Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Вашингтоннан.
Америкалықтар үшін жеке азаматтық пен жеке құқық басты құндылық болып саналады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында Қазақстан осы бір экономикасы да, демократиясы да дамыған ұлы державамен өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген стратегиялық әріптестік қатынастар қалыптастыра білді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да ашық саясатын толық түсініп, еліміздегі экономикалық және саяси тұрақтылықты бағалай білген АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы өзінің басты стратегиялық әріптесі ретінде танып, екі мемлекет үшін де өзара тиімді ынтымақтастық байланыстарды барынша нығайтуда көрегендік көрсетіп келеді. Оған еліміздің тәуелсіздік алған жылдары ішінде экономикамызға АҚШ тарапынан 35 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция құйылғаны айшықты дәлел бола алады. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа жасалған үш күндік сапары барысында болған барлық маңызды кездесулерде тараптар Қазақстан – Америка стратегиялық әріптестігі аясындағы саяси, экономикалық салалардағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейіндегі өзара әрекеттестіктің берік іргетасына негізделген осындай тиімді қарым-қатынастарды одан әрі жан-жақты дамыту қажет екендігі ерекше атап көрсетілді. Мәселен, АҚШ Энергетика министрлігінің жанындағы АҚШ-тың ядролық болашағы жөніндегі комиссияның жетекшісі Брент Скоукрофт екі ел арасындағы экономикалық байланыстарда қол жеткізілген жетістіктерге жоғары қанағаттанғандық сезімін жеткізе келіп, ядролық қаруды таратпау режімінің бүгінгі жағдайы мен болашағына, сондай-ақ әлемдегі ядролық энергетиканың даму мәселелеріне тоқталды. Ол Қазақстанның МАГАТЭ бақылауымен ядролық отынның халықаралық банкін өз аумағына орналастыру жөніндегі шешіміне аса жоғары баға беріп, бұл өз кезегінде жаһандық ядролық энергетиканың қауіпсіз және бейбіт дамуының маңызды факторы екенін атап көрсетті. Вашингтондағы сапарының екінші күні Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланыстардың қарқынды даму үрдісіне қанағаттанғандық сезімдерін білдіре келіп, қос мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшылары 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит аясында президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама арасында болған кездесуде қол жеткізілген келісімдерді дер кезінде іс жүзіне асырудың маңыздылығын ерекше атады. Осыған байланысты Қанат Саудабаев пен Хиллари Клинтон «екі мемлекеттің стратегиялық әріптестікті нығайтуға және тереңдетуге деген мүделіліктерін» тағы да ашық мәлімдеді. Екіжақты пікір алысу барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы әлемдік режімдегі ядролық қарусыздану және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның көшбасшылығын айта келіп, Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру мақсатында дүниежүзілік қоғамдастық жасап жатқан шараларға Қазақстанның нақты тәжірибе жүзінде көрсетіп отырған қызметіне ризашылығын жеткізді. Тараптар экономика саласындағы байланыстарға тоқтала келіп, Қазақстанның БСҰ-ға мүше болып кіру мәселесінде екі мемлекет арасындағы келіссөздерде қол жеткізілген тиімді нәтижелерді атап көрсетті. Астана қаласында «Назарбаев Университетінің» ашылуына байланысты екі мемлекет арасындағы ғылыми-технологиялық байланыстарды одан әрі ықпалды түрде жандандыру қажеттігін айта келіп, осы мәселеге байланысты іс жүзіне асырылатын нақты шараларды АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілінің Қазақстанға жасайтын арнайы сапарында белгілеуге келісті. Х.Клинтон Қазақстан Үкіметінің әлемдік адам саудасымен күрес бағытында атқарып жатқан жұмысына жоғары баға бере келіп, АҚШ Әкімшілігі тарапынан бұл мәселеде екіжақты әріптестікті белсенді жүргізуге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Қанат Саудабаев Мемлекет басшысының АҚШ Президенті Барак Обаманы Қазақстанға ресми сапармен келуі жөніндегі шақыруын тағы да нақтылады. Осыдан кейін Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес екіжақты байланыстарды және екі мемлекет арасындағы достықты нығайтуға қосқан аса зор үлесі үшін марапатталған Хиллари Клинтонға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты жағдайда табыс етті. Сонымен бірге, Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасының алдағы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығына сәйкес осы ұйымдағы АҚШ Президентінің арнаулы өкілі Рашид Хуссайнді қабылдап, «Ислам әлемі – Батыс» үнқатысуының келелі мәселелерін талқылады. Сол күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі «КонокоФилипс» және «Хэлибертон» компанияларының басшылары Джеймс Малво мен Дэвид Лезарды қабылдап, экономикалық байланыстар жан-жақты тілге тиек етілген кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Қанат Саудабаев АҚШ-тың «ақыл орталығы» өкілдерінің және Қазақстан-Америка іскерлері ассоциациясының мүшелері алдында сөз сөйледі.«Жастар» Сарайының 50 жылдығы тойланады
Аңдатпа • Бүгін, 12:46
Санжар Тәшкенбай күміс жүлдегер атанды
Бокс • Бүгін, 12:41
Ауыл шаруашылығы саласында 142 миллиард теңге тиімсіз игерілген
Оқиға • Бүгін, 12:25
Ел мектептерінде медиация қызметтері пайда болады
Оқиға • Бүгін, 11:50
Сегіз жасар оқушы шахматтан Азия чемпионы атанды
Шахмат • Бүгін, 11:28
Ольга Рыпакова басшылық лауазымға тағайындалды
Спорт • Бүгін, 11:14