Брюссельде Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасында саясат пен қауіпсіздік мәселелері туралы жоғары деңгейдегі үнқатысудың үшінші отырысы өтті. Оның алдындағы басқосудың тәжірибесі жалғастырыла отырып, үнқатысуға арнайы қонақ ретінде Ауғанстанның өкілдері шақырылды.
Қазақстан тарапына Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жетекшілік етсе, құрамында Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері болды. Еуропа делегациясын Еуропа Сыртқы әрекеттер қызметі Бас хатшысының орынбасары Хельга Шмид басқарды.
Кездесуге қатысушылар Еуропалық одаққа, Орталық Азияға және Ауғанстанға қатысты негізгі мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар 2015 жылы наурызда Душанбе қаласында өткен кездесу барысында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысын, сондай-ақ, радикализм мен терроризм қатеріне қатысты сын-тегеуріндерді талқылады.
Еуропалық одақтың жаңартылған БОМКА және КАДАП өңірлік бағдарламалары шеңберінде шекараны басқару мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ, Еуропалық одақтың Ауғанстан шекарасын басқару жөніндегі БОМНАФ бағдарламасы шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше назар аударылды.
ЕО – Орталық Азия пішіміндегі үнқатысу өзара қызығушылық тудыратын саяси және қауіпсіздік мәселелерін талқылауға және оларды шешуге арналған тиімді алаңға айналды. Ауғанстан өкілдерінің отырысқа қатысуы өңірдегі жағдайды мейлінше кең тұрғыда қарастыруға, сондай-ақ, Орталық Азия елдеріне, ЕО мен Ауғанстанға осы мемлекеттің одан әрі орнықты дамуы үшін жағдайлар жасау бойынша бірлескен қадамдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Р.Василенко Ауғанстандағы жағдайдың дамуы негізінен Еуропалық одақ пен өңірдегі көрші мемлекеттер сияқты мүдделі сыртқы акторлардың елді қайта құру үдерісіне қатысуға деген қызығушылығының деңгейіне тәуелді болып табылатынына сенімді екенін білдірді. Біз үстіміздегі жылдың күзіне жоспарланған Ауғанстан бойынша конференцияның қорытындыларын асыға күтудеміз. Еуропалық одақ пен оған мүше мемлекеттер осы елдің одан әрі дамуына елеулі қаржылық және тәжірибелік үлес қосатынына сенімдіміз», – деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Үнқатысуға қатысушылар өңірдегі көліктік-транзиттік мүмкіндіктерді дамыту мәселелеріне, сондай-ақ, Қазақстанның «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бағдарламасына, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі және т.б. ірі жобалардың үйлесімді толықтырылуы мен келешегіне ерекше назар аударды.
«Егемен-ақпарат»