1926 жылы Меккеде өткен мұсылман мемлекеттерінің І пленарлық отырысында құрылған «Бүкіләлемдік ислам конференциясы», кейіннен 1953-1955 жылдары «Ислам конференциясы форумы», «Жалпыға бірдей ислам конференциясы» атанған исламдық ұйымдар әлемдік саяси үдерістерге ықпал ете алмады.
Уақыт өте мұсылман әлемінде барлық ислам мемлекеттерін біріктіретін, тығыз ынтымақтастыру мен үйлестіру мақсатында әлемдегі әртүрлі жағдайларға ықпал ететін, исламдық құндылықтар мен мүдделерін сақтау арқылы оларды негізсіз қаралаудан қорғау үшін өркениетті, саяси-экономикалық, гуманитарлық өлшемдер аясында мұсылмандық сипаттағы саяси тұғырнама негізінде белгілі бір халықаралық ұйым қажеттігі туындады.
Оның үстіне 1969 жылы Израиль басқыншылығында болған Иерусалим қаласында белгісіз біреулердің «Әл-Акса» мешітін әдейі өртеуі салдарынан сол жылдың қыркүйек айында Сауд Арабиясының Королі Фейсалдың бастамасымен Мароккода 26 ислам елінің басшылары жиналып, осынау қасиетті ғимаратқа жасаған әділетсіздік шараны айыптап, жаңа тұрғыдағы Ислам ұйымын құру туралы шешім қабылдады. Оның басты мақсаты – Исламды бүкіл әлемде қорғау және қолдау.
1970 жылдың ақпанында Жиддада ислам мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Ислам Конференциясы Ұйымы ресми түрде бекіді. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Бұрнағы жылы өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өткен Ислам Конференциясы Ұйымына бүгінде 57 ел мүше, оның ішінде үшеуі (Сауд Арабиясы, Түркия, Индонезия) әлемдегі экономикасы дамыған 20 елдің қатарында және 5 бақылаушы мемлекет бар. ИКҰ – жаһандық бейбітшілік, тұрақтылық, үйлесімділік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз етуді көздейтін белсенді халықаралық ұйым. Ислам Конференциясы Ұйымы өзінің мүшелерінің санына қарай Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ең ірі халықаралық ұйым және бұл діни бірлестік емес, ол мемлекеттерді конфессиялық белгілері бойынша біріктіретін саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени тұрғыда мүше елдерді тұрақты дамытуды, халықтардың тұрмыс жағдайы деңгейін жақсартуды, аймақтағы ұжымдық табиғи және адами ресурстарды тиімді пайдалануды мақсат етеді.
Қазақстан Ұйымға 1995 жылы мүше болып кірді. Осындай ауқымы әлемнің тең жартысын қамтыған Ұйымға төрағалық ету мүмкіндігінің Қазақстанға сеніп тапсырылуы – ислам әлемінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген шынайы құрметінің, Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделінің, еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін мойындауының айғағы. Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету – халықаралық қатынастарда мемлекет абыройын асқақтатуға, еліміздің мерейін арттыруға, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға, мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайта түседі.
Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық Қазақстан үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы көпжақты халықаралық қызметінің табиғи жалғасы болып табылады. Өткен жылы Қазақстан Еуразия бағытындағы мәселелермен тыңғылықты шұғылданса, биыл мұсылман әлеміндегі саяси және экономикалық үдерістердің модераторы болады. Ал ислам әлемінің саяси күн тәртібі, проблемалардың табиғаты мен оларды шешу жолдары өзіндік ерекшеліктерге ие. Сондықтан да ИКҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның бітімгерлік әлеуеті шыңдала түсетін жауапкершілігі мол сынақ болғалы тұр.
ИКҰ-ға төрағалық туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” телеарнасына берген сұхбатында: «Біздің алдымызда аса маңызды екі міндет тұр. Бірінші міндет – исламды дін ретінде құбыжықтандырмай, саяси идеология ретіндегі діни фундаментализмге қарсы тұра білуге үйрену. Екінші міндет – батыс пен мұсылман әлемінің арасында ашық та әділ үнқатысуды жолға қою. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы осы ізгілікті мақсаттарға қызмет ететін болады», – деген болатын.
