Әкім есеп берді. Ел не деді?
Ойыл – бірыңғай мал өсірумен айналысатын аудан. Өндірісті орындардан, темір жолдан шалғай жатқан өңір халқының барлық тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға тәуелді. Соған қарамастан, ауданда соңғы жылдары өмір оңғарылып, тұрмыс түзеліп келеді.Бұл аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиевтің халық алдында берген есебінен айқын аңғарылды. Аудан басшысы елді мекендерден және аудан орталығынан жиналған тұрғындар алдында ауданның 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2011 жылғы міндеттер туралы баяндады. Бір жыл ішінде атқарылған істерді саралай келе, Мұхтар Сабырұлы жүзеге асқан шаруаларды үтір-нүктесін қалдырмай тізбелемей-ақ, алдағы күндердің еншісіндегі жұмыстарды таратып берді. Оның айтуынша, ауданның 2010 жылға әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші оның алдындағы жылдан анағұлым жоғары болған. Аудан бюджетінің кіріс жоспары 100,8 пайызға орындалған. Облыстық бюджеттен бөлінген 716 516,8 млн. теңге мақсатты трансферттер 98,7 пайыз, ал облыстық бюджеттен бөлінген субвенция 100 пайыз игерілген. Ауданда мал саны өсіп келеді.Соған сәйкес өткен жылмен салыстырғанда, ет өндіру, 90,0 тоннаға, сүт 40,0 тоннаға артқан.Төрт елді мекенде мал сою цехы ашылған, біреуінің құрылысы аяқталуға таяу. Қысқа түсетін қолдағы малға қажетті 120 750 тонна пішеннің орнына 145 466 тонна шөп дайындалыпты. Жеммен қамтамасыз етілу 125,0 пайызды құраған. Мал тұқымын асылдандыру қолға алынып, жүйелі жүргізілген. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да көңіл бөлінді. Бұл салада 2861 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке заңды тұлғалардан 4 538,1 мың теңге, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынан 6 345,3 мың теңге түскен. 35 кәсіпкерлік субъектіге 18,0 млн. теңге шағын несие берілген. Аудан басшысы өзге де оң өзгерістер туралы жан-жақты баян етті. Шыны керек, шығып сөйлеушілер бұған дейін Қобда, Қарғалы аудандарын басқарған Мұхтар Жұмағазиевтің атына біраз марапат сөздер айтты, аудан көлемінде соңғы кезде атқарылған игі істерді соның есімімен байланыстырды. Біз есепті кездесуге келгендерді сөзге тартқанбыз. Біздің: «Аудан әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына көңіліңіз тола ма? Қызметін қалай бағалайсыз?» деген сауалымызға олар төмендегіше жауап берді. Мұхит КЕРЕЕВ, Сарбие ауылының тұрғыны, еңбек ардагері: – Ең шеткері жатқан біздің ауылдың өзінде тұрмыс түзеліп келеді. 50 орындық балабақша ашылды. Су жүйесі іске қосылды. Фельдшерлік-акушкерлік пункт жұмыс істеп тұр. Ауылда 3,5 мың ірі қара, 15 мың қой, 600 жылқы бар. Әр үйдің ауласынан 15-20 ірі қара, 70-80 қой өреді. Ал отарлап қой, табындап ірі қара өсіріп отырғандар да бар. Мұхтар Жұмағазиев ауданды басқарған азғантай уақытта өнегелі ісімен тұрғындардың ықыласына бөленді, көп жұмыстарды атқаруға ұйытқы болды. Өзіндік ұстанымымен халықтың көңілінен шыға білді.Адамдардың өтініш-тілегіне ұдайы назар аударып отырды. Біз ұзынқұлақтан бұл азаматты басқа жұмысқа ауысады деп естідік, мүмкін болса бастаған шаруаларын тиянақтағанын қалаймыз. Зоя БОЗШИНА, аудандық мәслихаттың депутаты: – Осы кісі аудан тізгінін ұстағалы ауданда біраз жұмыстар атқарылды. Әлі де көп шаруа тындыратынына сенім бар. Біздің Қараой ауылында биыл балалар бақшасы ашылатынын, су құбыры тартылатынын естіп қуанып жатырмыз. Мұхтар Сабырұлы халықтың мұң-мұқтажына ұдайы құлақ түріп жүреді. Есепті кездесуде сөйлеген азаматтар да әкім жұмысына оң баға беріп жатыр, мен оған толықтай қосыламын. Қуаныш ҚЫСТАУБАЕВ, «Мирас» шаруа қожалығының басшысы: – Аудан әкімі атқарылған істерді тізбелемей, ертеңгі күні атқарылатын шаруаларды атап өтті. Бұрынғы әкімдер істеген ісін тізбелеп, бәрін бір өзі тындырғандай әсерде қалдыратын. Бұл жолы олай болмады. Қайта шешуі қиын мәселелерді қаузай әңгімелеп, ертеңгі тындырылатын шаруаларға тоқталды. