28 Қаңтар, 2011

ҮКІМЕТ

389 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Экологиялық төлемдер тиімді жұмсалуы тиіс

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес өткен жылы салада атқарылған істер мен шаралар табиғаттың ластану деңгейін төмендетуге, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытта­лыпты. Бұл жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов жыл қорытындысы шығарылған алқа мәжілісінде жариялады. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, жиын соңында министрлік алдына қойылатын 2011 жылдың мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалуына міндеттейтін меморандумға қол қойды. Алқа мәжілісінде министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті, Нұра-Сарысу эколо­гия департаментінің бастығы Ардақ Райымбеков өз баяндамасында “Арселор Миттал Теміртау” кәсіпор­нының 2008 жылдан бері қоршаған ортаға техногендік әсерді азайту талаптарын орындамай отырғанды­ғын жеткізді. Оның айтуынша, компания 2009 жылға жоспарланған қаржының жеткіліксіз бөлінуі­не байланысты экологиялық заңнамаларда бекітілген талаптарды орындамай келген. Ал 2009 жылға жоспарланған қаржының 19 пайызын ғана игерген. Соның салдарынан эмиссиялық нормативті бірнеше есеге арттырып жіберген. Сол үшін “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына өткен жылы жүр­гізілген инспекциялық тексеріс барысында 7 млн. теңге көлемінде төлем төлеу міндеттелді, деді ол. Компанияда қазіргі таңда да осы жағдай орын алуда. 2010 жылы бір шара ғана толығымен орындалған. Қолдағы бар мәліметтер бойынша, 2010 жылы 10 млрд. теңге жұмсау жоспарланса, “Арселор Миттал Теміртау” соның 3 млрд. теңгесін ғана игерген. Компания бүгінгі күні тек облыста емес, республика көлеміндегі ірі табиғат пайдаланушы кәсіпорын болғандықтан, олардың тарапынан табиғатты қорғау шараларын орындау барысы Үкімет деңгейінде қа­растырылды, – деді А.Райымбеков. Оның айтуын­ша, компания басшылығы осы жылдар бойы орында­маған міндеттемелерін 2011-2012 жылдары толы­ғы­мен атқаруға кепілдеме берген көрінеді. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әші­мов 2010 жылы министрліктің стратегиялық жоспар бойынша жұмыс атқарғандығын баяндап өтті. Атап айтқанда, қоршаған орта сапасын тұрақ­тандыру және жақсарту, сондай-ақ гидрометерологиялық жә­не экологиялық мониторингті жетілдіру сияқты ба­ғыт­тар бойынша жұмыс атқарылған. Министрдің айтуынша, өткен жылы рұқсат етілген қалдықтар көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендеген. 2010 жылы ластаушы заттар төгінділе­рі­нің рұқсат етілген көлемі 2,8 млн.тоннаны құра­ған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,75 пайызға тө­мен. Ал қалдықтарды кәдеге жарату 21 пайызды құ­рап отыр. Сондай-ақ ірі табиғат пайдаланушылар­дың жұмысына бақылау күшейтіліпті. Экологиялық заңнама талаптарын сақтау бойынша 10 мыңнан аса тексеріс жүргізіліп, 8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Жалпы сомасы 5845,079 млн.теңгеге 8361 әкімшілік айыппұл салынған. “Қарашығанақ Пет­ро­лиум Б.В” компаниясын тексеру нәтижесі бой­ынша қоршаған ортаға қалдықтарды ерікті түрде және қалыптан тыс көлемде шығарғаны үшін залал­ды өтеуге жалпы сомасы 1,9 млрд.теңге айыппұл салынды. Бұл шаралар шығарындылардың рұқсат етілген көлемінің қысқаруына ықпал еткен. Мұнай секторындағы кәсіпорындардың табиғи және ілеспе газды пайдаға жарату бағдарламаларын іске асыру есебінен қоршаған ортаға эмиссия төмендетілді. Елі­міздің мұнайлы өңірлері Атырау, Маңғыстау, Ба­тыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыста­рында қалдықты пайдаға жарату бойынша оң нәтижеге қол жеткізілген. Экологиялық апаттардың алдын алу мақсатында Каспий теңізінің мемлекеттік өңірлік мониторинг жүйесін құру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ жабылған ұңғымалардың жағдайына “жойылғаннан кейінгі” ұзақ мерзімді мониторинг жүргізіп отыру қарастырылады. Каспий теңізі қайраңы мен шектес аймақтардың ластанғанын ескерту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Қабылданған “Жасыл даму” бағдарламасымен Каспий теңізі суға бату аймақтарындағы мұнай ұңғымалары мен қоймала­рын жою, “Геоақпараттық жүйе – Каспий теңізі” ақпараттық жүйесін құрып, оны ендіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын ашу көзделуде. Проблема да жоқ емес. Елімізде өндіріс және тұтыну қалдықтарының жағдайы әлі күнге дейін күрделі. Осы орайда 2011 жылы қалдықтармен жұмыс жасау мәселесін реттейтін заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда. Былтырғы жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер көлемі 63,6 млрд. теңгені құраған. Атап айт­сақ, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер 48,6 млрд. теңгені көрсетсе, айыппұлдар, талаптар, санкциялар, өндірулер 15,0 млрд. теңге болды. 2010 жылғы табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жоспары 25,5 млрд. теңгені құрады. Іс жүзінде 21,9 млрд. теңгеге табиғат қорғау іс-шаралары қар­жыландырылды. Киото хаттамасын іске асыру шеңберінде Монреаль хаттамасымен реттелмейтін көздерден антропогендік шығарындыларды және барлық парниктік газдар абсорбциясын бағалау үшін ұлттық жүйе қалыптастырылды. Сонымен қатар, шығарындылар қыс­қартуларын айналымға енгізуді, сақтауды, алу­ды, табыстауды, сатып алуды, жоюды және айна­лымнан шығаруды нақты есепке алумен қам­тамасыз ету үшін ұлттық тізілім құрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырысы бой­ын­ша министрлікке қарасты “Қазгидромет” себу, ылғалмен қамдану мерзімдерінің және дәнді дақыл­дар түсімділігінің болжамын қоса алғанда, 140 ұйымды әртүрлі ақпараттық-болжам өнімдері­мен қамтамасыз етеді. Атмосфералық ауаның, жер үсті суларының, жердің және топырақтың сапасына экологиялық бақылаулар мен радиациялық мониторинг жүргізіледі. Бұл мониторингтер Каспий теңі­зін­де, Арал теңізінде, Балқаш көлінде, Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында, Нұра өзе­нінде, Щучье-Бурабай курорттық аймағында, Қазақ­станның трансшекаралық өзендерінде жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша жер үсті суларының төтенше жоғары ластануының 7 жағдайы және жо­ғары ластануының 218 жағдайы тіркелген. Н.Әшімов министрлікте алдағы жылы шешімін табуы қажет кезек күттірмейтін мәселелерді атап көрсетті. Атап айтқанда, “Жасыл даму” салалық бағ­дар­ламасын іске асыру үшін мұнай секторы кәсіп­орындарының табиғи және ілеспе газды пай­даға жарату бағдарламаларын іске асыру есебінен шығарындыларды қысқартып, экологиялық таза өндірісті жолға қою қажеттігі туындап отырғанды­ғын жеткізді. Үстіміздегі жылы су объектілеріне төгінділер жөнінде “Айналмалы сумен қамсыздан­дыру туралы” заң жобасын әзірлеп, енгізуіміз керек. Яғни, қауіптіліктің екінші класына жататын барлық кәсіпорындарға пайдаланған суларын өзен- көлдер­ге төгуге тыйым салынуы тиіс. Бұл – “Су туралы” еуропалық директиваға сәйкес заңнама, деді Қор­шаған ортаны қорғау министрі. Сала алдағы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандан­дыр­мақ, сонымен қатар орындаушылық тәртіпті кү­шейту басты назарда болмақ. Кәрім Мәсімов Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң баға берді. Сондай-ақ мұнымен тоқталып қалмай, экологиялық мәселелерді шешуде алға даму керектігін жеткізді. Премьер-Министр бір де бір кәсіпорын құрылысының, тіпті мемлекеттік бағдарлама шеңбе­рінде болса да, сәйкесінше экологиялық сараптама­сыз салынуға тиіс еместігін қадап айтты. Кәрім Мә­сі­мов бұл тапсырманы орындауда үздік жаһандық тә­жі­рибені ескеру керектігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Бүкіләлемдік банк және ЕҚДБ-ны қоса алғанда ешқандай қаржылық институт экологиялық сараптамасыз несие бермейді. Ал ескі кәсіпорындарға келетін болсақ, оларды жаңар­туға байланысты, шығарындылар мен қалдықтар жөнінде мінсіз жоспар болуы керек, деді ол. Үкімет басшысы экологиялық төлемдерді белгіленген мақ­саты бойынша жұмсау жөнінде тапсырма берді. Мә­селе – экологиялық төлемдердің жергілікті бюджетке бөлінетіндігінде. Жергілікті бюджетке қал­дыр­сақ, бұл төлемдердің мақсатты түрде экологиялық мәсе­лені шешуге жұмсалуын заңды түрде бекітуіміз керек. Жасырып қайтеміз, жергілікті атқару орган­да­ры бұл қар­жыны экологияны жақсартуға емес, басқа мәселе­лерді шешуге жұмсайтыны өтірік емес, деді К.Мәсі­мов. Немесе орталықтандырып, сол бойынша эколо­гияға бөлініп отырады. Дұрысын заңмен нақты бекітіп, басын ашып алу керек. Бұл мәселені шешуге бір ай уақыт беремін, деп сөзін түйді Үкімет басшысы. Венера ТҮГЕЛБАЙ.

