Кеше Президенттік мәдениет орталығының концерт залында британиялық саясаткер, жазушы Джонатан Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Кітап авторы Джонатан Айткен саясатта кездейсоқ жан емес. 1942 жылы Ирландияның астанасы Дублин қаласында туған оның атасы Рагби мен әкесі Айткен де Британия парламентінде консерваторлар партиясының мүшесі болған. Өзі де Британия үкіметінің және парламентінің бұрынғы мүшесі. Үлкен саясаттан кеткеннен кейін ол әлемдік тарихтағы белгілі тұлғалардың өмірбаянын зерттеумен айналысып, оның қаламынан 10-нан астам шығарма туған.
Тұсаукесерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков жүргізіп отырды. Автордың Назарбаев туралы кітабының тұсаукесері бұған дейін Англияда, АҚШ-та, Түркияда, Ресейде өткендігін айтып, әрі қарай ойын жалғастырған ол кітапта Елбасының бүкіл өмір жолы өте жақсы көрсетілгенін, қайраткерлік жарқын келбетінің де нанымды суреттелгенін, реформаторлық кескіні де, қазақ мемлекетін дамытудағы ерен еңбегі де жақсы айтылғанын атап көрсетті.
Сондай-ақ М.Жолдасбеков: «Автордың демократия туралы кей көзқарастарымен де келісе қою қиын. Батыс демократиясы қазаққа өлшеусіз кигізе салатын көйлек, я костюм емес, керек болса ол отбасында тәрбиеленетін бала да емес. Демократия – ұзақ уақыт бойы қалыптасатын, әр елдің тарихына, ұлттық ерекшеліктеріне, дәстүріне ыңғайланатын құбылыс. Демократияны қоғам қалыптастырады, заман қалыптастырады. Ұлыбританияда Азаттық хартиясының 1200-ші жылдары қабылданғанын, ағылшын әйелдері өздерінің саяси құқығын содан 700 жыл өткеннен кейін ғана алғанын Айткен мырза жақсы біледі деп ойлаймын. Ал, біз Тәуелсіздігімізге 1991 жылдың аяғында ғана қол жеткіздік», деді.
М.Жолдасбеков келесі кезекте қазақта демократия болған жоқ деп ешкім айта алмаса керек, деген пайымын жеткізді. Оның пікірінше, халқымыздың табиғатындағы кісілік, әдептілік, қайырымдылық, парасаттылық, кішінің үлкенді сыйлауы дейтін мінезі, тіпті қазақ даласында түрменің болмауы да, есігіне құлып салмаған салты да демократияның айқын белгісі болып табылады. Демократия дегеніміз – еркіндік. Қазақ – басынан еркін халық. Сондықтан Еуропадағы, Батыстағы достарымыз демократия деген сөзді өте сақтықпен, әдеппен пайдалануы керек. Кітаптың алдағы басылымдарында автор осы айтқандарды ескереді деп сенемін, деді жүргізуші.
М.Жолдасбеков сөзінің соңында Ұлы қазақ даласында бұрын да әрқалай мемлекеттік құрылымдар болғанын, бірақ олардың ешқайсысы дәл бүгінгі қазақ мемлекетіндей төрт құбыласы түгел, дербес мемлекет болмағанын көлденең тартты. Бұған дейін елімізде тұтас мемлекет құрудың тәжірибесі де болған емес, деді жүргізуші осы орайда. Талай кемеңгерлер де, даналар да, шешендер де, көсемдер де, батырлар да, ақылмандар да өмір сүрген. Бірақ Назарбаевқа дейін жаңа мемлекет орнатқан, оны баянды еткен, нығайтқан, әлемге танытқан, мойындатқан дәл сол кісідей тарихи тұлға болған жоқ. Тарихтың біз білетін шындығы осы. Бұл кітапта сол кезде әрқалай қызметте болған, Елбасына қолғабыс тигізген көптеген кісілердің кейбірінің аттары аталады. Олардың біразы осы залда отыр. Енді сол кісілерге сөз беруге рұқсат етіңіздер, деп сөз кезегін Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Бәйгелдиге ұсынды.
