29 Қаңтар, 2011

АРМЫСЫҢ, АҚ АЗИАДА!

790 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Ертең елордадағы «Астана-Арена» стадионында VII Қысқы Азия ойындарының жалауы көтеріледі

Алматы және Азиада

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен әңгіме

– Құрметті Ахметжан Смағұлұлы, Азиада кезінде көптеген шетелдік мәртебелі меймандар келейін деп отыр ғой. Соларға ару қала Алматымызды қалай сипаттап таныстырар едіңіз? Бүгінгі Алматы дегеніміз не, өзіндік дара қасиеттері және ел өміріндегі мән-маңызы қандай? – Ең алдымен, біздің Алматымыз Ала­таудың баурайын жайлаған әлемнің аса кө­рік­ті қалаларының бірі. Сан алуан сұлу та­биғат аясы мен туристік маршруттар оның тартымдылығын арттыра түскен. Өткен жылы дүние жүзінің урбанистика саласын­дағы жетекші ғалымдары ша­һары­мыздың мың жылдығын айғақтаған қарар қабылдады. Қаланың көз тартар көрікті орындары­ның қатарында VІІ Қысқы Азия ойын­дары өтетін бірегей спорт кешендері – биік таулы «Медеу» мұз айдыны мен «Шым­бұлақ» тау шаңғысы курортын алдымен айтар едік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны ел тәуелсіздігінің бесігі деп ата­ды. Алматы тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш астанасы. Бүгінде ару қала елдің қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің орталығы болып қалып отыр. – VІІ Қысқы Азия ойындарын Ал­ма­ты­да өткізу жөнінде шешім қа­был­дауға ық­пал еткен негізгі себептерді ай­тып өтсеңіз? – «Медеу» және «Шымбұлақ» сияқты бірегей спорттық нысандарын және таби­ғи-рекреациялық әлеуетін ескере отырып Азиа­даны өткізу құрметі әуел баста Ал­маты қаласына тиген болатын. Әрине, бұл ретте мегаполистің халықаралық стан­дарт­тарға сай келетін дамыған инфра­құрылымы аз рөл атқармағаны анық. Алматыда Азия ойындарын өткізу мақ­са­тында халықаралық федерация әлемдегі ең таңдаулының бірі деп таныған орасан зор шаңғымен тұғырдан секіру кешені, шаңғы және биатлон стадиондары салын­ды, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы, Алматының інжу-маржаны – «Медеу» мұз айдыны және жер-жаһанға танымал «Шым­бұ­лақ» тау шаңғысы ку­рор­ты бастан-аяқ танымастай жаңартыл­ды. Келешекте «Шым­бұлағымыз» әлемнің аса ірі тау шаңғысы курорттарының ал­ғаш­қы ондығына кірмек, ал Алматы қала­сы әлемдік деңгейдегі сервисі бар, сегіз қиыр шартараптан туристер қабыл­дауға қа­бі­летті Орталық Азиядағы бірден-бір орын болмақ. Элита-санатты Mariot, Holiday Inn, Radisson, Rixos, SAS Medeu, Kempinski Bayterek, Tulip сынды қонақ үйлердің, сон­дай-ақ көлік және тұрғын үй инфрақұры­лымы нысандарының болуы, бұған қоса ұтымды жағрапиялық орналасуы мегаполисті аса ірі транзиттік торапқа, тоқсан тарау­дың тоғысына айналдыра алмақ. Кейінірек Азиаданы елордада да өт­кізу жөнінде шешім қабылданды. Бұған Астанада республикалық велотрек, конькимен жүгіре­тін жабық стадион және басқалары сынды бірқатар нысандардың болуы әсер етті. Әрине, оларды Алматыда қайтадан салу қисынға келмейтін. – Спорттық нысандарды салумен және жаңалаумен қандай компаниялар айна­лысты? Осыншалықты қыруар жұмысқа қанша қаржы жұмсалды? – Алматыдағы спорттық нысандар мемлекет пен инвесторлардың қолдауы арқасын­да қаланың өзінің, респуб­лика­ның Туризм және спорт министрлігінің күшімен салы­нып, жаңаланды. К-125, К-95 халықаралық шаңғымен тұ­ғыр­дан секіру кешені – қыс пен жазда бірдей жұмыс істейтін әлеуметтік-мәдени мәндегі бірегей құрылыс. Оның 5500 кө­рер­мен орын­дық мінберлі және кешен­нің батыс беткейіндегі террасалы осызаман­дық көпсалалы ғи­ма­раты, сондай-ақ заманауи медиа-орталығы бар. Әлемде нақ осындай тұғырдан секіру кешендері бірнешеу ғана. Бірақ біздің кешен­нің бір өзгешелігі сонда, ол 125 және 95 метрлік екі секіру тұғырының басын қосқан. Шаң­ғымен тұғырдан секіру кешенін халық­ара­лық беделді сарапшылар мен спорт өкіл­дері техникалық сипаттама­лары, сәу­леті жә­не табиғи жағдайлары бойынша әлем­дегі ең таңдаулының бірі деп таны­ды. Құ­рылысқа тапсырыс берген Алматы қала­сының құры­лыс басқармасы. Мердігері «Төлқұрылыс» ЖШС, жобалаушысы «Данстрой» АҚ болды. Жоба құны 22 млрд. теңгеге тең. Биік таулы «Медеу» спорттық кешенінде аса заманауи автоматты тоңазыт­қыш жабдық, табло орнатылды. Дабыл белгісі, ақпараттан­дыру