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызылуда. Әкімнің осындай көзқарасының арқасында шағын кәсіпкерліктің керегесі кеңейді. Аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысқан облыстық қаржы басқармасының бастығы Сағат Еңсегенұлы бұл ауданда биылғы жылы да бірталай іргелі істердің атқарылатындығын тілге тиек етті. Елдің ертеңіне жұмыс істейтін жобаларға мұрындық болып жүрген аудан әкімі халықтың ыстық ілтипатын сезінді. Олар Мұхтар Жұмағазиевтің жұмысына жақсы баға берді. P.S. Материал дайындалып жатқанда Ойыл ауданының әкімі болған Мұхтар Жұмағазиевтің облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалғаны туралы хабар алдық. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.Аудан бауырын жазып келеді
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Амангелді ауданы –Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарық қиыншылығына алдымен ұрынып, оны нардай көтерген аудандардың бірі. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан соңғы кездері тығырықтан шығып қана қоймай, бауырын жазып келеді. Амангелді ауданының әкімі Сабыржан Ахметов – ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда тәжірибесі молыққан, ысылған басшылардың бірі. Аудан қуатты көштің соңынан ерді. Әкімнің аудан тұрғындарының алдындағы есебінде соңғы жылдары экономиканың, халықтың әлеуметтік тұрмысының бұрнағы кездермен салыстырғанда серпілгені, адамдар бойындағы масылдықтың сілкінісі байқалады. Бұл мысалсыз емес. Облыстың солтүстік аудандарына қарағанда, жері шөлейтті болып келетін Амангелдіде бұрындары егін алқабы өте аз болатын. Әсіресе, тұрымтай тұсында болған 90-шы жылдары егіндік тым қусырылып кеткен еді. Амангелділіктер оны жыл сайын бірте-бірте көбейтіп келеді. Өткен жылы 75 мың гектарға жеткізген еді. Үстіміздегі жылы 80 мың гектарға дән себуді жоспарлап отыр. Амангелді ауданы Торғайдың кең байтақ даласында жатыр. Бұл енді малға қолайлы екені бесенеден белгілі. Соңғы жылдары аудан басшылығы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер шаруашылықтың осы саласындағы инновацияға көңіл қойып, мойын бұрды. Амангелді ауданы жылқысыз емес еді. Бірақ мал тұқымын асылдандырмай және одан алынатын өнімді ұқсатпай қазекемнің төл малы да пайда көрсетпейді екен. Осындай түйіннен кейін «Meat Land» ЖШС ауданда жылқы шаруашылығын дамыту жұмыстарын бастады. Өткен жылы бұл іске 185 миллион теңге жұмсалды. Алғашқы 90 бас асыл тұқымды биелер сатып алынды. Қазір мал сою, ет ыстау цехын салу жұмыстары жүргізілуде. Үрпек ауылдық округіндегі «Нарбай» шаруа қожалығы базасында да мал сою пункті ашылды. Өткен жылы ауданда 62 миллион 990 мың теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген екен. Айтпақшы, бұл алдыңғы 2009 жылдан 5 миллион теңгеге жуық артық. Осындай табысқа кәсіпкерлік қызмет саласының қосқан үлесі өз алдына. Аудан бойынша 626 шағын бизнес құрылымдары жұмыс істейді. Тұрғындарды жұмыспен қамтуда да шағын және орта бизнестің орны бөлек. Өткен жылы бизнес кәсіпорындары 1872 амангелділікті жұмысқа тартты. Жыл ішінде олар 823 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті. Шалғай ауылдарда дамып отырған шағын бизнестің бюджет