84 азаматтың есімдері жазылды. Олардың 51-і соғыста қаза тауып, хабарсыз кетсе, 33-і елге оралыпты. Бүгінде солардан көзі тірі екі ардагер – Жапар Кісембеков пен Қайыр Хасенов ақсақалдар арамызда жүр.
Ескерткіш мектептің алдына орналасқан. Енді жыл сайын ауыл тұрғындары 9 мамыр күні осы жерге жиналып, соғыстан оралмаған, қаза тапқан ауылдастарын еске алып, аталарының есімдерін бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтап отыратын болады. Аудан, ауыл тұрғындары осы бір тарихи сәттің куәсі болып, Жасқайрат ауылы тұрғындарының ұйымшылдығына, береке-бірліктеріне сүйсініп, көпке үлгі боларлық сауапты істеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.
Ербол АМАНҒАЗЫҰЛЫ
Павлодар облысы,
Қашыр ауданы,
Жасқайрат ауылы
...мақтан тұтады
Үздік шықты
Сәуір айында Байқоңыр қаласында «Ғылым әлемін ашамыз» атты оқушылар мен жасөспірімдердің ғарыштық зерттеулер байқауы өткізілген болатын. Осы мәртебесі жоғары, қоятын талабы биік байқауға қатысқан біздің ауданымыздағы «Сәулет» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Саян Жұртабаев жеңімпаз атанып қайтты.
Ол – ғарыш тақырыбындағы әртүрлі әдебиеттер мен ғылыми зерттеулерге ұдайы ден қойып, үнемі ізденіп жүретін дарынды шәкірттеріміздің бірі. Үнемі үмітімізді ақтап келеді. Бұл жолы да ол өзінің алға қойған мақсатының үдесінен шыға білді. С.Жұртабаевтың жұмысы республика бойынша қатысқан жүздеген үміткер арасынан үздік шықты. Соған сай ол білім грантын ұтып алды. Талантты шәкіртіміз ендігі жерде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан босатылып, өзі қалаған жоғары техникалық оқу орнында оқып, арнайы мамандықтың иесі болмақ. Біз мұндай дарынды шәкіртімізді мақтан тұтамыз.
Айнагүл ДӘКІШЕВА,
«Сәулет» мектеп-лицейінің
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары
Батыс Қазақстан облысы,
Тасқала ауданы