және қауіпсіздік жүйелері жаңартылды, көше жарығын және жарыс кезіндегі арнайы прожек­тор­ларды энергиямен қамту жөнінде ауқ­ым­ды жұмыстар атқарылды. Мұндағы плас­тик отырғыштар ағаш отырғыштармен ауыстырылды, мінбер астындағы орын­жай­лар жөнделді. Нысанның энергиямен жаб­дық­талуы жаңадан салынған «Медеу» кіші стансасына қосылды. Қоғамдық орынжайлар, соның ішінде баспасөз орталығы, көпшілік сырғанақ тебу дәлізжайы, мұражай, спортшылардың киім ауыстыратын орны, дәрігерлік көмек орта­лығы, спортшылар мен келушілер тыныға­тын бөлме жаңартылды. Сондай-ақ, кешен аумағы абаттандырылды. Алаң өңірлік және халықара­лық деңгейдегі спорттық шаралар­ды, конькимен жүгіру, бенди, хоккей бойын­ша жаттығу­лар өткізуге әбден лайықталды. Жобаның жал­пы құны 10,2 млрд. теңгені құрады. Осы орайда қала құрылыс басқар­масының тапсырысын «Риан Инжиниринг» ЖШС орындады. Азиада қарсаңында инвестор «Капитал Партнерс» ЖШС «Медеу-Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жөніндегі аса ірі тағы бір жобаны аяқтады. Бұл арадағы мердігер – «Шымбұлақ девелопмент» ЖШС. Енді тө­мен­дегі «Медеу» бекетінен «Шымбұлақта» ор­наласқан аспалы жол­дың жоғарғы нүкте­сіне жайлы кабинамен 20 минөтте жетуге болады. Бұл ұзындығы жөнінен әлемдегі екінші аспалы жол. Оның жалпы ұзындығы төрт жарым шақырым. 114 кабинамен 8 жо­лау­шыдан отырып сағатына екі мың адамға дейін тасымалданады. Осы керемет аспалы жол құрылысына 10,4 млрд.теңге жұмсалды. Тынығушыларға ыңғайлы болу үшін аспалы жолдың басында 150 және 850 орын­дық жер асты және жер бетіндегі автотұ­рақтар жасалды. «Шымбұлақта» көрермен­дер үшін мінбер тұрғызылып, бет­кейлерді жасанды қарландыруға да­йын­дау жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Мұнда Азиада шеңберінде шаңғымен құл­дилау және слалом-гигант бойынша жа­рыс­тар өтеді. Бұл дегеніңіз, Азиаданың ма­ңыз­ды нысаны ғана емес, сонымен бірге Ал­ма­тыдағы туризмді дамытуға арналған, абы­ройымызды асқақтата түсер жоба. Бұл әлем­дік стандарттар деңгейінде қызмет көрсе­тетін Орталық Азиядағы бірден-бір орын. Балуан Шолақ атындағы Спорт са­ра­йы­­ның бірінші кезегі аяқталды. Жа­ңа­ла­ған­нан кейін Сарайдың сыйымдылығы 4500 адамға дейін ұлғайды. Сарай арена­сы әмбебап. Спорттың мұз айдынындағы түрлерінен бө­лек, мұнда басқа да әралуан жарыстар өткі­зілетін болады. Осыған орай ақпараттық табло, әлсіз токты инженерлік байланыс жү­йе­­лері, сондай-ақ хабарлау мен қауіпсіз­діктің соңғы жүйелері орнатылған. Жоба­лық құны 14,3 млрд. теңгені құраған жұмыс­тарды Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойын­ша «СЭФ» компаниясы орындап шық­ты. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезегі – жаттығу стадионы мен жер асты автотұра­ғының құрылысы жалға­су­да. Балуан ата сарайында Азиаданың әйелдер шайбалы хоккейінен жарыстар өтпекші. Біз сондай-ақ Алматы облысының Тал­ғар ауданындағы шаңғы-биатлон стадио­нын­дағы және «Табаған» шұратындағы фристайлдан жарыс өтетін стадионның құрылыс жұмыста­рының барысын мұқият қадағалап отырдық. Шаңғы және биатлон стадиондары кешені бойынша Туризм және спорт министрлігінің тапсырысын «СМП Алматы» ЖШС орында­ды. Жобаның жал­пы құны 13,1 млрд. теңге. Мұнда шаң­ғы­мен спорттық бағдарлаудан, биат­лоннан және шаңғымен жүгіруден жарыстар өтеді. «Табаған» спорттық-сауық кешенінде ха­лықаралық шаңғы спорты федерация­сының техникалық делегаттары тексеріс өткізіп, онда фристайл жарыстарын өт­кізуге сәйкестік жөніндегі сертификатты табыс етті. – Қазақ атамыз: «Келгенше қонақ ұяла­ды, келген соң үй иесі ұялады» дейді. Спорт­шылар мен қонақтарды ор­на­ластыру, күту орайында қандай дайын­дықтар жасалды? «Мәдени Азиада» жөнінде кеңірек білсек деп едік? Қауіп­сіздік, медициналық қызмет дәрежесі қандай болмақ? – Қала Азиадаға қатысушылар мен қонақ­тарды қарсы алуға дайын. Спорт нысан­дары халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды. Әрине, қауіпсіз­дікті қамтама­сыз ету және қажет жағдай­да кәсіби меди­циналық көмек көрсету Азиада күндеріндегі шұғыл міндеттердің қатарына жатады. Біз Азиада жұмысына жегілген қаланың барлық көмекші құры­лымдарында тексеріс өткіздік. Азиадаға қатысушылар мен қонақтар тұра­тын орын­дарды қоса, спорт нысандарында оқу-жат­тығулар