23 Мамыр, 2016

Ресей мұғажырының ұлы Австрия президенті болды

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23-05-16-bellen

АСТАНА. 23 мамыр. Австрияда президент сайлауы екінші турының нәтижелері белгілі болды. Онда аздаған дауыс артықшылығымен «жасылдар» партиясының экс-лидері 72 жастағы Александр Ван дер Беллен жеңіске жетті. Бұл туралы «Вести.Ru» ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Жаңа президент атанғалы тұрған кандидат сайлауда 50,35 пайыздық дауысқа ие болды. Оның оңшыл популистік Австрия азаттық партиясынан түскен қарсыласы Норберт Хофер 49,64 пайыздық дауыс алды. Екі қарсыластың арасын небәрі 31 мыңнан сәл асатын дауыс қана бөліп тұрды. Соңғы сәтке дейін жұрт жеңіске жетеді деп үміт артқан Хофер нәтиже ресми жарияланғанға дейін-ақ өзінің ұтылып қалғанын мойындады. Ол сосын «Фейсбук» желісі арқылы өз сайлаушыларына алғыс айтты. Бұған дейін Норберт Хофер еуроинтеграцияға барынша қарсы болып келген, миграцияны қаламайтын позициясымен танымал еді. Бұған қарағанда, Беллен қалыпты солшыл центристер көзқарасты ұстанып, еуроинтеграцияға қарсы емес екенін білдіріп келеді. Мұны жұрт кейде оның өзінің де мұғажырдың, яғни эммигранттың баласы екеніндігінен көреді. Мәселе мынада, Александр Ван дер Белленнің әкесі Александр Александрович (Ван дер) Беллен – Псков қаласының тумасы. Оның отбасы XX ғасырдың бас жағында Ресейді революция жалыны шарпи бастаған кезде Эстония арқылы Германияға қоныс аударған еді. Кейін олар Австрияға келіп табан тіреді. Александар Ван дер Беллен 1944 жылы Венада туған. Австрияда президент бүкілхалықтық сайлау жолымен 6 жылға сайланып, негізінен репрезентивті функция атқарады. Ал атқарушы билікті федералды канцлер басқарады. Сонымен бірге президент Австрияда бас қолбасшы болып табылады, кейбір жағдайларда канцлерді отставкаға жіберіп, парламентті тарата алады. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Вести.Ru.
Соңғы жаңалықтар