– Былтырғы жыл қазақ үшін қуанышты оқиғалармен аяқталып, қазақтың аты әлемге жайылып, абыройы асып еді, ал биылғы жыл біздің Тәуелсіздігімізге 20 жыл толатын, өткен өмірдің қорытындыларын шығаратын кезең болғалы тұр. Жылдың басы жақсы оқиғалармен басталды. Міне, соның бірі – бүгінгі тұсаукесер, – деді депутат. – Шын мәнінде біздің мемлекетіміз осы жылдар ішінде ұлы жолдармен жүріп өтті. Соның басы-қасында біздер де жүрдік. Біздің Елбасымыз кезінде одақтық деңгейдегі үлкен лауазымды қызметке шақырылғаны да есімізде, сонда оны қаламадық, өйткені, еліміз басшысыз қала ма деп қиналдық. Ал 20 жылда еліміз көптеген ауыртпалықты артқа тастап, өз дамуының даңғылына түсті. Қазақ елінің жаңа тарихының Елбасының ерен еңбегі арқасында жарқын беттері жазылып жатыр.
Мұнан соң мінберге сенатор Қуаныш Сұлтанов көтерілген. Кітапқа қатысты өз түйгенімді айтсам, бірінші – бұл кітаптың жаңалығы – тарихи саяси деректілігі, екіншісі – Еуропа жұртшылығында бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан елдерге, тіпті Азия елдеріне қатысты қалыптасқан стереотипті бұзып, автордың өзінің көзқарасын ұсынуы, бар жақсылық пен өркениеттің тек кәрі құрлықта ғана емес, өзге жұртта да бар екенін айтып, қалыптасқан қағидатты қайта қарау жөн дегені. Үшіншісі – әрине, шүкіршілік, жалпы бұл– тұлғатанудағы ерекше еңбек, деді сенатор.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов: «Біз бағалау туралы көп айтамыз. Ал ол салыстырмалы категория. Біреудің «керемет» дегенінен біреудің «жаман емес» деген бағасының артық болуы мүмкін. Бәрі де бағаны кімнің беруіне байланысты. Біз өзіміз қанша айтсақ та, біз туралы, ел туралы, Елбасы туралы сырттан айтылған сөздің құны бөлекше. Ендеше, біз осы кітаптың жазылу фактісінің өзіне ерекше назар аударуымыз қажет. Автор Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет аясы тек Қазақстанмен шектелмейтінін дәлелдейді, оның елімізді дамытумен, көркейтумен шектеліп қалмағандығын дәйектейді, Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес Одағының ыдырауы тұсындағы, ГКЧП бүлігі кезіндегі, ТМД-ны құрудағы бүкіл әлем тағдырына әсер еткен қадамдарын нақты мысалдармен көрсетеді», деді. Сондай-ақ С.Абдрахманов жиналғандар назарын мына жайға бұрып өтті. Ол – кітапта ұлтымыздың абыз ақсақалы Бәйкен Әшімовке қатысты деректің бұрмалануы: «Мәселе Джонатан Айткеннің Бәйкен Әшімовтің үкімет басқарған 14 жылын 20 жыл деп көрсеткенінде емес, сол жылдарды ол тек билікке бас шұлғумен ғана өткізді деуінде. Ал ол баға Бәйкен Әшімовтің өмір сипатына дәл үйлеспейді», деді С.Абдрахманов. Басылым басшысы бұдан кейін кітап авторына құнды еңбегі үшін рахмет айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі саңлақ саясаткер ретінде айрықша танылған тұсы елімізді ЕҚЫҰ төріне алып шыққан, Ұйым Саммитін өткізуге қол жеткізген шағы екендігін еске салып, алдағы кезде осы кезеңдерді қамтитын еңбек жазуын ұсынды.
Тұсаукесерде ғалымдар Мақсұт Нәрікбаев, Жабайхан Әбділдин, студент Арайлым Сейітжан өз ойларымен бөлісті. Рәсімнің соңында ата ғұрпымен шапан жабылып, құрмет көрсетілген Джонатан Айткен өзінің біздің елге деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Болашақта Қазақстанның XXI ғасырдағы дамуы жайында кітап жазатын ойы барлығын айтып, өз туындысына қатысты айтылған жекелеген тілек-ескертпелердің дұрыстығын, ендігі шығармасында оларды ескеретіндігін мәлімдеді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.