21 Мамыр, 2016

Астанада екі күн бұрын жоғалған 11 жасар қыз табылды

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-05-16-beketova-1

АСТАНА. 21 мамыр. Астанада бұдан екі күн бұрын үшті-күйлі жоғалып кеткен 11 жасар Жамал Бекетова аман-есен табылды. Бұл туралы Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «Иә, жоғалған қыздың табылғаны рас», - деді баспасөз қызметінің қызметкерлері. Еске сала кетейік, жасы кәмелетке жетпеген қыз баланың анасы Алтыншаш Бекетова бұдан екі күн бұрын, 19 мамырда сағат 23:00 шамасында полицияға қызының аяқ астынан жоғалып кеткенін айтып, шағымданып келген еді. Ол 2005 жылы туған Жамал Бекетованың сол күні шығып кеткеннен қайтып келмегенін жеткізді. «Жедел-іздестіру шаралары кешені барысында жоғалып кеткен Жамал Бекетованың жүрген жерлері анықталды. Ол Астана қаласының Железнодорожный кентінен табылды. Оған қарсы ешқандай заңға қарсы әрекеттер жасалмаған. Қазіргі сәтте Астана қаласының Алматы ауданы ішкі істер басқармасының ювеналды полициясының қызметкерлері қызды ата-анасына апарып тапсырды», - деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегілер. Полициядағылар тексеру жұмыстарының нәтижесінде қыз баланың бұдан бұрын да үйден бірнеше рет кетіп қалғанын анықтағанын баяндады. Осыған байланысты ішкі істер қызметкерлері оның ата-анасымен алдын алу жұмыстарын жүргізіп те келген екен. Атап өтетін жайт, іздестіру жұмыстарына волонтерлер мен жергілікті тұрғындар да қатысқан. Қыздың жоғалғаны жайындағы хабарландырулар әлеуметтік желілерде де жарияланған. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.