ТАЛДЫҚОРҒАН. 23 мамыр. Алматы облысы, Сарыөзек кентіндегі әскери бөлімінде ғимартта бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде бір қатардағы жауынгер қаза тапты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 мамыр күні ғимаратта бөлшектеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде құрылыстың бір бөлігі қирап түсіп, оның бөлшектерінің бірі 12740 әскери бөлімнің сарбазы Е. Жақашевтің үстіне құлайды. Осының салдарынан ауыр дене жарақатын алған солдат Сарыөзек әскери лазеретінде қайтыс болды.
Аталмыш әскери бөлімнің жедел қызмет әскери қызметшісі Ескендір Жақашев1997 жылы туған. Әскер қатарына 2015 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданынан шақырылған. Бөлімде атқыш-зенитші қызметін атқарған.
«Төтенше оқиғаның басты себебі жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Қазіргі уақытта қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына барлық материалдық төлемдер жүзеге асырылды», - делінген хабарламада.
Қарулы күштердің Тәртіп жарғысына сәйкес материалдар іс жүргізу үшін әскери құқық қорғау органдарына жіберілді.
Нұрбол Әлдібай.
Дерек: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.