Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысының күн тәртібінде он бір мәселе қаралды. Сондай-ақ депутаттар әр түрлі түйткілдер бойынша бір сағаттан астам уақыт өз сауалдарын жолдады. Оларда түрлі жағдайларға қатысты мәселелер көтерілді.
Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында Амангелді Момышев даңқты генерал Сабыр Рахимовтың биіктігі төрт метрлік ескерткішін Өзбекстан тарабы алып тастағандықтан, оның ескерткіштерін Алматы және Астана қалаларында ашып, бірқатар әлеуметтік нысандарға есімін беру қажеттігін көлденең тартты. Депутат сондай-ақ аталған вандалдық әрекеттері үшін көрші елге не Үкімет, не еліміздің сыртқы саясат ведомствосы тарапынан қарсылық нотасы жолданбағанына қынжылысын білдірді. Осы ретте халық қалаулысы Өзбекстанда 2 миллионнан астам этностық қазақтың тұратынын, бұл әрекет ұлттың ар-намысына қаяу түсіретінін ашына жеткізді.
Нұрлан Өнербаев өзінің депутаттық сауалында «Эйр Астана» әуе компаниясын сын тезіне алды. Депутат аталған компания ұшақтарында елімізді таныстыру Алматыдағы шіркеуден басталып, сонымен аяқталатынына, 70 пайызы мұсылмандар болып табылатын Қазақстан туралы ақпарат осылайша беріліп жататынына наразылығын жасырмады. Ал Арал тұзы проблемасын көтерген Мұрат Әбенов осы орайда Үкімет назарын қазіргі таңда Қазақстан рыногын арзан ресейлік тұздың жаулап алғаны жөнсіз жәйт екеніне аударды. Оның айтуынша, ресейлік тұз өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан, олардың тауарлары өтімді.
Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы екі ел елшіліктері қажеттері үшін Астана мен Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өтемсіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қараған депутаттар оны қолдау керек деп шешті. Дипломатиялық қалашық аумағындағы 556 шаршы метр ғимарат пен 0,247 гектар жер қырғыздарға 49 жылдық жалмен өтемсіз берілсе, Бішкектегі 532 шаршы метрлік ғимарат пен 0,17 гектар жер учаскесі Қазақстанға осындай шартпен берілетін болып келісілген.
Тағы бір халықаралық құжат – Венада 1968 жылғы 8 қарашада қол қою үшін ашық Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мен осы жобаға жапсарлас Жол таңбалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын да депутаттар бірауыздан қолдады. Келісімде белгіленген жүйеге сәйкес келмейтін барлық сигналдық белгілер, белгілеулер, құрылғылар мен таңбалар Келісім күшіне енген күннен бастап он жыл ішінде ауыстырылуы тиіс. Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбековтің мәлімдеуінше, Қазақстан өз белгілерін 90-шы жылдары-ақ ауыстырып тастаған, сондықтан қосымша қаржыны талап етпейді.
Сондай-ақ 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының ветеринарлық-санитарлық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы да мақұлданғанын айта кету керек. Бұл жерде мәселе тауарларды өндіруді, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ұйымдар мен адамдарға бірлескен тексерістер (инспекциялар) жүргізе алу құқы берілетіндігінде болып отыр. Сонымен бірге, өзге елдің уәкілетті органдары бір-біріне сенім білдіру арқылы өздері тексеру жүргізе беретін норма да заңдық құжатта қарастырылыпты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.