20 Мамыр, 2016

Парламентаралық байланыстар – маңызды арна

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
06-DAA_4449-2Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Бұл отырыстың ерекшелігі халықара­лық парламенттік ұйымдардың басшылары – Пар­ламентаралық Одақтың, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­б­леясының, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясының төраға­лары, сондай-ақ, әртүрлі елдер пар­ламенттерінің шақырылған төраға­ларының қатысуы болып табылады. Қ.Тоқаев парламентаралық ұйымдар­дың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимы­лының келешегі талқыланған шағын ортада болған кездесуде сөз алды. Пар­л­аменттік дипломатияның рөлі арта түс­кенін атап өте келіп, Қазақстан Парламенті Сенатының басшысы әлемдік парламенттік қоғамдастық зерделеуі тиіс ынтымақтастықтың нақты бағыттарына әріптестерінің назарын аударды. Біріншіден, Қ.Тоқаевтың ұсынысы бойынша, парламенттердің депутаттары барлық халықтардың ортақ жауына айналған әрі шекараны, ұлттық егемендікті, мәдениет пен дәстүрді мойындамайтын халықаралық терроризмге қарсы құқықтық іс-қимылды күшейтуі тиіс. Төраға әріптестерін Астанада 31 мамырда өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды, оған бүкіл әлемнің парламентшілері мен әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері алғаш рет жиналады. Екіншіден, Қ.Тоқаевтың айтуынша, ядролық қарудың таралып кетуі адам­заттың өмір сүру болмысына қауіп төндіріп отыр. «Ол туралы саясаткерлер де, алдыңғы қатардағы ғалымдар да, аза­маттық қоғам да ұдайы айтып келе­ді, алайда, іс жүзінде атқарылған істер жоқтың қасы. Парламентшілер ядро­лық қарудың таралуына «жоқ» деп нақ­ты кесіп айтуға міндетті. Толықтай қару­сыз­дануға қол жеткізуді, Ядролық қаруды тарат­пау туралы шарттың орындалуы мен Ядро­лық қаруларды сынауға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін жақтау керек», – деп атап өтті Төраға. Қ.Тоқаев ұлттық және халықаралық деңгейдегі милитаризмге қарсы іс-қимылды парламентшілердің халықаралық әрекеттің үшінші бағыты ретінде атады. «Әскери салаға бөлінетін ауқымды қаржы (жылына 2 триллион долларға дейін) дамудың мақсаттарына берілуі мүмкін еді», – деді ол. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесіндегі деректерді кел­тіре отырып, Төраға парламентшілерге ушықтыратын соғыс індетінің одан әрі таралуына жол бермеуде ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Төртіншіден, Сенат Төрағасының пікірінше, көп тарапты парламенттік дип­ломатия сауда-экономикалық байланыс­тарды үдетуге жәрдемдесіп, мәдени және гуманитарлық алмасуларды ынталандыруы керек. Қ.Тоқаев парламентаралық форумдарға қатысудан парламентшілерді оқшаулаудан бас тартуға шақырды, өйткені «парламентаралық байланыстар халықтар арасындағы коммуникацияның маңызды арнасы болып қала беруі тиіс». Санкт-Петербургке сапары аясында қазақстандық сенаторлар IV халықаралық «Еуразиялық экономикалық перспектива» форумына қатысты, сондай-ақ, ТМД ПАА-ның: мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі; мемлекет құрылысы және жергілікті өзін өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі; саяси мәселелер мен халықара­лық ынтымақтастық жөніндегі; аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөнін­дегі; құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарында болды. Ассамблеяның 44-ші жалпы отырысы барысында парламентшілер ТМД ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенцияның жобасын, «Биоэнер­гетиканы дамытудың негіздері туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласында ГӨА-ны тарату және пайдалану туралы», «Биологиялық алуандықты сақтау, тұрақты пайдалану және қалпына келтіру туралы», «Ағарту қызметі туралы» үлгі заң жобаларын қарады.