Өткен жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалығын мұсылман мемлекеттері шынайы ықыласпен қабылдады. Өйткені, ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ның мақсат-мүдделері, басты бағдары, кейбір ерекшеліктеріне қарамастан, бір арнада тоғысып жатады. Екі ұйымның да көздегені – әлемдегі қауіпсіздік пен халықтар арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, экономикалық-экологиялық қатерлерге тосқауыл қою, адам құқығын қорғау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанның халықаралық екі ірі ұйымның арасын жақындата алатын мүмкіндігі мол екенін Батыс та, Шығыс та жақсы түсінеді. Еліміздің қазіргі мұсылман әлемімен орнатып жатқан қарым-қатынастар деңгейі де жоғарылап келе жатқанын халықаралық қоғамдастық сезініп отыр. Сондықтан еліміздің болашақтағы мүдделері де, ішкі-сыртқы саясаты да осы бағдардан еш ауытқымайды.
Қазақстанның 2011 жылы іске асырмақ бастамасының бірі – Астанада VII Әлемдік экономикалық ислам форумын өткізу және оны мұсылман елдері үкімет басшылары мен мемлекеттік органдары жетекшілерінің, сондай-ақ танымал экономистер мен мұсылман әлемінің іскер топтарының үнқатысу алаңына айналдыру. Маусым айында 57 ислам мемлекетінің сыртқы істер министрлері, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері, барлығы 140-қа жуық шетелдік делегацияның қатысуымен Астанада үлкен жиынның өтетіндігі әлемдегі айтулы оқиға болғалы отыр. Бұл – 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордада өткен ЕҚЫҰ Саммитінен кейінгі ауқымдылығы жағынан екінші үлкен халықаралық саяси шара болмақ. Маңызды басқосудың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің де біз үшін ерекше мәні бар. Астанада осындай мәртебелі жиынды өткізу арқылы мұсылман әлеміне Қазақстанның қазіргі келбеті, оның саяси, экономикалық және әлеуметтік жетістіктері, мәдени және ғылыми мүмкіндіктері, халқымыздың салт-дәстүрін таныстыратын боламыз.
2005 жылы ИКҰ-ның Меккеде өткен төтенше саммитінде Ұйымның онжылдық іс-әрекет бағдарламасы қабылданып, онда нақты мақсаттар алға қойылды. Осының арқасында Ұйымның жаңа Жарғысы қабылданды. Оның ішінде ИКҰ Бас хатшылығының ішкі құрылымы өзгерді, ислам әлемінің жаңаруы, діни риториканы қазіргі заманға сай өзгертудің маңыздылығы белгіленді, терроризммен күрес, мұсылман әлеміне ортақ экономикалық кеңістік құру, кедейшілікті еңсеру, білім мен ғылымды дамыту бағыттарындағы саясаттың белсенділігі мен нәтижелілігі арта бастады.
Тағы бір маңызды мәселе – Ұйым қарарларының санын қысқарту, оларды қарастырудың жаңа тетіктерін тауып, орындалу пәрменділігін арттыру. Бұл мәселені шешуге қатысты бірқатар ұсыныстар да бар, олар қазір егжей-тегжейлі зерделенуде. Біз барлық тараптардың мүдделеріне сай, ортақ мәселелерді бірлесе шешу жолдарын табуымыз қажет. Қазақстан өз төрағалығы кезінде осындай аса маңызды мәселеге назар аударатын болады.
Астанада өтетін ИКҰ кездесуінде барынша маңызды және нақты шешімдер қабылдануы қажет, басты және ірі мақсаттарға тиімділігі төмен мәселелер бөгет болмауы тиіс. Осыған байланысты төрағалық кезінде ИКҰ-ға мүше мемлекеттер арасында жауапкершілік мәдениетінің проблемасы айтылуы қажет. Бұл мәселе Ұйымның саяси салмағы мен оның шешімдерінің орындалуына қатысты. Күні бүгінге дейін ИКҰ қабылдаған барлық шешімдер мен қарарлардың тек 10 пайызы ғана іске асқаны, яғни шешімдердің 90 пайызы орындалмағаны алаңдатады.