Алып фабрика қайтадан іске қосылды

Кешегі кеңес заманында Се­мейдің даңқын арттырған ет-кон­серві, мәуіті-шұға, құрастыр­ма­лы темір-бетон комбинаттары, це­мент, арматура зауыттары, «Бол­ше­вичка» тігін бірлестігі, аяқ киім фабрикасы секілді ірі кәсіп­орындар көп болды. Жүн өңдеу фабрикасы да соның бірі ғана емес, бірегейі болатын. Тегінде мал, оның ішінде негізінен қой шаруашылығымен ай­налысатын Семей өңірінде жоға­ры­да аталған ет-консерві комби­на­ты мен жүн өңдеу фабрикасы үшін қажетті шикізат жетіп ар­ты­латын. Бүгінгі әңгімемізге орай мұның соңғысына келетін бол­сақ, бұл өңір жүн дайындап, өң­деу ісімен қазан төңкерісіне дейін-ақ түбегейлі түрде айна­лы­са бастаған. Сол шақтың өзінде тең-тең қой-ешкі жүндері даладан қалаға ағылып келіп жата­тын. Сол қисапсыз байлық түйе­лі керуен, өзен қатынасы арқылы шетелдерге толассыз жөнелті­лу­мен болды. Бірақ, өңделіп, жуыл­маған, кір шайыры айырылмаған жүн тым арзан бағаға сатылатын. Сондықтан да өз заманының кә­сіпкерлері ХІХ ғасырдың орта­сы­нан ауа қолдағы байлықты бұл­дап өткізу жолдарын қарас­тыра бастаған. Солайша Семейде алғашқы жүн жуу кәсіпорын­дары құрыла бастайды. Кейіннен ағайынды Ботов деген саудагерлер жүнді жуумен бірге, оны сұрыптау ісіне көңіл аударып, өз шаруаларының маңызын арттыра түседі. Дей тұрғанмен, Семей өңі­рін­де жүн өңдеу ісінің өткен ға­сырдың отызыншы жылдарының ортасынан мықтап қолға алынға­ны шындық. Мұның өзі 1935 жылдың жазында Семейде жүнді ыстық сумен жуу кәсіпорнының ашылуына түрткі болады. Содан кейінгі жерде бұл кәсіпорын ал­пыс жылға жуық уақыт дүріл­деп тұрды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Семейге келген бір сапарында Елбасымыз аталған кәсіпорын тынысымен танысуға уақыт таба білді. Сонда Мемлекет басшысы тарапынан қойлы өңірге мұндай кәсіпорынның қа­жеттілігі атап айтылған. Соған орай талпыныс та жасала баста­ған. Өкінішке қарай, жақсы бастамалар аяғына дейін жеткізілмей орта жолда қалып жатты. Соның салдарынан бір бүйірден әлемдік дағдарыс келіп киліккенде фабрика жұмысы тоқырап тұрып қалған. Абырой болғанда, жуырда, нақтылап айтсақ, қаңтар айының екінші онкүндігінің ортасында фабрикаға қайта жан бітіп, іске қосылды. Шындығында ел тәуел­сіздігінің жиырма жылдық мерекесі қарсаңында бұрынғы алып кәсіпорындардың қайтадан іске қосылуы үлкен қуаныш. Ел экономикасын одан әрі сауық­ты­ру мақсатындағы тәуелсіздік та­­лаптарының бірі де осы емес пе! Фабрика басшысы, «Казруно» АҚ-ның басқарма төрағасы Ертіс Омаров осындағы аң тері­сі-мех техникумын бітірген. Яғни, осы саланың маманы. Және өз мамандығымен Таскескен, Аякөз аудандарында жұмыс істеген. Ал одан кейінгі жерде «Бай-Ертіс» компаниясының директоры ретінде Моңғолияның Баянөлгей аймағында үш жыл еңбек етіп, осындай жүн өңдеу фабрикасын қатарға қосып келіпті. Тақыр жерден бой көтерген кәсіпорын­ды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен де өзі. Қайтадан аяғынан тұра баста­ған фабриканың негізгі акционері де өзі. Ал жалпы акцияның 49 пайызы Қазақстанның инвести­циялық қорына тиесілі болған­мен олардан әзірге көмек жоқ. Соған қарамастан бұлар кәсіпорынның осыған дейінгі су мен жарыққа қарызын жауып үлгеріпті. Соңғы екі-үш жылда жалақы үшін жиналып қалған қарыз мөлшері 22 миллион теңгені құраса, содан енді екі-ақ миллион қарыз қалыпты. Сондай жедел шаралар нәтижесінде кәсіпорын өткен жылдың соңында сот шешімімен банкрот болудан аман қалыпты. Фабрика іске қосылғаннан бергі жерде мұнда жүн жуатын екі мәшине үш ауысымда үздік­сіз жұмыс істеп тұр, дейді Ертіс мырза. Әзірге жұмысшы саны тоқсан адам көрінеді. Және со­ның басым бөлігі бұрынғы кадр­лар. Бұл бұрынғы кадрлардың өз кәсіпорындарының болаша­ғына сенімдері зор деген сөз. Басқарма төрағасы бұдан кейін өздерінің биязы жүнмен бірге, қылшық жүнді де қабылдап, өңдеумен айналысатындықтарын айтқан. Ал бүгінде қылшық жүн­ді өңдеумен ТМД көлемінде ешбір ел айналысып отырған жоқ. Сол себептен де біздегі бұл бағалы шикізат ештеңеге жарамай қап-қабымен өртеліп жатыр. Қолдағы барды ұқсата алмаушы­лық деген осы. Болмаса түбіт сол қыл­шық жүн құрамында ғана бар. Тағы бір цех киіз шығаруға лайықталып жасалып жатқанын білдік. Ал оған да сұраныс көп. Өйткені, киіз қазақы үй мен тө­се­ніш ретінде ғана емес, Төтен­ше жағдайлар министрлігіне де қат тауар көрінеді. Ол өрт сөн­діру ісіне де пайдаланылады екен. Сондықтан киізге Ресейден де сұраныс бар екендігін білдік. Рас, қылшық жүнді өңдейтін мәшине әбден тозған. Сондықтан оны тездетіп жаңаламаса болмай­ды. Сонсоң мұнда қой жүніндегі шайырды айыратын құрал-жаб­дық та жуық арада орнатылмақ. Шайыр қой жүнінің екі түрінде де бар. Ал одан алынатын ланолин әйелдердің әтірін жасауға тап­тырмайтын шикізат болып та­былады. Бұл шикізат бола­шақта Қытай мен Кореяға валютамен сатылатын болады. Енді бір ай көлемінде кәсіп­орын құрамындағы бұрынғы то­қы­ма фабрикасы да қайтадан іске қосылмақ. Оның да құрал-жабдығы әзір, тек жөндеуден өткізу керек дейді Ерекең. Сол кезде мұнда да 80 адам жұмыс істейтін болады. Ал кәсіпорын әбден күшіне енген кезде мұн­дағы жалпы жұмысшы саны 400-500 адамға жетпек. Әзірге ең төменгі жалақы 30 мың теңге көлемінде болса, мамандардың жалақысы 70-80 мың теңге мөлшерінде екен. Шикізат жағы жеткілікті ме, деген біздің сұрағымызға фабрика басшысының жауабы әзір бо­лып шықты. Абай, Ақсуат, Аякөз аудандарында қылшық жүн қа­зір­дің өзінде жеткілікті мөлшер­де дайын тұр дейді ол. Оның біз килосын 15 теңгеден алудамыз. Ал біраздан соң бұл бағаны 20 теңгеге көтереміз. Тасымалда да кідіріс болмайды деп ойлаймыз. Өйткені, бүгінде әр ауылдың өз коммерсанты бар. Олармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сөз соңында ол өздерінің оңды істеріне зор қолдау білдірген облыс, қала әкімдеріне алғыс айтуды да ұмытпаған. Енді сол сенімнен шығу керек дейді бұл. Сол себептен бұдан 75 жыл бұ­рын салынған ескірген құрылыс­тың бәрі жаңаланып, негізгі ғи­марат жаңадан салынбақ. Фабрика жұмысшыларына қамқорлық одан әрі өз жалғасын таппақ. Айталық, кәсіпорын өткен жылы бес адамның зейнетақы қорына қарызын төлеп беріп, олардың дұрыстап зейнетақы алуларына қамқорлық танытыпты. Соның төртеуі қайтадан іске қосылған өз кәсіпорындарында еңбек етіп жатқан көрінеді. Бұл еңбек ардагерлерін біз жас жұмысшылар­дың тәрбиешілері ретінде құрмет тұтамыз, дейді Ертіс Еділбекұлы. Ел тәуелсіздігінің жиырма жыл­­дық дүбірлі мерекесі қар­саңында қайтадан іске қосылған кәсіпорын тынысы міне, осындай! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