қоржынына салып отырғаны да жаман емес, өткен жылы олар 30 миллион теңгеден артық салық төлеген. Ауылдағыларды шаршататын шарасыздықтың бірі – жұмыссыздық. Сондықтан өткен жылы аудандағы атқарушы билік көп істі жұмыспен қамту және қоңтоғай отырған ағайынның жағдайын жақсартуға бағыттады. Осы орайда 540 адам тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылды, 196 жаңа жұмыс орны ашылды. Ақылы қоғамдық және әлеуметтік уақытша жұмыстарға 350-ден аса адам тартылды. Жастар кеткен ауыл аққан жұлдыздардай картадан да өшеді. Ал жас маман келген ауылдың болашақ көкжиегі көрінеді. Амангелділіктер ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Жыл сайын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар келіп жатыр. Жағдайы жасалса олар тұрақтап қалады. Бұл орайда өткен жылдың үлесі де жаман емес. Ауданға келіп жұмысқа орналасқан 33 адамға 3,5 миллионнан артық теңге жәрдемақы төленсе, 5 жас маманға тұрғын үй алу үшін несие берілді. Алыс ауылдың жолына қарап, оның әлеуметтік деңгейін де тануға болады. Амангелді ауданына барған кісінің көңілін жол түсіре қоймас. Өткен жылы ғана аудан ішіндегі тас жолдарды күтіп ұстауға 41 миллион теңге жұмсалды. Мұндай шаралар үздіксіз жалғасады. Өткен жыл облыстың басқа өңірлері сияқты бағаның қымбаттауымен де амангелділіктердің есінде қалды. Алайда негізгі азық-түлік пен күнделікті қолданылатын тауарлардың бағасы уақтылы жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде облыстық орта деңгейден асқан жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарларымен тұрғындарды қамтамасыз ету үшін апта сайын аудан орталығында жәрмеңке өткізілді. Серпінді істер алдағы жылы да жалғасын табады. Бұл орайда тұрғындар әкімге қойған сұрақтарына көңілдерге үміт пен сенім ұялатқан жауаптар алды. Ауданнан қалаға көшу тұрақтады. Ал бұл – жылдың басты көрсеткішінің бірі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.Сауалы мен жауабы
Тұрғынбек Исмайылов: Біздің Құмкешу ауылында ауыз су мәселесі қашан шешімін табады? Аудан әкімі: Биыл Құмкешу ауылына ауыз суды тұщытатын қондырғы орнатылады. Ол 74 миллион 138 мың теңгеге түспек. Әйгерім Ахметова: Жас мамандар мен мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы биыл қалай болмақ? Аудан әкімі: Өткен екі жылда екі тұрғын үй бергенбіз, биыл 16 пәтерлік үшінші жалдық тұрғын үй дайын болады. Жұбаныш Бірманов: Үштоғай ауылына мектеп керек. Аудан әкімі: Иә, ауылға 60 орындық орталау мектебін салу ойда бар. Оны 2012 жылдың бюджетіне енгізу үшін биыл оның құжаттарын дайындаймыз.Алдағы міндеттер айқындалды
Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер ел алдында есеп беріп келеді. Халық та осы сәтті асыға күтетіндей. Өйткені, қордаланған әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқататынын, алдағы жылғы аймақтағы жұмыссыздықтан бастап, тұрғын үй мәселесі, жол, көше жөндеу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы сан сұраққа жауап берілетінін біледі. Облыстағы іргелі аудандар қатарынан саналған Талғар ауданы әкімінің есебі кеше өтті. Біз аудан әкімі Талғат ӨМІРӘЛИЕВКЕ жолығып, есепті кезең аралығында атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар, жұртшылық пікірі жайлы ой өрбітуін өтінген едік. – Талғат Әбенұлы, әкімдерге қойылатын бүгінгі талап және халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесінің шешілуіне тоқталсаңыз. – Иә, әкімдерге жүктелген жауапкершілік салмақты. Бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу жандар жиынға дайындықпен келгені байқалды. Негізінен