Бүгінде Қазақстан Ұйым төрағалығына үлкен жауапкершілікпен дайындалуда. Төрағалық етудің бағдарламасы қазіргі кезде жан-жақты жетілдірілуде. Ұйымның қызметін қай салада тереңдетуге болады, мұсылман әлемін алаңдатып отырған проблемаларды шешудің қандай жолдары бар, ислам елдері Қазақстаннан қандай қадамдар күтеді, ынтымақтастықтың қандай жаңа формаларын таңдауға болады деген мәселелер күн тәртібінде тұр. Бұл мақсатта Ұйымның Бас хатшылығымен, мұсылман әлеміндегі жетекші елдермен тиімді пікір алмасулар өтіп, Ұйымның соңғы жылдардағы қызметіне талдау жасалды. Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытуда жинақтаған тәжірибесі, оның басым бағыттары мен ЕҚЫҰ төрағалығындағы тұғырнаманы жалғастырудың маңыздылығы, ислам әлемінің қажеттіліктері мен өзекті мәселелері назарға алынатын болады.
Қазіргі таңда бүкіл әлемді, әсіресе, мұсылман елдерін алаңдататын, шұғыл шешімдер мен батыл қимылдарды талап ететін негізгі мәселелердің қатарында исламофобияға, терроризмге қарсы шаралар, өркениеттер үнқатысуын кеңейту, тұрақты дамуды қалыптастыру көкейкесті мәселелер болып отыр. Бұл тұрғыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Euronews» телеарнасына берген сұхбатында: «Мұсылман әлемі батыс қоғамының көзқарасында бірінші кезекте оның радикалды бөлігімен астастырылып, үрей тудырады. Ең бастысы – себептерді түсіну, осы қиындықтарды еңсерудің шынайы жолдарын ұсыну», – деген болатын. Осы проблемалар біздің еліміздің төрағалық ету барысында назардан тыс қалмайтыны анық.
Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен оның Орталық Азиядағы жетекші рөлі және жоғары халықаралық беделі Ұйым институттарының қызметіне, әсіресе, Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің жұмысында қажет екені байқалып отыр. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің 8-і және әріптес 12 мемлекеттің 6-ы ИКҰ-ға мүше болып табылады. Бұл тұрғыда екі ұйымның мүдделері тоқайласып, өзара іс-қимылға қосымша серпін береді.
Қазақстан мен ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кең. Қазақстан қазір Ұйымның басты институттарының қызметіне, атап айтқанда, ИКҰ-ға мүше елдер лидерлерінің тікелей қатысуымен әр үш жылда бір рет өтіп тұратын Ислам саммитіне, Сыртқы істер министрлерінің жыл сайын өтетін кеңестеріне, Тұрақты кеңес отырыстарына қатысып келеді. Оның оң нәтижелері де аз емес. ХХІ ғасырда сапалы ақпаратқа қол жеткізу экономиканың қай саласында болсын табысқа жетудің ең тиімді жолына айналды. 2008 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға мүше елдермен алмасқан тауар айналымының көлемі 10 миллиард АҚШ долларынан асып түсті, оның ішінде экспорт 8,7 миллиард долларды, импорт 2,6 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіштің жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Қазақстан мен Ұйымға мүше елдердің экономикалық әлеуеттерінің барлық мүмкіндіктерін толық жұмылдырып, жан-жақты іске қосқан жағдайда, екі жақтың экономикалық даму қарқыны мен халық тұрмысына тигізетін оңтайлы әсері ауқымды болары даусыз.
Ұйымға мүше елдердің ең үлкен проблемасы – экономикалық даму. Сондықтан Қазақстан осы бағытта бастамалар жасауы тиіс. Өйткені, қазіргі кезде Ұйымға мүше 57 мемлекеттің 31-і нашар дамыған елдер қатарында саналады. Ал Ұйымның келешекке бағытталған он жылдық бағдарламасы бойынша мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Сонымен бірге, Ислам Даму банкі тарапынан қаржыландырылып, осыған дейін іске асырылған және алда да жүзеге асатын ірі инвестициялық жобалардың маңызды екені айқын. Ислам Даму банкі Қазақстанда жалпы сомасы 497,3 миллион доллар көлемінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда. Қазақстан сыртқы саудасының 10 миллиард доллары ислам әлемінің үлесіне тиеді. Мұсылман қоғамдастығы бидай, мал өнімдері, металл секілді өнімдерімізді тұтынуға қызығады. Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолының құрылысы аяқталған кезде Парсы шығанағы және Таяу Шығыс елдерімен сауда ұлғая түсетін болады. Ұйым Қазақстанды ИКҰ Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары етіп сайлады. Бұл – еліміздің экономикалық жетістіктерін, көлік-транзиттік мүмкіндіктерін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары маңыздылығын, экономикалық реформаларды жүргізудегі мол және озық тәжірибесін мойындаудың нәтижесі.