Дәнекерлеу ісіне – дәйекті көзқарас

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Франция Президенті Н.Сарко­зи­дің өткен жылғы Париждегі кездесуінен соң TOTAL E&P мұ­най компаниясының бас ди­ректоры Ив-Луи Даррикаррер келешекте Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті негізінде дәнекерлеу өндірісі ма­ман­дарының оқып, халық­ара­лық сертификат алуына мүм­кін­дік беретін Қазақстан дәне­керлеу институтын ашу жоспа­ры жайында баяндаған бола­тын. Мұның алдында, атап айт­қанда, 2009 жылғы 4 желтоқ­сан­да өткен Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Президенті жа­нын­дағы Шетел инвестор­лары кеңесінің 22-ші оты­рысында Елбасы Қазақ­станда TOTAL мұнай ком-па­ниясымен бірлесе оты­рып, ұлттық дәнекерлеу инс­титутын ашу туралы тапсырма берген болатын. Металды дәнекерлеу – бұл өнеркәсіптік индус­три­я­ның барлық саласында дер­лік кездесетін бірегей жұ­мыс үдерісі. Қазіргі кездегі дә­некерлеу технологиялары жер бетінде, судың астында және ға­рыш­та бірнеше микроннан екі метрге дейінгі қалыңдықта небір түрлі металлдар мен басқа да ма­териалдарды біріктіруге мүм­кін­дік береді. Үш дәнекерлеу техно­ло­гиясы медицина тәжірибесін­де, соның ішінде көз микрохи­рургиясында қолданылады. Мұнай және газ өндіру, таукен және металлургия салалары қар­қын­ды дами түсуіне байланысты құрылысқа қажетті металл құ­рыл­ғыларын өндіру, мұ­най-газ кешеніне арналған өткіз­гіш құ­бырлар мен резервуарлар (мұнай қоймалары)  құрылыс­та­рын салу, мәшине жасау  өркен­деуде. Осы жағымды құбылыс­тар техноло­гиялық үдерістерді, ба­қы­лау әдіс­терін қолдануда және жұ­мысшы кадрлар мен білікті мамандар даярлауда халықара­лық тә­­жі­рибені есепке ала отырып, қа­зіргі заманғы ғылыми негіздел­ген тәсіл­дерді пайдалануды талап етеді. Мұнай-газ кешенінің нысан­да­рын салуда дәнекерлеу жұ­мыс­тары үлкен көлемде орындалады. Металлургиялық және тау-кен өн­­дірісі кәсіпорындарында жабдық­тар­дың бөлшектерін жөндеу жұ­мыс­тары еріту және дәнекерлеу арқылы жүргізіледі, жылу электр­стансаларында монтаждау жұ­мыс­тары мен жөндеу жұмыстары толығымен дәнекерлеу арқылы атқарылады.  Өнеркәсіптік және азаматтық нысандардың  бірде- бірі дәнекерлеу жұмысынсыз са­лын­байды. Мәшине құрастыруда көптеген жылдар бойы автоматты және роботтандырылған дәнекер­леу әдісі қолданылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының  аталған  тап­сыр­ма­сын орындау үшін жұмыс тобы құ­рылып, оның құрамына  TOTAL компаниясының, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің және Мұнай және газ министрлігінің өкілдері енді. Олар еліміздің алдыңғы қатарлы үш техникалық жоғары оқу ор­нында – Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҒТУ, ҚарМТУ, Атырау мұнай және газ институты, сондай-ақ Ақтау, Атырау қалаларындағы дәнекерлеушілерге арналған оқу орталықтарында, Астана қала­сы­ның локомотив, Қарағанды металл құрастыру зауытында,   ERSAI Қазақстан-Италия фирмасының өн­­дірістік базасында болып, Қара­ғанды мемлекеттік техникалық университетіне  таңдау жасады. Бұл кездейсоқ таңдау емес еді. Университет ректоры Арстан Ғазалиевтің бастамашылығымен   теңдесі жоқ оқу-материалдық ба­за­сы құрылып, мықты кадрлық күш жинақталды. «Дәнекерлеу жә­не құю өндірісі» кафедрасы ашылды, ол  АҚШ, Швеция, Италия, Финляндия, Ресей және Украинада өндірілген соңғы үлгі­дегі дәнекерлеу және мультиме­диялық оқу жабдықтарымен жаб­дықталған. Бұл оқу орны 1965 жылдан бастап, «Дәнекерлеу өндірісінің жабдықтары мен технологиясы» мамандығы бойынша инженерлер даярлап келеді, ал 2004 жыл­дан бастап  «Мәшине құрастыру» бірлескен мамандығының шеңбе­рінде «Дәнекерлеу өндірісінің жабдықтары мен технологиясы» траекториясы бойынша бакалавр­лар мен магистрлер білімін те­реңдетеді. Осы жылдар ішінде мәшине құрастыру зауытта­рын­да, әртүрлі өнеркәсіптік нысан­дар құрылысында, барлық металл құрастыру зауыттарында, магис­тральды өткізгіш құбырлар құры­лысында жұмыс істеп жүрген 2500 дәнекерлеуші мамандарды оқытып шығарды.  