Потомак өзенінің жағасында кеңінен көсілген Америка астанасындағы еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үш күндік сапарының соңғы күні де келелі кездесулермен өрнектелген қауырт жұмыстарға толы болды. Қ.Саудабаев өткізген бұл екіжақты кездесулер мәнділігі мен маңызы тұрғысынан да тереңдігімен ерекшеленді.
Сапарының үшінші күні Қанат Бекмырзаұлы АҚШ президентінің арнаулы көмекшісі, Ақ үйдің лаңкестік және жаппай қырып-жоятын қаруларды шектеу, қару-жараққа бақылау жасау мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Г.Сеймурмен өткізген екіжақты кездесуі барысында екі мемлекеттің әлемдегі ядролық қару қаупін төмендету аясындағы әріптестік байланыстарының әртүрлі қырлары тілге тиек етілді. Тұрақтылық пен тыныштықтың ұйыған ұясындай бейбітшілік-сүйгіш Қазақстан үшін бұл аса маңызды да көкейкесті мәселенің бірегейі екені белгілі. Осы орайда тараптар Қазақстан Республикасы мен басқа Орталық Азия мемлекеттерінің өңірді ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру жөніндегі тәжірибесін жан-жақты талқылады. Бұл бүгінгі күнге дейін құрылған ядролық қарудан ада бес аймақтың бірі – ядролық мемлекеттермен шекаралас және солтүстік жарты шарда құрылған жалғыз да бірегей аймақ болып отырғаны белгілі.
Лаңкестік, жаппай қырып-жоятын қаруларды шектеу және жалпы қару-жараққа бақылау жасау мәселелері жөніндегі маңызды салаларды үйлестіретін АҚШ президентінің көмекшісімен болған екіжақты кездесуде бұрынғы Семей полигоны аймағын залалсыздандыру шаралары шеңберіндегі америкалық көмек көрсету іс-шаралары да тілге тиек етілді. Бұл кездесуде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тарихта бұрын-соңды болып көрмеген тұңғыш Жарлығымен Семей полигонының жабылғанына биыл 20 жыл толып отырғандығы атап көрсетілді. Америкалық әріптес Қазақстан Президентінің бұл батыл да баламасыз қадамының адамзат болашағы үшін маңыздылығын, планетамызды жаппай қырып-жою қаруларынан тазарту мақсатындағы теңдессіз бастама екендігін ерекше қанағаттанғандық сезіммен жеткізді. Өз кезегінде Қанат Саудабаев осы бір айтулы датаға байланысты елімізде бірқатар маңызды шаралар белгіленіп отырғандығын хабарлады. Бұл ауқымды шараларға америкалық сарапшылар да кеңінен қатысатын болады.
Екіжақты кездесу барысында тараптар Ақтау қаласындағы БН-350 реакторының пайдаланудан шығарылуы ойдағыдай іс жүзіне асырылғандығының маңыздылығын атап көрсетті. Ұзақ жылдар бойы реакторға пайдаланылған ядролық отын АҚШ-тың қатысуымен ойдағыдай сыртқа шығарылып, залалсыздандырылды.
Содан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі арнаулы көмекшісі, АҚШ ұлттық қауіпсіздік қызметінің Ресей және Еуразия істері жөніндегі аға директоры М.Макфолмен кездесіп, кешегі кеңестік кеңістік аумағында құрылған және оларға жақын орналасқан мемлекеттердегі бүгінгі саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал, осы өңірлерде қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз етуге байланысты екі мемлекет арасындағы екіжақты және көп пішінді ынтымақтастық байланыстар сөз болды. Сонымен бірге, тараптар бүгінгі таңда осы аймақта орын алып отырған проблемаларға, оның ішінде Ауғанстан мәселесіне жан-жақты тоқталды. Ауғанстан Ислам Республикасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық күштің Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндіретін лаңкестік қауіпті төмендетуге де елеулі ықпал еткендігі айтылды. Бұл операция басталғанға дейін халықаралық лаңкестік ұйымдардың бөлімшелері кейбір орталықазиялық мемлекеттердің астанасына дейін тақап, мемлекеттерінің тұрақтылығына қауіп төндірді. Бүгінде бұл лаңкестік қимылдардың қаупі сейілді. Сонымен қатар, қазір ауған проблемаларын шешу мақсатында әскери емес тәсілдерді қолдануға басымдық берілуде. Атап айтқанда, биылғы жылы Қазақстанның бастамасы және белсенді атсалысуымен халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстан Ислам Республикасын әлеуметтік-экономикалық жағынан оңалту мәселесі белсенді түрде қолға алынып отыр. Осы ретте М. Макфол ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның нәтижелі де тиімді төрағалық еткендігін атап көрсетті.
