Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаев елдің пікіріне құлақ асып, қоғамдық үн туғызған Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий жариялады.
«Бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылау керек. Егер талқылаудан соң Парламент ортақ шешімге келер болса, мораторий алынады, болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз», – деп атап өтті бұл тұрғыда Елбасы.
Ел ішінде алаңдаушылық тудырған заң нормаларын талқылап, қарапайым халыққа түсіндіру мақсатында Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылды. 75 адамнан тұратын комиссия құрамында Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен аграрлық бизнестің өкілдері, сондай-ақ, ғалымдар мен қоғам белсенділері және фермерлер бар. Жер кодексі нормаларын талқылауға республиканың барлық аймақтарын қамту үшін облыстық әкімдіктер жанынан қоғамдық кеңестер құрылмақ. Комиссияның, қоғамдық кеңестердің есігі баршамызға әрдайым ашық болады. Сондықтан, біз осы бір көкейкесті, еліміздің келешек тағдырына шешуші ықпал ететін кодекс нормаларын талқылауға бір кісідей атсалысуға тиіспіз.
Республика тұрғындары арасында алаңдаушылыққа негіз болған мәселе жерді шетелдіктерге жалға беру нормасы екені даусыз. Шындығында, жер қазақ халқы үшін ата-бабадан мұра боп қалған ең асыл қазына. Халқымыз ежелден-ақ өз жерін қасық қандары қалғанша қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған.
Біздің ата-тегіміз боп саналатын, сонау ежелгі ғұндар патшасы Мөде өз елінің бейбіт өмірін сақтап қалу мақсатында көз алартқан көршісінен арғымақ тұлпарын да, үріп ауызға салғандай әсем ару сүйген жарын да аямаған. Ал мәселе жерге келіп тірелгенде, қолына найза алып, атқа қонған…
Қазақ хандығының алғашқы билеушілерінің бірі Қасым хан өзіміз қазір мекен етіп отырған Оңтүстік өңірін сыртқы жаулардан сақтау жолында өмірінің соңына дейін жан аямай соғысып, бодандықтан қорғап қалған. Сондықтан, халық оны барынша кұрметтеп, «қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалушы әрі жинақтаушысы» деп ерекше қастерлеген.
Қасиетті жеріміз үшін жоңғарлармен болған соғыс, отаршылық кезеңіндегі ұлт-азаттық көтерілістер, кешегі Алаш қозғалысы ардақтыларының жасаған ерліктері мен еткен ерен еңбектері біздің жадымыздан ешқашан өшпеуі тиіс. Бұл тарихи оқиғалар ержүрек бабаларымыздың қанына боялып, аяулы аналарымыздың көз жасымен жуылған.
Соның нәтижесінде Қазақстан атты тәуелсіз мемлекет бүгінгі таңда 200-ден астам әлем елдері ішінен өз территориясының көлемі бойынша 9-орынды иемденіп отыр. Бұл дегеніміз, баға жетпес байлық.
Сонымен қатар, күреске толы тарихымыз Мәңгілік Қазақ елінің өскелең ұрпағын патриоттық, ұлтжандылық рухында тәрбиелеудің теңдесі жоқ тәсілі іспетті. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп түйіндер болсақ, жеріміз қасиетті де киелі. Сондықтан, шетелдіктерге оның бір шаршы метрі де сатылмайды, сатылмақ та емес. Бұл туралы Елбасымыз да талай рет шегелеп айтты.
Бүгінгі таңда елімізде капиталистік қоғамдық қатынастар үстемдік етуде. Яғни, жер де сатуға немесе жалға беруге болатын тауарға айналды. Жер отандастарымызға сатылсын-ақ делік. Ал шетелдіктерге жалға берудің тәртібі қандай болмақ? Жалданатын жұмысшыларды кім дейміз? Экологиялық талаптар сақтала ма? Осындай көкейкесті сұрақтардың жауаптары заң нормасында айқын әрі нақты көрініс тапқаны дұрыс болар еді.
Мәселен, Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Протон» зымыраны апатқа ұшырап, жер гептилмен уланып жатқан шақта, жоғары шенді отандасымыздың «Бұл өзге мемлекеттің жалға алған жері, ауырса солардың басы ауырсын» деген сыңайдағы мәлімдемесі әлі есімізде. Сонда қалай? Жерді жалға алған өзге мемлекет, сол жерде атом бомбасын жарып жатса да, сен тимесең мен тимен, деп отыра бермекпіз бе? Миға қонбайтын, түсінуге болмайтын мәлімдеме.
Ал енді отандастарымыздың жерді сатып алу мәселесіне келейік. Бұл жерде де көңілге күдік ұялататын сұрақтар жетерлік. Қалтасы жұқа қарапайым халық аукционға қалай қатысады? Ал дүние-мүлкі онсыз да ұшан-теңіз бай-манаптарымыздың өздері сатып алған жерді түрлі қитұрқы жолдармен шетелдіктерге сатып жібермесіне кім кепіл?!
«Аузы күйген үріп ішеді» дейді халық даналығы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жариялаған мораторий– дер кезінде қабылданған мейлінше дұрыс шешім. Оны толықтай қолдаймыз. Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, заң нормаларын мұқият талдайық, талқылайық, ұсыныстарымызды айтайық. Келісіп пішілген тон еш уақытта да келте болмайды. Асықпай, аптықпай жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесейік. Сонда ғана кейін бармағымызды тістеп, өкініп жүрмейміз.
Саттар ҚУАШБАЙ,
«Нұр Отан» партиясы әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор