21 Мамыр, 2016

Жоғалған бөбектің мәйіті Нұра өзенінің арнасынан табылды

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12-05-16-elina

КӨКШЕТАУ. 21 мамыр. Ақмола облысында бұдан 11 күн бұрын аяқ астынан жоғалып кеткен 2 жасар Эллина Кульдинаның өлі денесі табылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Департаменттің кезекшілік бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүлдіршін қыздың мәйіті бүгін кешкі сағат 20:55 шамасында Нұра өзенінің арнасынан табылған. Еске сала кетейік, бөбектің үшті-күйлі жоғалып кету оқиғасы биылғы 10 мамыр күні облыстың Целиноград ауданына қарасты Р.Қошқарбаев атындағы ауылының маңында Нұра өзенінің жағасында орын алған болатын. Осы жерге таза ауа аясында демалуға келген үш кісіден тұратын астаналық отбасы мүшелері, яғни әкесі мен шешесі орталарындағы жалғыз бала - 2 жастағы қыздарынан қапелімде көз жазып қалған. Кейін ата-ананың өз беттерінше жүрген кездерінде бүлдіршіннің өзен жағасына қарай кетіп қалғаны белгілі болды. Су жағасынан оның ойыншығы табылды. Өзеннің осы тұстағы жарының биіктігі 6 метр болады екен. Осыдан кейін баланы жаппай іздестіру басталды. Оған қыздың ата-анасы, туған-туыстары, полицейлер мен құтқарушылар және еріктілер қатыстырылды. Іздестіру жұмыстарының барысында полицейлердің қыздың ізіне түскен иісшіл қызметтік иттері өзеннің жағасына алып келді. Іздестіру жұмыстары барысында волонтерлер тіпті белгісіз біреудің бейітін қазуға дейін барды. Соңғы күндері қыз баланың ата-анасының үстінен Қылмыстық кодекстің141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Ол әке мен шешеге «баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісті деңгейде орындамағандары» үшін айып тақты. Онда кішкентай қыздың жоғалуына әке-шешесінің кінәлі екені дәлелденсе,  олар 4,5 миллион теңге айыппұл төлейтіні немесе 2 жылға  бас бостандықтарынан айрылатыны айтылған. Ал баланың өлі денесі табылған жағдайда ата-анасы 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екені алға тартылған еді.. Бақберген Амалбек. Дерек: Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.