ҚОСТАНАЙ. 19 мамыр. Қостанай-Челябі-Екатеринбург республикалық тас жолы бойымен өтіп бара жатқан ТМД және Еуропа елдерінің жүк тасушылары, туристер және жергілікті жүргізушілер Қостанай полицейлеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. «Жол үстіндегі қабылдау» акциясы аясындағы бұл шара шекарада орналасқан Қарабалық ауданында басталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Жол бойындағы қабылдау» жылжымалы бекеті жұмысын Қостанай облысындағы «Рубеж» жүйесіндегі жалғыз бақылау қосынында бастады. Ол Ресеймен шекаралас Қарабалық кентінің кіре берісінде орналасқан. Таңертеңнен жүргізушілер акцияға белсене араласты. Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық және аудандық филиалдарының өкілдері қатысты. Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, подполковник Мағзұм Ержанов: «Шара жұртшылықпен араласуға және жол көлік оқиғасын азайтуға бағытталған. Жыл басынан бері Қарабалық ауданында 3 жол апаты болып, онда 4 адам зардап шекті», – деді.
Жүргізушілер анкета сұрақтарына жауап берді. Олар облыстық инспекторлар батальоны мен аудандық полиция қызметіне риза. Қазақстандық тәртіп сақшыларының сұрағына Ресейдің Всеволожск қаласынан келе жатқан Рафик Мұса-Заде жауап берді. Ол осы кезге дейін бұрынғы Кецес одағына қараған елдердің барлығын аралап шыққан. Қостанайлық полицейлердің кішіпейілдігі оны риза еткен. Ресей номерімен келе жатса да, оны себепсіз тоқтатпаған. Ресейлік жүргізуші «көлікті техникалық тексерістен өткізуге бола ма?» деген сауал қойды. Оған қостанайлық полицелер техникалық тексеру тек өзі тұрған Ресейде ғана өт кізілу керектігін түсіндірді.
Қазақстандық жүргізушілер де қосымша жол белгілерін орнату, көлікті газбен жүруге ауыстыру секілді көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, жолдан өтіп бара жатқан Германия, Белорусь, Украина, Өзбекстан азаматтары да сұрақтарына жауап алды. Акция облыстың барлық аудандарында да өтті. Ол мыңнан аса жүргізушіні қамтыды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: Қостанай облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.