Мысалы, университет түлектері «ERSAI» ЖШС, «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Монтаж арнайы құрылысы» ЖШС, «ИМСТАЛЬКОН» АҚ, «Локомотив-құрастыру зауыты» АҚ сынды ірі компанияларда, со­нымен қатар, Қазақстанның, Ресей мен алыс шетелдердің көпте­ген энергетикалық және метал­лур­гия­лық кәсіпорындарында жұ­мыс істейді. 40 жылдай бұрын электр доға­сы және электр шлагы дәнекері мен ерітіндісі, плазмалы еріту, мо­дульденген тоқпен дәнекерлеу, дәнекерлік жапсарлауды магниттік бақылау бойынша дәнекерлеу үдерістерінің түбегейлі зерттеулері жүргізілген болатын және кәсіпорындар үшін шаруашылық келісім негізіндегі жұмыстар көп­теп орындалды. Дәнекерлеу тех­но­логиясында  ғалымдардың  30-дан астам  өнертапқыштық ұсы­ны­сы  патенттелді және 300-ге жуық мақала жарияланды. Дәнекерлеу  және қалыпты бақылау бойынша 13 республикалық конференция өткізілді.  Украина ҰҒА Е.О.Па­тон атындағы электрмен дәнекер­леу институты, Н.Э.Бауман атын­дағы ММТУ және Губкин атын­дағы ММХИ сияқты ірі зерттеу орталықтарымен ғылыми байла­ныс­тар орнатылған. Бұл орталық­тарда әр жылдары ҚарМТУ дә­некерлеу кафедрасының меңгеру­шілері Т.Г.Шигаев, В.А.Данилов, И.А.Бартенев, доценттер В.И.Бо­ченин мен Ч.А.Сағыновтар өзде­рі­нің диссертациялық еңбектерін жүзеге асырды. Аталмыш жобаны дамыту мақ­сатында бірнеше кездесулер өткі­зіл­ді, оның ішінде  2010 жылдың маусым айында Қазақстанның Фран­циядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Нұрлан Дәненовпен Париж қаласында, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарл Бертонемен Астана қаласында кездесулер болып өтті. ҚарМТУ-ге Фран­­­ция­ның Дәнекерлеу институты­ның өкілдері, халықаралық директор Паскаль Руссель, кеңесші Мишель Руссо және коммер­циялық директор Бруно Кар­шер­дің, бас сарапшы Патрик Лан­­тиньенің жетекшілік етуімен TOTAL компаниясының деле­гациясы келді. Олардың  2010 жылдың тамыз-қыркүйек айла­ры ішінде ҚарМТУ дәнекерлеу кафедрасының меңгерушісі И.А.Бар­теневпен бірлесе отырып жүр­гізген белсенді жұмысының нә­ти­жесінде Дәнекерлеу инсти­ту­ты­ның тұжырымдамасы, жұмыс бағдарламасы дайындалды, бизнес-жоспар құрастырылды. Дәнекерлеу өндірісі мен ғы­лымын дамытудың әлемдік тә­жі­рибесін, өнеркәсіп саласында дамыған елдердің кадрлар дайын­дау мен дәнекерлеудің маман­дан­дырылған институттары қыз­метінің  тәжірибесін ескере оты­­­рып, Қазақстан Дәнекерлеу инс­титуты төмендегідей жұмыс түрлерін басшылыққа алмақшы: – қазақстандық индустрия мүд­десіндегі жұмыстар мен зерт­­теулер; – барлық деңгейдегі және біліктіліктегі дәнекерлеу құрамын кәсіптік оқыту және аттестациялау; –қазіргі заманғы дәнекерлеу жабдықтарын, технологиялары мен материалдарын енгізу бойын­ша инженерлік-техникалық жұ­мыстар мен қызметтер; – дәнекерлеу конструкция­ла­рын қалыпты бақылау және барлау; – есептеулер, жобалаулар, сараптама және кеңестер. Қазақстан Дәнекерлеу инс­ти­тутының құрылымы дәнекер­леу өндірісінің мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру бо­йынша мамандандырылған ғы­лыми және оқу базасы бар жетекші институттан және жо­ғары дәрежелі дәнекерлеушілер мен дәнекерлеу нұсқаушыларын даяр­­лаудың оқу немесе тренингтік орталықтары түріндегі филиал­дарынан тұратын бо­лады. Оның үстіне Қазақстанның дәнекерлеу институты бола­шақ­­та  елімізді Халықаралық дәне­керлеу институтында ресми түр­­де бейнелеп, отандық бар­лық ұйым­дар мен осы саланың өкіл­дерін біріктіретін болады. Ха­лық­аралық дәнекерлеу инс­титу­тының бағдарламалары бо­йын­ша кадрлар даярлау және қайта даярлауды (халықаралық дәне­керлеуші-инженер, халық­­ара­лық дәнекерлеуші-техник жә­­не ха­лықаралық дәнекер­леуші) жү­зеге асыратын болады деп жоспарлануда.  Дәнекерлеу инсти­ту­тын ашу жөніндегі жұ­мыс­тарға Білім және ғылым  министрлігі   баса көңіл бөліп отыр. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.