ИКҰ Елбасымыздың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру, 2010 жылды Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы деп жариялау жөніндегі бастамаларына, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі күш-жігеріне толықтай қолдау көрсетті. Астана қаласында араб мемлекеттері қаржысына салынған ғимараттар елорда сәулетін айшықтай түсті.
Біздің еліміздің мұсылман елдерімен ынтымақтастығы игі мысалдарға толы. Ислам әлемімен біздің елдің ортақ тарихы, мәдени мұрасы, салт-дәстүрі терең астасып жатыр. Ислам әлеміндегі кітапханалардан қазақ халқының тарихы туралы қолжазбаларды іздестіру, Сирияда Қазақстан Үкіметінің көмегімен Сұлтан Бейбарыс пен Әл-Фарабидің кесенелерін тұрғызу, еліміздегі ұлттық және ислам мұраларын қорғау, түрлі шығармашылық, театр топтарымен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, университеттер арасындағы байланыстарды нығайту секілді жобалар осы бағыттағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін көрсетеді.
Ислам Конференциясы Ұйымының кеңістігінде әлемді мазалайтын жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке тікелей әсер етіп отырған кикілжіңдер мен жанжалдар да бар. Мысалы, Кашмир, Ирак, Ауғанстан проблемалары терең тарихи тамыры бар, өте күрделі, діни, этностық аумақтық, тағы басқа да факторлармен ұштасқан, әлемдегі көптеген саяси күштердің мүдделері тоғысқан проблемалар екені баршаға аян. Бұл проблемалар Қазақстан төрағалығы кезінде ұмыт қалмайтын болады.
Бұл бағыттағы Қазақстанның басты мақсаты – аталған проблемаларды шешуге тиісті жағдайларды қалыптастыру, оларды шешудің жаңа жолдарын ұсыну, даулы тараптардың түрлі форматтағы келіссөздерін ұйымдастыру, мәмілегерлік мүмкіндіктерін іске қосу, жалпы теке тірес ауанын жұмсарту болып табылады. Өзекті мәселелерде Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымындағы және халықаралық қауымдастықтағы өзінің әріптестеріне осы жанжалдарды шешуде мол тәжірибе жинақтаған елдер пайдаланған ізгілікті шараларға сенім артады.
Төрағалықтың бір жылында Қазақстанға ауқымды міндеттерді атқару талабы қойылады. Біздің мақсатымыз – шешуі қиын мәселеге қозғау салып, уағдаластыққа, бітімге шақыру. Ол үшін өзекті мәселелердің аса маңыздылары таңдалып алынып, күн тәртібіне қойылады. Белгіленген меже үдесінен шығудың өзі үлкен табыс екені анық. Даулы мәселелерде әділетті әрі ашық, тең тұрғыдағы көзқарасты ұстану – жеңіске жол ашады. Қазақстан төрағалығы – біздің бәріміз үшін үлкен сынақ. Оны абыроймен өткізу – аса жауапты міндет болып отыр.
Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік одағы 1999 жылы құрылған болатын. ИКҰ-ға мүше 47 мемлекет қатысатын Парламенттік одақтың штаб-пәтері Теһранда орналасқан. Қазақстан Парламенті мен Ислам Конференциясы Ұйымы Парламенттік одағы арасындағы парламенттік байланыстарды белсенділендіру еліміздің халықаралық қатынастарын дамытудың маңызды бөлігі болып табылады. Халықаралық ұйымға қатысушы елдердің заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастық мемлекетаралық қатынастардың мазмұнын байыта түседі. Бұл тұрғыда еліміздің парламентшілерін ауқымды істер күтіп тұр.
Мұхамбет КӨПЕЕВ, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.