ұйымдастырылды. ҰҚК лаң­кестікке қарсы орталығы қалалық жедел шта­бымен өзара байланыс жолға қо­йылды. Азиада ойындары қарсаңында әрі өтетін уа­қы­тында қаланың азаматтық қор­ғаныс және төтенше жағдай қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Жарыстардың барлық нысандарында ме­дициналық пункттер үшін барлық талаптарға сай орынжайлар бөлінді. Азиада кезінде іске қосылған барлық медици­налық мекемелер қа­зақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі навига­ция­­лық маңдайшалармен жабдықталды. Зардап шеккендерді жылдам алып кететін кө­шіру жоспары әзірленді. Осы мақсаттарда медици­на­лық жедел жәрдем автомобильдері қосым­ша сатып алы­нып, олар не қажеттің бәрімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Төтен­ше жағ­дай министр­лігінің бортында медици­на­лық қыз­меткері бар әуе авиациясын пайдалану жоспарланған. Бірінші ақпанда басталатын «Мәдени Азиа­да» бағдарламасы біздің ғажайып қала­мыздың қонақтарына Қазақстанның қазіргі мәдениетінің барша қырымен та­нысуға және жақсы тынығуға мүм­кіндік беретіндей етіп әзірленген. Қазақ­стандық белгілі өнер шеберлері, танымал әртістер халықтық, класси­ка­лық, джаз және осызамандық музыка орын­даушыларының қатысуымен өтетін бірқатар концерттік бағдарламалар «Алматы – мәдени астана» акциясы аясында ұсынылмақ. Алматы мұражайларында Қазақстан­ның бейнелеу және қолданбалы өнерінің жәрмең­ке-көрмелері өтеді. Сондай-ақ біздің мәде­ниет басқармамыз кино өнері­нің әуесқой­ларына «Киноазиада-2011» қызғы­лық­ты бағдарламасын, жастар үшін ашық аспан астындағы «ALMATY WINTER DANCE» атты қалалық би думанын, «Азиада аруы – 2011» байқауын әзірледі. «Медеуде» «Қарлы Барыс саябағы» қанат жайып, қала қонақтары мен ба­ла­ларын ерткен алматылықтардың спорт­тық рухын және белсенді демалысын қанат­тан­дыратын тақы­рыптық алаңға айналмақ. 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары­ның ресми жабылу салтанаты 6 ақпан күні Алматыда, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді. Сағат 17-де басталатын осынау думанды бағ­дарлама, театрланды­рыл­ған көрініс­тер, жарқылдаған отшашулар, ойындарға қатысқан командалардың шеруі және ресми өкілдердің сөздері жарқын оқиға болмақ. Бұл тарихи сәттерді теледидардың тікелей хабарынан, сондай-ақ «Медеу» спорт­тық кешенінде орнатылған LED дисплейлерінен тамашалауға болады. Кіруі еркін. Дәстүрге сай, 2011 жылғы Азия ойындары­ның жабылуы құрметіне салтанат аяқталған­нан кейін халық­аралық шаңғымен секіру тұ­ғырлары кешенінде мерекелік отшашу атылады. – Азиада Алматыға не береді, қандай үл­гілі із, тағылым-ғибрат қалдырады деп ой­лайсыз? – Азиада ару қаламыз үшін асулы белес, жарқын оқиға. Соның арқасында Алматы үлкен спорттың ғана емес, жаһандық деңгей­дегі мегаполис ретінде әлемдік қоғамдастық тари­хына да енеді. Осы жайды шетелдік сарапшылар да ай­ғақтап айтып жатыр. Азия ойын­дары­ның Алматы қаласында өтуінде бірден-бір ерен еңбек Елбасыныкі. Ғаламдық қаржы дағдарысының қиын кезеңінде Мемлекет басшысы елдің іскерлік, қаржы, мәде­ни һәм тарихи орталығын одан әрі дамыту үшін спорт нысандарын салу мен жаңалауды аяқтау орайында маңызды батыл шешім қабылдаған еді. Сөйтіп біз Президенттің тікелей тапсырмаларын орын­дадық. Барлық жұмыстар мерзімінде әрі сапалы атқарылды. Мемлекет бөлген қаржы мақсаткерлікпен әрі тиімді пайдаланылды. Қысқы Азия ойындарының Алматыда өткі­зілуі қаланың туристік орталық ретінде дамуы орайында да үлкен маңызы бар. Бұл дегеніңіз небәрі бірнеше күнде жұлдыздай ағып өте шықса да, замандастардың, жас ұрпақтың жа­дын­да жарқын із қалдыратын абыройлы іс-шара. Бұдан соң барлық әлемдік талаптарға сай келетін, жаңаланған спорт нысандары алматы­лықтардың игілігіне қыз­мет етпек. Алатау баурайындағы ордалы ша­һа­рымыз ірі спорт орта­лығына айналады. Сол арқылы біз өз қала­мызда халықаралық туризмді дамытып, бұқа­ра­лық спортты кеңінен қанат жайғызып өрістету үшін қажетті алғышарттар жасаймыз. Осы ретте елдегі барлық туристік фирмалардың тең жартысы Алматыда екендігін, Қазақ­станға келген әрбір бесінші турист ару қаламыздың қонағы болатынын айта кеткеніміз орынды. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы. Суреттерді түсірген  Берсінбек СӘРСЕНОВ.

Астана алауы

Азиада – төрлет Қазақ төріне, Туды көтер қазағымның көгіне, Бақыт болып келдің туған жеріме, Қуаныш боп ендің бүгін Еліме! Ұл-қыздарым танытатын ерлігін, Спорт тойын тойлай-тұғын келді Күн, Алау оты Алматыдан басталып, Астанама келіп жеттің сен бүгін! Алау оты – даламызға жетті кең, Халқымызға қуат берер от білем. Спорт десе туған Елім бұдан соң, Ішкен асын жерге қояр деп білем. Тұңғыш елім бұл бір іске жан салды, Алатау мен кең даламыз тамсанды. Азиада алау отын осынау, Елбасымыз бастап бүгін қарсы алды. Бұрын халқым қасіретті көп көрді, Бодан болып көз жасын да төккен-ді. Алау оты қазақ жұртын аралап, Сөнбей-тұғын жүректерге от берді. Керуен-сапар ұлы көшпен көшкенмін, Тілегі бір талай жолда дос көрдім. Азиада алау оты алаулап, Алматыдан – Астанама қош келдің! Елді аралап отпен жүзді ақжелкен, Азиада – баяны мол бақ көркем. Батыс, Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік, Төрт құбылам Алау отын жақты өлкем! Көкке атылып Барыс сынды пырағы, Біз қуандық жанып көздің шырағы, Енді Қазақ жүрегінде мәңгілік, Алау оты мәңгі жанып тұрады. Мыңнан – тұлпар, Жүзден жүйрік жарып бір, Қуаныштан қолын соғып халық тұр. Азиада алау оты лапылдап, Әрбір Қазақ жүрегі боп жанып тұр!.. Шөмішбай САРИЕВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Алау Астанаға асты

Оны кеше қарағандылықтар мен теміртаулықтар салтанатпен шығарып салды

Бұл күнді қара­ған­дылықтар тағатсыздана күткен еді. Елдің басты қалалары тұрғындары қо­шеметпен қарсы алып, шы­ғарып салып, Астана­ға табан тірер сәттегі Азиада алауын өздері де көріп қалу мүмкіндігі қуант­қан болатын. Кеше көше-көшелерге шыққан алау ұстаушыларды қол шапалақтап ұзатып салу­шы қарақұрым жұртқа солай болды да. Соның алдындағы кеш­кісінде Қазақстан ха­лық банкінің филиа­лын­да сақталып, Тәуелсіздік ескерткіші түбінде тұтанған алауды облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев тұтатып, қала әкімі Бауыр­жан Әбдішевтің қолына та­быс етті. Ол оны межелі жерге жеткізген бетте әйгілі боксшы Серік Сәпиев жалындаған алауды жоғары көтеріп шеруді одан әрі жалғас­тырды. Қаланың жаңа орталығына айналып келе жатқан Оңтүстік-Шығыс аймағынан «Шахтер» ста­дио­нына дейінгі басты көшелерді бойлай желіп өткен алау ұстау­шылар арасында 1972 жылғы Мюн­хен Олимпиадасына қатысу­шы велосипедші Анатолий Степаненко, қазақ боксының саңлағы Серік Нұрқазов, белгілі ғалым, ҰҒА академигі Серғазы Әдекенов, алыс қашықтықтарға жүгіруші желаяқ Павел Сиротин, облыстық мәсли­хат­тың депутаты Ерлан Досмағам­бетов сынды азаматтар болды. Жал­­пы, алауды көтеру құрметі 60 адамға тиді. Эстафетаға қатысуға 16 жастағы жеткіншектен бастап 75-тегі қартқа дейін қамтылды. Солардың ішінен өнер жұлдыз­дары Қарақат Әбділдина мен Мақ­пал Жүнісованы жазбай таныған жұрт екеуіне ризалық­пен қол соқты. Олар сонымен қатар осынау оқиға құрметіне әннен шашу шашып, жерлестерін екі қуантты. Шерудің бірінші кезеңі тү­йіс­кен Нүркен Әбдіров атын­дағы спорт сарайы алдында екі сағатқа жуық үзіліс жасалып, ол содан соң Бұқар жырау кө­шесі бойымен Теміртауға шыға беріске қарай жалғастырылды. Ал бұл уақытта жиналғандар театрландырылған қойылымды қызықтады. Теміртау демекші, 12 ша­қырымды қамтыған эстафета­ның үшінші кезеңін металлургтер шаһары іліп әкетті. Қара­ған­ды­лықтар қолындағы алау­ды бокс тарланы Тайлан Топаев теміртау­лықтарға табыс етті. Онда қол­дан-қолға жоғары кө­терілген алау Металлугтер мә­де­ниет са­райы­ның алдына жеткізіліп, оны осы тұста тосып тұрған қалың қауым сүй­сіне тама­шалады. Алау Аста­наға шығарып салынды. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.

Байланыс:  №1 дайындық

Таяу күндері Азия ойын­да­рының ресми ұялы байланыс опе­раторы – GSM Қазақстан/Kcell оңтүстік астана журналистері үшін арнайы пресс-тур ұйым­дас­тырып, Азиадаға қатысушы­лар мен қонақтарды байланыс жә­не ұялы интернетпен қамта­ма­сыз етудің жай-жапсарынан хабардар етті. Компания мамандары журналистерге Медеу мұз айдынында, Халықаралық тұғырдан секіру кешенінде, сондай-ақ биатлон алаңында орнатылған құрал-жаб­дықтарды көрсетті. Пресс-турға қатысушылар байланыс сапасын сол арада тексеріп көруге мүм­кіндік алып, бейне-қоңыраулар шалудың, ұялы интернеттің жыл­дамдығын байқады. Ұялы байланыс сапасы – Азиа­даны техникалық тұрғы­дан қамтамасыз етудің ең ма­ңыз­ды бөлігі. Жарыс барысын­да әлем­дік стандартқа сай жо­ғары сапа­лы байланыс жұмыс істеп тұру үшін GSM Қазақ­стан/Kcell Астана мен Алматы қалаларын­дағы Азиада нысан­дарында қо­сым­ша 62 базалық станса орнат­қан. Бұл желілер­дің сыйымды­лығын арттырып, ойындар жү­ріп жатқан кезде байланыстың шарықтау салма­ғын көтере ала­ды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.

Біз оларға сенеміз

Еліміз құрама командасының денін құрайтын Кенді Алтайдың қысқы спорт түрлері бойынша саңлақтары Азиадада қалай өнер көрсетпек? Елімізге медальдарды барынша көбірек беретін шаңғышылар, биатлон, фристайл, тау шаңғысы, шаңғы­мен бағдарлау спорт түрлері бойын­ша шығыстың 18 ұл-қызы Алматы мен Астанада өтетін дүбірлі жарыста бағын сынамақ. Ал шайбалы хоккейден қыздар арасындағы жарыста Д.Обыденнова, А.Орлова, А.Фукс, М.Топкаева, допты хоккейден (бенди) А.Ларионов сынды жерлестеріміз ел құрамасына барынша көбірек медаль әперу үшін күш салмақ. Ал шай­балы хоккейден «Барыс» коман­дасы сапында өнер көрсететін жер­лес­теріміздің де аз еместігін ескерсек, шығыс сайыпқырандарының жерге қаратпасына сенімдіміз. Хош, енді Азия ойындарында кімге сенім артамыз? Биылғы сәуірде 24-ке толатын Алексей Полтораниннің  жұл­дыз­ды сәті әлі алда дегіміз келеді. Неге? 11 жасынан шаңғы спортына бауыр басқан осынау жігерлі де қай­сар жігіт бас-аяғы 13 жылда дүбірлі жа­рыс­тарда адам сенгісіз табыстарға жетті. Сын сәтте сүрініп кетіп, Ванкуверде өткен Қысқы Ақ Олимпиадада қолда тұрған қола медальдан айы­рылып қал­ған Алек­сей сол өкі­ніштің орнын тол­ты­рып, өткен жыл­дың 11-16-шы жел­тоқ­санында Швейцария­ның Давос қа­ласында өткен Әлем ку­бо­г­ы­ның кезекті кезеңінде 15 шақы­рым­ға классика­лық ү­лгіде жүгіруде айды аспанға шы­ғарып, талай  жам­поз­дарды шаң қапты­рып, алтыннан алқа тақты. Содан кейін қысқа қа­шық­тықта екінші орынды иеленді. 2004-2010 жылдар аралығында Алексейіміз сан мәрте халықаралық жа­рыстарда еліміздің намысын қорғап, абырой биігінен көріне білді. Ендеше атақты шаңғышы Владимир Смирновтың табысын қайталай алатын Алексей Полторанин десек, қателесе қоймаспыз. Оның үстіне облыс әкімі Б. Сапарбаев талабы таудай шаңғышыға қаланың көрікті жерінен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етіп, басқа да жағдайларды жасап отыр. Елімізде соңғы жылдары алға басқан тағы бір спорт түрі – фристайлден Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева, Юлия Родионова, Дмитрий Бармашов могулда және жұптасып өнер көрсетпек. Қазақ­стан құрамасы сапында Азия ойын­дарын­да сынға түсетін осы төрт қыз-жігіттен үлкен үміт күтеміз. Шаңғымен жүйіткіген кезде соң­дары­нан аппақ боран ұйытқып, алға қарай құстай самғаған ұл-қыздарымыз Қазақ­стан құрамасына медальдардың денін әпере ме деген үміт бар. Еліміз құ­ра­масы сапындағы тәжірибелі шаңғы­шы­лардың бірі – Сергей Черепанов. Ол қазір кемел шағында – 25 жаста. Екі бірдей Олимпия ойындарына қатысып, мол тәжірибе жи­нақтаған Сергейдің әкесі, бапкері П.Че­ре­пановты Риддердегі спорттағы да­рын­ды балаларға арнал­ған мектеп-интернатта жолықтырған едік. Шаңғышының бапкері Сергейдің Азиа­дада төрт бірдей қашықтықта, атап айтқанда, 10, 15, 30 және 4х10 шақырымдық эстафетада жү­гіретінін тілге тиек еткен еді. Міне, сол төрт сайыста кем дегенде үш медаль алу ойда бар деді бапкер әкесі. Еліміздің намысын ұзақ жылдар бойы абыроймен қорғап келе жатқан С.Малахова, Е.Коломина, О.Яцкая, А.Слоновадан да түрлі деңгейдегі алқаларды күтетінімізді несін жасырайық. Себебі, бұл жолғы Азиаданың орны бөлек. Бұдан бұрынғы жоғарғы жетістігіміз командалық есепте екінші орын болса, енді өз жерімізде көш бастап жатсақ, айып емес шығар. Жоғарыда аты аталғандар алғашқы орындар үшін күш салатыны сөзсіз. Еліміздің солтүстігі­нен өнер көрсететін Николай Чеботько мен Евгений Кошевой Туриннің Праджелато План жарыс алаңында спринттен сәтті өнер көрсетіп, алғашқы алты­лыққа енгенін өз көзімізбен көргенбіз. Басқа жігіттер де ел намысын абырой­мен қор­ғайды деген ниеттеміз. Шығыстың құралайды көзге атқан мерген әрі шаңғымен желмен жарысқан биатлоншы ұл-қыздары Сергей Наумик, Ян Савицкий, Ольга Полторанина, Инна Можевитина, Олимпиада чемпионы Елена Хрусталева сияқты жүлде іліп түсу үшін бар күш-жігерлерін жұм­сай­ды деген ойдамыз. Аты аталған биат­лоншылардың барлығы тәжірибелі бапкер М.Дудченконың қарамағында жат­тығады. Биатлоншы ұл-қыздардан кем дегенде бес-алты медаль күтеміз. Тау шаңғысынан тәжірибелі Игорь За­кур­даевтың алдыңғы орындардың бірін алатынына сенімдіміз. Ал шаңғы­мен бағдарлау жарысында В.Лиличенко, А.Бабенко, Е.Кузьмина да алдыңғы орын­дар үшін күреспек. Азия ойын­дары елдігімізге сын. Шығыс Қазақстан облыстық туризм және спорт басқар­масының бас­ты­ғы, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов Кенді Алтай саңлақтарының Азия ойындарында кем дегенде 15 медаль алулары үшін барлық мүмкіндіктерін жұмсайтынын тілге тиек етеді. Спорт­шыларға барлық жағдай жа­салынған, қаржы, киім жағынан проб­лема жоқ. Олардың шетелдерде жатты­ғу­ларына да мол қаржы бөлініп отыр. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. Суреттерде: солдан оңға қарай –  Юлия Галышева, Светлана Малахова, Алексей Полторанин, Дмитрий Рейхерд, Сергей Черепанов.

Ойындар басталып та кетті

«Басыңнан асып секіре алмай­сың» деген қанатты сөз рас екен. Азиаданың екінші ойынын өткізген Оңтүстік Ко­рея­ның шайбалы хоккейден әйелдер құрамасының Жапония құрамасына ай­тар­лықтай қарсылық көрсете алмай­тындығы алғашқы минөттерде-ақ белгілі болған. Мұз айдынындағы майдан­ның өтін көбірек көрген жапон әйелдер құрамасының ойыны солтүстікамери­калықтардың нөпір шабуылын еске салады. Шеберліктері жоғары, техни­ка­лық және жылдамдық жағынан әріптес­терін қозыкөш орап өтеді. Алғашқы гол 1 минөт 32 секөндте соғылды. Алдында ғана 11-нөмірлі Юри Адачи Оңтүстік Корея қақпасының алдында қарбалас туғыз­ған. Корей қақпашысы шайбаны жандәр­мен қағып үлгерген. Жемтік көрген шәулі­дей түйілген Адачи қанағаттанбады. Нака­мураға әдемі пас шығарып берді. Гол. Алғашқы гол! Осыдан кейін-ақ корей қақпасының тығыны ағытылды. Шимузавие қақпа алдынан 4-5 метр жерден ұрған. Қақпашы қайтарып үлгерді. Қақпа түбіне шайба ілген Хирано мұз үстімен зырқыратып қуған күйі Шимузавиенің алдына тағы да салып берді. Сәл шалқая бере ұрды. Шин қаққандай-ақ қаққан. Болмады. Мұз үсті­мен сырғанаған шайба еніп кетті. Бұдан соң Егучи мен Хирано бір-бірден шайба соқты. Бірінші кезең 4:0 есебімен жапондар пайдасына жазылды. Ал, корейлер жапондар қақпасына жақындай алмады. Екінші, үшінші кезеңдер де жапон­дардың шабуылымен өтті. Сол қанат пен оң қанаттағы шабуылшылар корей қорғаушыларына ес жиғызбай, қыспақ­қа алды. Есеп – 10:0. Кешкі сағат 19:00-де айдынға Қазақ­стан құрамасы мен Солтүстік Корея құра­масы шықты. Айнаш Раушанова бас­та­ған Қазақстан қыздары Азия ойын­дарының фавориті саналады. Олим­пиялық жүйемен өтіп жатқан ойындар алтынға Қазақстан мен Жапония құрамасының таласатын­дығы әзірден айтылып жатыр. Корей қыз­дарымен өткен кездесуде қазақ коман­дасы 3:0 есебімен жеңіске жетті. Балуан Шолақ атындағы спорт са­райын­да өтіп жатқан жарысқа жан­күйер­лер көп келді. Сонау жапон, корей елдерінен арнайы келіп, сүйікті коман­дасына жақ тартып отырған жанкүйер­лердің отан­шылдығы сүйсінтеді. Қазақ­стан мен Солтүстік Корея құрамасының ара­сындағы тартыста жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Тартыс енді қызып келеді. Бақтияр ТАЙЖАН.

Сәби есімі – Азиада

VІІ Қысқы Азия ойындарының алауы жағылар кезге де санаулы күндер қалды. Олимпиада, Азия ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында топ жарған еліміздің даңқты спортшылары­ның өз туған жерінде бағын сынар кез де келді. Туған жердің төрінде Қазақ­станның көк байрағы жиі желбіресе дейміз. Үкілі үмітіміздің шырағы сөнбесін. Барша халқымыздың алақанында әлди көріп, жүрегінде жұпарға бөленген жерлестеріміздің мерейі үстем болғай! Әрине, спорттың атты спорт. Жеңіс бар, жеңіліс бар. Түбі қайыр! Біздің осы тілегімізге Жайықтың жағасындағы Қарауыл­төбеде дүниеге келген Азиада есімді бүл­діршін қыз да өз үмітін қосады. Дәл спорт мерекесі Астанада басталар күні оған да өмірге келгеніне 65 күн болады. Иә, сәби тілегі қабыл болғай! Әжесі Раиса, ата-анасы Бисенбай, Бибігүл Телібаевтар өзімізде өтетін Қысқы Азия ойындарының құрметіне сәбидің есімін Азиада қойыпты. Несі бар, әп-әдемі-ақ. Отбасындағы өмірге келген бесінші сәбидің есімі әлемдік спорт додасының Қазақстанда өтуі салтанатын айшықтап тұрғандай. «Қыз тілекші» дейді халқымыз. «Халық айтса, қалт айтпайды». Ақжайық ауданының әкімі А.Иманғалиев сәбиді, оның ата-анасын қызу құттықтады. Әкесі Бисенбайдың Алматыға барып «Көр­шілер» бағдарламасына «Қазақстан телеар­насына» түсуіне қолдау көрсетті. Елге абырой әкелер ел азаматтарының ақжолтай істері жалғасын тапса дейміз. – Сәбиіміз қалыпты өсіп келеді, бола­шақ ел спортының жұлдызы болсын деп есімін Азиада қойдық, – дейді анасы Бибі­гүл. Айтпақшы, сәбидің бөлесі Еркін Өте­ге­нов елге танымал бола бастаған жас ән­ші. Демек, сәбиге де, оның барлық етжа­қын бауырларына да мықты денсаулық тілейміз! Қазақстанда басталар Азия ойында­рын­­да ел спортында ең үздіктер болғай! Тілес ЖАЗЫҚБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.

Мұз қалашығы

Қысқы Азия ойындарының қарсаңында Астанада «Мәдени Азиада» жобасының аясында еліміздің тарихынан сыр шертетін мұз қалашығы салынып, халықтың көзайымына айналып отыр. Бұл қалашықтың құрылысына жауап­­­ты болған Азия ойындарын өт­кізу жөніндегі Астана қалалық дирек­ция­сы. Осы мекеменің шақыруымен мұз қалашықты салуда өзіндік қол­таңбасы бар қытайлық «Хунтэнда» компания­сы 10 желтоқсан күні қалашық­тың құрылысына кірісіп, оны жаңа жыл алдында салып бітірді. Жалпы, бұл қала­шықты жай ғана мұздан тұрғызылып, жа­салған қалашық деп айтуға болмайды. Оның инфрақұрылымы, өзіндік филосо­фия­сы бар. Ал оның идеологиялық және этномәдени дизайнын әзірлеумен отандық екі компания айналысты. Соңғы тұ­жы­рым­дамасын Астана қалалық Суретшілер ода­ғы жасады. Осындай маман­дардың шы­ғар­машылық қиялынан шық­қан туын­ды аста­налықтар мен қала қонақта­рының бос уа­қыт­тарын көңілді өткізіп, ашық аспан ас­тында қазақ елінің тарихынан сыр шертетін көне мұражай мен көрме іспеттес қала­шықты тамашалай алады. Ал қытай­лық мамандар болса, қалашықты салғанда өздері­нің жарықтан­дыру құрал­да­рын пай­да­ланды. Сон­дық­тан жергілікті мамандар­дың ай­туынша, өзіміз­дің идея­мызды іске асыру бес есеге арзан түсті. Жалпы, қала­шықтың дизайны бірнеше тарихи кезеңнен тұрады. Қалашықтың басты сырғанағы – «Алтын Орда» сахна­лық алаңы болса, сақтар дәуі­рінің мүсін­дері Астанада бұған дейін болмаған технология бойынша жа­салды. Енді ең басты нәрсені айт­сақ. Қала­шықтың ортасында Қысқы Азия ойындары­ның бас­ты қазан­дығы алаулап тұрады. Бұл алаудың 30 қаңтар күні «Астана-Арена» стадио­нында жағыл­ғаннан кейін, бас қа­зандық­тың бос стадионда алауламай, оны көпші­­ліктің назарына шығару үшін жасалды.

Сыры көп суреттер

Астанадағы Президенттік мә­дениет орталығының көрме залында VII Қысқы Азия ойын­дары мен еліміз тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына арналған «Қа­зақ­стан спортының тарихы» атты көрме ашылды. Көрменің мақсаты – еліміз­дің спорт саласында жеткен же­тістіктерін өскелең ұрпаққа таныстыру, жастар арасында са­ламатты өмір салтын кеңі­нен насихаттау. Көрмеге Қазақстан спорт тарихынан мағлұмат беретін фотосуреттер мен экс­понат­тар, Азия ойындарының арнайы спорт киімдері, эмбле­малары, кәдесый бұйымдары, сонымен бірге ұлттық, әлемдік, жалпы спорт түрлері мен ХХ ғасырдың басында өткен көп­теген әлемдік жарыстардың жеңім­пазы, қазақтың ең танымал спорт­шысы – Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы материалдар ұсынылуда. Мұнда Кеңес одағы тұ­сында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ және 1960 жылы Рим Олимпиадасының жеңіл атлетикадан күміс жүлдегері  Ғұсман Қосанов, қазақтан шық­қан тұңғыш Олимпиада чем­пионы саналатын, 1972 жылғы Олимпиада чемпионы, баскет­болшы Әлжан Жармұхамбетов, ең жарқын спорт жұлдызы – 1976 жылы Канаданың Жазғы Олимпия ойындарында гимнастикадан үш дүркін чемпион атанған Нелли Ким, 1980 жыл­ғы Мәскеу Олимпиада­сында грек-рим күресі бойынша чемпион атанған Жақсылық Үш­кемпіров пен Шәміл Серіков, 1988 жылғы Сеул Олимпиа­дасынан жеңіспен оралған қа­зақ­стандықтар зілтемірші Анатолий Храпатый мен футбол­шы Евгений Яровенко туралы мә­ліметтерді көруге бола­ды. Қа­зақстан тәуелсіздік ал­ған­нан кейін Олим­пиадаға өз аты­нан қатыса бастап, әр жа­рыс сайын отан­дастарымыздың жүлделі орын­дарға ие болып келе жат­қаны белгілі. Осы оқи­ға­ларға байланысты көрмеде 1996 жыл­дан осы кезге дейін Олимпия ойындарының  құрмет тұғы­ры­ның ең биік сатысына көтеріл­ген спортшылар туралы деректер орын алған. Дастан КЕНЖАЛИН.

Бір қақпаға... 25 шайба!