«Біртұтас әуе» жүйесі

25 қаңтарда Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов «Локхид Мартин» корпора­ция­­сының өкілдерімен кездесті. Мәжілістің басты мақсаты – еліміздің әуе кеңістігінде «біртұтас әуе» құру жобасын жүзеге асыру барысын талқылау. 2004 жылы «Локхид Мартин» корпорациясы «Каза­эронавигация» РМК үшін Астана қаласында әуежай қызметін бақылаудың диспетчерлік орта­лығын құру бойынша тендерді жеңіп алған бо­латын. 2005 жылғы мамырда бұл жүйе ресми пай­далануға берілді. Нәтижесінде Қазақстан әуе кеңістігінің 45 пайызы Астана қаласындағы Skyline технологиясының негізінде диспетчерлік басқару орталығынан бақыланып келеді. Орталықты пайда­лануға бермес бұрын «Казаэрона­вигация» РМК қажетті техникалық мамандар мен авиадиспетчерлерді алдын-ала дайындады. Бұл технологияны енгізудің келесі сатысы Ақ­төбе қаласындағы әуе қозғалысын басқару орталығын жабдықтау болды. Ал өткен жылы «Локхид Мартин» корпорация­сы мен «Казаэронавигация» РМК арасында Skyline жүйесін Алматы қаласындағы жаңа диспетчерлік орталықта және 12 аэродромдық аймақтарда орнату туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісімнің шарттарына сәйкес, Астана және Ақтөбе қалала­рын­­дағы диспетчерлік орталықтарда технология­лық базаны ауыстыру және жаңалау қарастырылған. Осы келісімнің жүзеге асырылуы ТМД және Орталық Азия аймағында тұңғыш рет «біртұтас әуе» атты әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйесін құрудың соңғы кезеңі болып табылады. Айнаш ЕСАЛИ Алматы.

«Парасат» өндірісті өркендетпек

Облыс орталығында «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің тұсау­кесері болып өтті. Шараға облыс әкімі Ба­қытжан Сағынтаев, Парламент Мәжі­лі­сі­нің вице-спикері Владимир Бобров пен Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтар қатысты. Қазіргі күні қай салада болмасын бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін ескі өндірісті жаңғыртып, үлкен мүмкін­дік­тер­ге қол жеткізер сәт келді. Бұл үшін не істеу керек? Ғылымның өндіріске, өмірдің барлық саласына қадам басуы қажет екен. Облыс орталығына келген ұлттық ғылыми-техно­логиялық холдинг ғалымдары осылай дейді. Жекешелендірілу жылдары ғылыммен бай­ла­ныс үзіліп қалды десе де болады. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін Ел­басы еліміздің экономиканысын өркен­де­ту үшін үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасын іске асыруды тапсыр­ғаны белгілі. Ал, инновация дегеніңіз ғылымсыз аяқ баспайды. Сондықтан өндірісті өңірге ат­ба­сын бұрған «Парасат» ұлттық ғылыми-тех­но­логиялық холдингі отандық ғылым­ның жетістіктерін еліміздегі өндірістерге белсенді түрде енгізуді қолдайды. Хол­динг­тің басқарма төрағасы Нұралы Бек­тұрғановтың айтуынша, 12 институттан тұратын холдинг осыдан бір жарым жыл бұрын құрылыпты. Холдинг ғалымдары экономиканың әр сала­сы бойынша қолда­нысқа енгізуге тұрарлық ғылыми табыс­тар­ға қол жеткізген де көрі­неді. Мәселен, география институты өнді­рісті өңірге 6 инновациялық жоба ұсынуда. Олардың ішінде экономикалық, экология­лық, табиғи қазбаларды пайдалану бойынша өңірдің мүмкіндіктеріне сай атқарылатын жұмыс­тар да бар. Холдинг өкілдері энер­гетика, фармацевтика, жылу өндірісі, элек­тронды білім беру секілді түрлі салаларына назар аударды. Бұл күндері Қара­ғандының фармацевтика кәсіпорны біздің облыстағы «Ромат» дәрі-дәрмек компания­сымен бірге дәрілер шығаруды жоспарлауда. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жақсы мүмкіндікті жеке үйлері бар тұрғындары қолдануда. Екіншіден, елімізге жыл сайын шетелдерден 1 млрд. долларға дәрі-дәр­мектер әке­лінеді. Елбасы өткен жылғы Жолдауында 2014 жылға дейін дәрі-дәр­мекке деген сұраныстың 50 пайызын отан­дық өндіріс өтеуі керек деген талап қойды. Бұл сала да ғылыми жаңалық күтеді. Облыс ор­талығындағы алюминий зауыты глинозем өндірісінде ғалымдар жоба­лары арқылы көптеген жо­ба­ларды жүзеге асыра алады екен. Мы­салы, өткен жылы өңірде индустрияландыру картасы бойынша техни­калық қай­та жарақ­тан­дыруға қа­тыс­­ты 17 жоба іске қо­сылды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.