Қанат Саудабаев сондай-ақ АҚШ Конгресінде бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Хельсинки комиссиясының төрағасы, сенатор Б.Кардин, конгрессмендер комиссиясының тең төрағасы Э.Хастингс, сенатор Дж.Либерман, Конгрестің Өкілдер палатасының үкіметтік реформа және қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы Д.Айсс және оның әріптесі Е.Фалеомаваегамен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер барысында Орталық Азиядағы даму және тұрақтылық мәселелері және Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты байланыстардың даму болашағы әңгіме өзегіне айналды.
Вашингтондағы қар тосқауылынан тосылған ұшағымыз 10 сағат үзілістен кейін ғана Брюссель қаласына бет алды.
Бельгия астанасы Брюссельде Қанат Саудабаев Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонмен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар соңғы жылдары Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында қалыптасқан нәтижелі де ауқымды екіжақты байланыстарға жоғары баға берді. Пікір алысу 2010 жылғы әріптестік байланыстар қорытындысын саралаудан басталып, Қазақстан және Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік байланыстың кең көлемді болашағына ойысты. Кэтрин Эштон Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аса жоғары бағалап, Астана Саммитінің қорытындыларына ерекше қанағаттанғандық сезімін жеткізді.
Сонымен бірге, тараптар экономика саласындағы екіжақты байланыстардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы еліміздің Еуроодақ елдерімен тауар айналымы Орталық Азияның төрт мемлекетін және Әзірбайжан, Грузия, Арменияны қоса алғандағыдан асып кеткендігін атап көрсетті. Тараптар болашақтағы байланыстар шеңберіндегі келісімдер мәселесін жан-жақты талқылады. Себебі, әріптестік туралы бұрынғы жасалған келісімдердің мерзімі бітті. Сондықтан жедел мерзімде жаңа толыққанды келісімдер жасасу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл ретте тараптардың қазақстандық әуе компанияларын Еуроодақтың «қара тізімінен» шығару мәселесі ерекше сөз болды. Өткен жылы өзара түсіністік келісімдер барысында Қазақстанның 9 әуе компаниясы бұл «қара тізімнен» шығарылған болатын. Енді осы кездесу барысында тараптардың тиісті ведомстволары қалған отандық әуе компанияларын осы тізімнен шығару мақсатында шұғыл жұмыстар жүргізетіндігі келісілді.
Екіжақты кездесудегі әңгіме өзегіне айналған тағы бір маңызды мәселе – аймақтық қауіпсіздік және Қазақстан бастамасымен өмірге келген Ауғанстан мемлекетін әлеуметтік-экономикалық оңалту жағдайы болды. Қырғыз Республикасында орын алған белгілі оқиғаларға байланысты Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Қазақстан тарапынан жасалынған тиімді шараларға жоғары баға берді. Өз кезегінде Қанат Саудабаев Қырғыз Республикасының экономикалық жағдайын қалпына келтіру мақсатында Қазақстан тарапынан әлі де ауқымды көмектер жасалатындығын жеткізді. Жеке көзқарастарын нақтылай отырып, тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты проблеманы реттеу саласындағы өз ұстанымдарын белгіледі.
К.Эштонмен болған кездесу барысында ЕҚЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі маңызды мәселе де назардан тыс қалмады. Ұйымның бұрынғы төрағасы ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ үштігіндегі қызметін жалғастырады. Осыған орай Қ.Саудабаев ресми Астананың қалыптасқан өзара тығыз әріптестікті жалғастыруға дайын екендігін жеткізді. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы қалыптасқан осы жоғары нәтижелі әріптестік байланыстардың алдағы уақытта да барынша дамитындығына толық сенім білдірді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.