Елбасы алға қойған міндеттерді бұлжытпай орындау, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тағы басқа салаларды дамыту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды. Жалпы, кездесулерде бір жылдағы жетістік пен әлі де орайын келтіретін мәселелердің аражігі айқындалды. – Жалпы, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстарға тоқталсаңыз. – Әлемдік қаржы дағдарысының инфрақұрылымды дамытуға ықпал еткені белгілі. Десек те бұл аудандағы жағдайға көп әсері тимеді. Нәтижесінде Талғар аудандық топтық су жүйесін салуға 530,4 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл жұмысты «НАЗ» серіктестігі жүргізуде. Тұздыбастау ауылындағы «Арман» және «Белағаш» шағын аудандарын сумен қамту үшін 134 млн. 337 мың теңге бөлініп, 7,5 шақырымдық су құбыры тартылды, 2 скважина іске қосылып, тұрғындар қажетін шешті. – Жоспарлы міндеттерді іске асыру үшін инвестиция тарту мәселесі де көтерілуде. Оңтүстік астанаға жақын орналасқандықтан, ауданда оның шешімін табуы жайын тарқатсаңыз. – Қай саланың да бүгінгі жедел қарқынмен дамуы инвестиция тартудың тиімділігіне, яғни қаржыға тәуелді екені рас. Ауданға өткен жылы 39 575,6 млн. теңге инвестиция тартылды. Осының барысында көптеген өндіріс орындары іске қосылды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы аумағы 89,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін де айтқан жөн. Ағымдағы жылы да инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. – Бүгінде бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу қажеттігі баса айтылуда. Әрине, ол білім беру шаңырақтарының бүгінгі жайына байланысты десек, бұл жөніндегі пікіріңіз қандай? – Келісемін. Елбасы Жолдауында әкімдерге осы мәселеге байланысты нақты тапсырма берілді. Жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне облыс әкімі де аса мән беріп келеді. 2010 жылы кіші Байсерке ауылынағы №40 бастауыш, Талғар қаласындағы №49, Дәулет ауылындағы №11, Қызыл-Қайрат ауылындағы №9, Панфилов ауылындағы №17 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары толық жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Сондай-ақ, Тұздыбастау ауылындағы №31, Талғар қаласындағы № 3 орта мектептердің электр желісі мен су жүйесін жөндеу жұмыстары қалыпқа келтірілді. Бесқайнар ауылында «Арыстан» әскери мектебінің құрылысы аяқталып, биылғы жылдың қаңтарында пайдалануға беріліп, 80 бала оқуға қабылданды. Кеңдала ауылында 240 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Ақтас ауылында – 180, Тұздыбастау ауылында 900 орындық мектептердің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұйыртса, алдағы жылы бұл мәселе де оң шешімін табады. «Балапан» бағдарламасымен Талғар қаласында 320 орындық балабақша салу да биылғы жылдың еншісінде. – Ел алдында есеп беру барысында айтылған тұрғындар тілегі мен өтініштерін қарау, қанағаттандыру жайы туралы не дейсіз? – Тұрғындар айтқан ұсыныс-тілектерді орындау бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылғы есеп беру жиындарында тұрғындар тарапынан 162 ұсыныс, талап-тілек түсті. Бұлардың көпшілігі әлеуметтік мазмұндағы мәселелер еді. Сондықтан олардың көпшілігіне қолма-қол жауап беріліп, 57-сі бақылауға алынған болатын. Солардың 32-сі шешілді, қалғандары орындалу үстінде. Алдағы уақытта да жұртшылықтың талап-тілегін толық орындау және олардың сұранысын барынша қанағаттандыру жөніндегі шаралар жалғаса береді. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктерді жұмылдыратын боламыз. Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.