Жер – асыраушымыз

Бірақ, салғырттық салдарынан ол тозып барады

Қазақстан жоғары маркалы ав­то­көлік шығарса да, ұшақ құрас­тырса да дүниежүзілік рынокта “Мерседестер” мен “Боингтер” тұр­­ғанда өз бұйымын қымбат ба­ғаға бұлдай алмайды. Жеңіл өнер­кісіп саласында да тыраштанып жатырмыз. Сонау бір жылдары Шымкентте вице-министрлер, өң­кей жас жігіттер жиналып келелі жиын өткізген. Жартысынан көбі шетелдердің кеуде қатарлы оқу орындарын тәмамдаған, әлемдік сау­­даның парқын білетін, бірақ бә­рі қазақ бола тұра орысша сөй­лей­тін жігіттер мақта кластеріне бай­ланысты жеңіл өнеркәсіпті  өркен­детуге байланысты ойларын айтты. Матаны алтын жіппен әдіп­тесең де бұрын рынокта ешкімге танылмаған Қазақстанның мақ­­та­сынан тіккен кастюм-шал­бар­ды сырт елдің тұтынушылары жапа-тармағай сатып алмайды. Сонда бір жас вице-министр  “тауарымызды өткізу үшін әлемге әйгілі фирманың брендін сатып алайық” деген. Сол  отырыс көбік сөз болып қалды. Себебі көп қой. Шымкентте “Эластик” деген фирма бар. Баяғы атақты “Восход­тың” мұрагері. Шетелден қондыр­ғы­лар әкеліп, шұлық тоқыған. Қой­маларында тау-тау болып үйіліп жатыр. Өйткені, Қытайдан әкелін­ген, тоқылуы жақсы, бағасы “Элас­тиктің” өнімінің жарты құнындай ғана шұлықтар өтімді болып тұр. Ел әрине, соңғысына қолын со­зады. Нарық заңы ешкімге тәуелді емес. Бұл Қазақстан өнер­кәсіп саласында ештеңе өңдірмесін дегендік емес, бәсекеге қабілетті бо­лудың жолдарын іздестіруде ша­лыс басуға болмайтындығын бай­қа­тады. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Табысты жұ­мыс жасап жатқан өнеркәсіп­теріміз көп. Алайда, Қазақстанның бола­шақта дүние жүзінің алпауыт елдерімен таласқа түсе алатындай жағдайы – ауыл шаруашылы­ғында. Ауыл шаруашылығы деге­ніңіз ең бірінші кезекте – жер. Суар­малы және егістік, жайы­лымдық. Ғалымдар Қазақстанда бүгінде 19 миллионға жуық ұсақ мал бар дейді. Ал, көрші Ресейде, 150 млн. халқы бар алпауыт мем­лекеттің ұсақ малы 20 млн. төңі­регінде ғана. Жыл сайын басы Бра­зилиядан тартып дүние жүзі­нен ет сатып алып отырған Ресей түбінде көрші Қазақстанға күні түспейді демеуге болмайды. Қазір дүние жүзінде азық-тү­лік тапшылығы қатты байқа­луда. Осы ретте Қазақстанның астығы алтынмен бағаланады. Оңтүстік­пен құдайы көрші, кейде тоң-те­ріс мінез танытып қоятын Өзбек­станның өзі Орталық Қазақстан­ның ұнынсыз нанын тандырға жаба алмайды. Әр жағындағы мем­лекеттерді осы санатқа қоса беріңіз. Яғни, Қазақстанның әлем­дік рыноктағы орнын айқын­дайтын түбінде осы ауыл шаруа­шылығы болады. Бірақ, осын­шама байлықты тарту етіп отыр­ған Жер-Ананың қадіріне жете алып жүрміз бе?! Оңтүстікте Мақтарал деген аудан бар. Кезінде құба шөл болған жер Кеңес өкіметі кезінде игеріліп Мырзашөл атанған. Үш жүз мыңдай халық тұратын осы Мақтаралда жердің құны ат ба­сындай алтынмен тең. Жазды күн­гі аптаптарда 50 градус ыстық­қа дейін баратын уақыттар болады. Ел жаппай мақта өсіреді. Баға жақ­сы болған жылдары ауызы май­ланып қалады. Ливерпуль мақта биржасы бағаны төмен ұрғанда жүдеп-жадайды. Сонда да мақта егу – ата кәсібі. Ұсақ шаруалар 1-5 гектар аралығында жерді пышақ үстінен бөліп алғандықтан осы азғантай жерде ауыспалы егістік деген болмайды. Жоңышқа – топырақ құрамына азот, фосфор сіңіреді. Құнарлығын көтереді. Мұны диқан білмейді емес. Бірер жыл азғана жеріне жоңышқа егер болса түк пайда тап­пай қаламын, отбасымды асы­рай алмаймын деп қорқады. Са­лыс­тырмалы түрде алсақ, 2000 жылдан бері жоңышқаның мөлше­рі арада оншақты жыл өткенде 75 пайызға дейін кеміген. Соның салдары жердің құнарсыздануына, сорлануына әкеліп жатыр. Егістік жерлер игерілмеуде.  Мақтаралға барсаңыз көше бойындағы жер­лердің өзіне мақта егілгенін бай­қай­сыз. Монодақыл болғандықтан мұның түбі Мырзашөлді түк та­тырмас шөлге айналдырмай ма деген қорқыныш та ұялайды көңілге. Мұның бір жолы – ұсақ шаруалар­ды ірілендіру. Сонда ғана ауыспа­лы егістікке жол ашылады. Бірақ, біреуге қарағаннан ауызы күйіп қалған ұсақ диқандар мұндай тәуе­келге бара алмай отыр. Біз осындай мәселелермен Оң­түстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бас­ты­ғы Созақбай Әбдіқұловқа жолы­ғып едік. Созақбай Исаұлы облыс бойынша жалпы егістік жер көлемі 931 мың гектар құрайтындығын айтады. Оның ішінде суармалысы 434 мың гектар. 