21 Мамыр, 2016

Жетісуда мәдениет саласының үздіктері марапатталды (фото)

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

21-05-16-almaty-kultura-1

ТАЛДЫҚОРҒАН. 21 мамыр. Кеше Алматы облысында мәдениет саласының үздік мекемелері мен жекелеген қызметкерлері анықталып, облыс әкімінің сыйлықтары мен марапаттарына ие болды. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Ол мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен жиында жария етілді. Салтанатты жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі мәдениет және өнер ұжымдарының жеткен жетістіктеріне, ел тәуелсіздігінің 25 жылында атқарылған игі істерді насихаттаудағы өнер адамдарының сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. Аймақ басшысы сонымен қатар, облыс мәдениет қызметкерлері алдарында тұрған міндеттерге тоқталып, саланы дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа нысандардың құрылыстары басталуда, штат бөлініп, материалдық-техникалық базалары нығайтылып келеді. А. Баталов сөзінің соңында сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, оларға алдағы уақыттарда да ел игілігі жолында жемісті қызмет ете беруге тілектестік білдірді. Содан кейін өз ісінің үздіктеріне Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарын табыс етті. Осы орайда 16 аталым бойынша үздік танылған озаттарға ақшалай-заттай сыйлықтар тапсырды. М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының «Үздік мәдениет мекемесі» болып танылды. Осы үшін мекемеге автокөлік берілді. Бұдан әрі түрлі номинациялар бойынша үздік атанғандар марапатталды. Атап айтқанда, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Базарбай Тоқымтаев «Үздік актер», осы ұжымның актрисасы Толғанай Ағламова «Үздік актриса», Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақберген Асқарбеков «Үздік әнші», осы өнер ұжымының мүшелері Алтынай Күрішбаева «Үздік биші», Алма Кішікбаева «Үздік музыкалық аспапта орындаушы» номинацияларына ие болды. Үздіктер қатарынан сондай-ақ Іле аудандық және Жамбыл ауданы, Қаракестек ауылдық кітапханалары, Панфилов ауданындағы «Айжанқыз» халықтық би ансамблі көрінді. Жеңімпаздарға диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұдан бөлек, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жаңа автобустың кілті берілді. Мерекелік кеште мәдениет саласының ардагерлері атынан Надежда Лушникова, сала қызметкерлері атынан Алакөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арнұр Садықов сөз сөйледі. Мереке қорытындысы өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Нұрбол Әлдібаев. Дерек, фото: Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.

21-05-16-almaty-kultura-2 21-05-16-almaty-kultura-3 21-05-16-almaty-kultura-4 21-05-16-almaty-kultura-5 21-05-16-almaty-kultura-7