Кеше Астана уақыты бойынша сағат 13.30 бен 16.00 арасында  шайбалы хоккейден Қысқы Азия ойындарының алғаш­­қы кездесуі өтті. Бірінші бо­лып «Қазақстан» спорт сарайының мұз айдынына шыққан Қырғызстан мен Тайланд құрамалары арасындағы матч 15:4 есебімен Алатау­дың ар жағындағы ағайындар­дың пай­да­сына шешілді. Көрермен­дерге ең нәтижелі ойыншы ретінде төрт рет көзге түскен Азамат Шидеринов таныл­са, Артем Колобов хет-трик орындады. Сол күні Астанада Малайзия мен Бахрейннің ерлер хоккей командалары айдынға шықты. Матч барысында малайлықтардың мысы басым екені көзге бірден ұрып тұрды. Олар үш кезеңде Бахрейннің қақпасына 25 шайба соқты. Бірінші кезеңде 4 шайба, екінші кезеңде 8 және 13 шайбаны үшінші кезеңде соғып үлгерді. Малайзияның құрамында алты шайбаның авторы Бан Кин Локе, бесеуінің иесі  Кхиа Пенг Тан болды. Ал осы күннің соңғы кездесуі Моңғолия мен Кувейт құрамаларының арасында өтті. Матч 3:2 есебімен Моңғолияның пайдасына шешілді. Дастан КЕНЖАЛИН.

Волонтерлер

«Қазақ» десе қонақжайлығы бірден ойға оралатын осынау пікірді тағы да бір дәлелдеудің кезі жеткен сияқты. Азиада қонақтарын бүгінгі күні салтанатты түрде қарсы алып, қонақ үйлерге орналастырып, уақтылы тамақтандырып, ары-бері жүріп-тұру мәселелері алдын ала жоспарланған. Шетелдіктерге қызмет көрсету үшін Астананың өзінде 1500-ден астам еріктілер жұмысқа тартылған. Олардың басым көпшілігін жоғары оқу орындарында білім алып жүрген, шет тілдерін жақсы меңгерген студенттер құрайды. Жақында бізге VІІ Қысқы Азия ойындарының волонтер-үйлестірушісі  Әлібек Әбу-Әлимен еріктілердің қызметі туралы шағын сұхбаттың сәті түскен еді. – Жалпы, еріктілердің міндеті не? – Қазақстанда волонтерлік қызмет тәуелсіздік алған жылдардан бастау алған. Біздің міндетіміз – Азия ойында­рының идеясын халық арасында насихаттау әрі тарату, Азия елдерінің ынты­мақ­­­тастығы мен дамуын және дос­тас­тығын нығайту. Біз спорт жарыстарын ұй­ымд­ас­тыруда шақырылған елдердің делегацияларына көмек көрсетеміз. Атап айтқанда, спортшылар мен жат­тық­тырушыларды, сондай-ақ қонақ­тарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету. – Волонтер қызметіне қалай келдің? – Мен осы іске «Азия ойындарын қазақ топырағында өз деңгейінде өтуі үшін қандай үлес қоссам екен?» деген ой алып келді. Алғашында, шет тілдердің көмегі көп тиді. Кейіннен, бізді іріктеуде бойымдағы ұйымдасты­рушылық, жауапкершілік қабілетімнің арқасында «үйлестіруші» қызметіне тағайындалдым. Осы қасиеттерім үшін алдымен бір Аллаға, одан кейін мені тәрбиелеген ата-анама алғысым шексіз. Өйткені, ата-анамның «Астанадай қала­да тұрасың, Қазақстандай елдің азаматысың, елдің алдында жүріп, аянбай қызмет етуің керек!» деген сөзі мені әрдайым алға жетелеп отырады. – Үйлестіруші мен волонтердің ара салмағы неде? – Үйлестірушінің жүгі қатардағы еріктілерге қарағанда ауырлау. Алайда, мені алға жетелейтін бойымдағы елім, жерім деген патриоттық сезім. Ал, волонтер сөзін ерікті деп аударып жүрміз. Меніңше ерікті болу – еріккеннің ермегі емес. Елдің еңсесін айшықтайтын маңызды шараға атүсті қарауға болмайды. Үйлестіруші волонтер болу осы қызметте жүрген жастарды іріктеуден тұрады. Оларды іріктеу жоғары деңгейде өтті. Талап – шет тілдерін білетін жастарды жұмысқа тарту. Бұл ретте, ағылшын, қытай, араб, корей, жапон тілдеріне ерекше назар ауда­рылды. Шет тілдерін жақсы меңгерген волонтер аудар­машы қызметіне тағайындалды. Ол дегеніміз шет тілдерінде тіл тәжіри­бесінен өтуде таптыр­мас мүмкіндік. Оларды спорттық нысандар мен әуежай­ларда сынақтан өткіздік. Қалай десек те, Қысқы Азия ойындары түндігін түргенде қарап жататын жан бол­майды. Бар жауапкершілік еріктілерге артылмақ. Себебі, Азиаданың 80 пайыздық жұмысы волонтерлерге жүктелген. – Волонтерлердің тағы қандай түрлері бар? – Азия ойындарында олар негізгі-көшбасшылық және қосалқы-коман­далық болып екі топтан тұратын болады. Көшбасшылардың біреуі бекітілген секторлардың мақсаттары мен міндеттеріне байланысты, 10 адамнан тұратын өз командасын құрады. Ал біз негізінен аккредитациямен айналысамыз. Бізге Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ұйымдастырушы комитет волонтерлерге ақысыз негізде киім-кешекпен қамтамасыз етті. Жұмыс уақытында волонтерлер күніне екі рет тегін тамақтанады. Ас мәзірлері қаламыздың ең жақсы мейрамханаларында дайындалады. Іс-шаралар өтетін орындарға бару үшін тіпті көлікпен қамтамасыз етілген. Тегін байланыс қызметі берілді. Сондай-ақ, әрбір волонтерге жеке кітапшалар таратылды. Азиада волонтері ретінде оқуды жалғастыра отырып, тәжірибе жинақтауға, шетел тілдерін жазбаша ғана оқып жүрген студенттерге тәжірибе жүзінде тілді меңзеуге, көшбасшылық және командада жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Әңгімелескен Жұлдыз БАЙДІЛДА.