931 мың гектар жердің пайдаланбай жатқан егістік жер көлемі 189 мың 464 гектар екен. Осының 86 мың 179 гектары суармалы жер. Басқарма бастығы суармалы егістік жерлердің пайда­ланылмау себептерін былайша тарқатып берді. Жердің тұздануы мен батпақтануынан 15 мың 417 гектар пайдаланылмай жатса, су жетіспеушілігінен 20 мың 694 гектар, су жүйелерінің істен шығуы­нан 30 мың 730 гектар, басқа да себептермен іске жарамай жатқан суармалы жер көлемі 19 мың 338 гектар екен. Егістік жерлерін ең көп пайдаланбай жатқан аудандар мен қалалардың пайыздық мөлше­рін де айтып берді. Дәтке қуат ететініміз, мемлекеттік “Жол карта­сы” бойынша суармалы және егістік жерлердің біраз мөлшері қалыпқа келтіріліп жатыр. Жердің құнарсыздануына қар­сы облыстық әкімдікте жанды жұ­мыстар жүргізілуде. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орын­баса­ры Берік Оспанов төмендегідей жәйттерді хабарлаған. Облыстың Мақтарал ауданында кейінгі жыл­дары агроқұрылымдардың ұсақты­ғына байланысты ауыспалы егістік сақталмай, жердің құнарлылығы төмендеп, мақта дақылының түсі­міне де теріс әсерін тигізді. Мақта дақылының үлес салмағы барлық егіс көлемінің 69%, ал жоңыш­қа­лық 4%  ғана құрады. Оған қосым­ша жердің сорлануы байқалып, тік дренажды ұңғымалардың үзіліссіз жұмыс істеуі бұзылды. Соңғы жылдары мақта монодақылға ай­на­лып, жердің құнарлылығы тө­мен­деп, түрлі аурулар мен зиянкестер молайды. Соның салдарынан, өнімділік жылдан-жылға төмен­деуде. Аталған жағдайларды ескере отырып, Оңтүстік Қазақстан облы­сының 2009-2011 жылдарға ар­нал­ған әлеуметтік-экономикалық да­муының бірінші кезектегі іс-ша­ралар жоспары қабылданып, егін алқаптарының тиімді кұрылымын қамтамасыз ету, ауыспалы егіс ай­налымын енгізу және өңірлік ма­мандандыру мақсатында ауыл ша­руашылығының егіс алқапта­рын әртараптандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Ғылыми-зерттеу инсти­тут­тардың ұсыныстары бойынша барлық егіс көлемінің 25-30%-ы жонышқалық, 50%-ы мақта болуы тиіс. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында облыста мақта дақы­лының егіс көлемі 2010 жылы 123,3 мың га, 2011 жылға 111,0 мың га егу межеленген. «Жол картасы» бойынша 44,3 мың га жер айналымға косылуына байла­нысты 2011 жылы мақта 135,5 мың гектарға егіледі. Егіс кұрылымын әртараптандыру мақсатында, мақ­та­ның егіс көлемін қысқартып, оның орнына көкөніс, бақша, картоп, жоңышқа, дәндік жүгері да­қылдарын егу ұсынылуда. Мақта саласында жаңа технологияларды, оның ішінде биоконтейнер мақта зиянкестерімен биологиялық күрес әдісін, тамшылатып суару тәсілде­рін ендіру жұмыстары қолға алы­нуда. Мақта зиянкестерімен био­логиялық әдіспен күрес жүр­гізу үшін Мақтарал ауданында 13 биолаборатория жұмыс жасауда. Со­нымен қатар, Мақтарал ауда­нында биоматериалдар дайын­дайтын биофабрика салу көзделуде. Қазіргі уақытта «Жаңа ауыл» ауыл әкім­дігінде орналаскан ғимаратқа тех­никалық-экономикалық негіздеме жасау жұмыстарының жолдары карастырылуда. Облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары аудандағы 18994 агроқұ­рылымдарды ірілендіру жұмыс­тарының жоспарланғанын айтады. Сонымен қатар облыста тік дре­наждарды, қашыртқыларды мемлекеттік меншікке алу, коллектор-қашыртқылар және тік дренаж­дардың жұмысын реттеуді ұйым­дастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Біз негізінен бір ауданға ғана қатысты проблемаларды сөз еттік. Елбасымыз оңтүстікке келгенде мұндағы экономиканың негізгі тіні шағын және орта кәсіпкерлік екендігін айтқан. Яғни, диқан мен шаруаға қатысы әбден бар. Қазақ­станның әлемдік рынокқа негізінен ауылшаруашылық өнімде­рімен кіретіндігін әліміз жеткенше айтқан болдық. Ол Жер-Ананың несібесіне байланысты. Сон­дық­тан, жерді құнарсыздандыруға жол беруге болмайды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.

«Нұрқадамға» жігер берген жүздесу

Әр жылдың өзіндік жүгі, артар жауапкершілігі болады. Тәуелсіздік табалдырығын ат­та­ған  кез кім-кімге де ыстық. Содан бері 19 жыл сырғып өтіпті. Тәуелсіздік алғалы қиын­дық пен табыс, қуаныш қатар жүрді. Талай жетістіктерге қол жетті. Қоғам дамуында оң өзгерістер өркен жайды. Ауыл шаруашылы­ғындағы рефор­маға орай шаруа қожалықта­рын құру басталды. Сол сәтте Елбасының тың бастамасын қолдағандардың бірі – Қоңысбек Толыбаев. Ол Кербұлақ ауданы Шоқан ауылы­нан «Нұрқа­дам» шаруа қожалығын құрды. Жеке шаруашылық құру туралы заң қабыл­данғанда алдымен оның пайдасын елеп, екшеді. Есептеді. Мүмкіндікті пайдаланса, әжеп­тәуір кіріс түсетінін білген соң, бел шешіп, шаруаға кіріскен. Шоқан ауылының іргесіндегі қора-жайға ұжымшардан бір отар қой алып, жеке шыға­ды. Көмектесетін ауылдастары да табылып, банктен 100 мың рубль  несие алып, 600 бас қой, мал қорасын, бірнеше жүк көліктерін сатып алады. Бір жылдағы пайдамен қарызын жабады. Бірте-бірте еңбегі еселенеді. Шаруа қож