Тілек пен тірек тоғысы
Әр деңгейдегі әкімдер ел ішінде жүр. Есеп беріп. Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы әкімдерге жылына бір рет елге есеп беруді тапсырған. Содан бері бұл үрдіс дәстүрге айналды. Жыл бойына атқарылған шаруалар айтылып, бағынбаған белестердің себеп-салдары сараланатын болған. Біздіңше, бұл – азаматтық қоғамның қалыптасып, демократиялық құндылықтардың сақталып отырғандығының бірден-бір дәлелі болса керек. Осы үдеріске сәйкес Шиелі ауданының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел алдында есеп берді. Қамба толық болса, халық аш болмайды. Сол секілді ауданның өсіп-өркендеуі, экономикалық өрлеуі, әлеуметтік жағдайдың артуы, тікелей бюджетке байланысты. Егер, қоржын қаңырап тұрса, артық қадам басу мұң. Сондықтан ең бірінші ауданның бюджеті толық болуға керек. Шиелі ауданының 2010 жылғы бюджеті 2 миллиард 643 миллион 493 мың теңгені құраған. Оның 116 миллион 566 мың теңгесі ауданның өз пайдасы. Ал бұл қаржы қалай жұмсалды? Аталған соманың 60 пайызы білім беру саласына жаратылған. Біз бұдан аудан бойынша білім беруге ерекше назар аударылып, үлкен қамқорлыққа алынғанын байқаймыз. Сонымен бірге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 7 пайыз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 14 пайыз, ауылшаруашылық саласына 4 пайыз қаржы жұмсалған. Былтырғы жылы ауданның бюджет кірісі де едәуір өскенін еш қиындықсыз байқауға болады. Жыл басында шиеліліктер 959 миллион 882 мың теңге кіріс кіргізуді жоспарлапты. Жоспар артығымен орындалған. Өткен жылы аудан табысы 993 миллион 607 мың теңгені құраған. Жыл бойына жолдар жөнделіп, көшелерге асфальт төселіп, жаңа мектептер мен медициналық бекеттер, балабақшалар мен сауықтыру орталықтары және стадиондар салынып, көшелерге жарық тартылып, жол қауіпсіздігі үшін заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, оқу ошақтарына компьютер кіріп, сонымен бірге, интернет жетіп, мәдениет үйлеріне жан бітіп, ауылдарға ауыз су тартылып, аяқ судың мәселесі реттеліп, қысқасы, көзделген жұмыстың барлығы жасалған. Тіпті, қамыс жаңқасынан құрылыс заттары үшін ДСП жасайтын арнайы зауыт та ашылып жатыр екен. Мешіттер де салынған, мекемелер де жөнделген. 11 ауылға ауыз су тартылған. Бүгінде үш ауылдың әрбір үйінде шүмектен су сорғалап тұр. Қалғанына биыл ауыз су жетіп, таршылық көрмейді. Есептің соңын күтейік, дедік іштей. Халықтың тарапынан орындалмаған уәделер айтылып, жетпеген мақсаттардың құлағы қылтиып шыға келетін шығар. Нұрлыбек Нәлібаев нақты санға құралған, артық ауыз сөзі жоқ, нәтижесі көзге көрінген істің бәрін бір деммен баяндап шықты. Халықтың сұрақ қоятын мезеті жетті. Ақ жаулық жамылған ана шықты ортаға. Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Пернеш Жүсіпова әкімге ақ алғысын жаудырды. Атқарылған істің бәрі көз алдарында екенін айтып, әкімнің ісіне ризашылығын білдірді. Ел аманатын адалынан атқарып жатқанын айтты. Сөз соңында әңгімені биыл туғанына 120 жыл толатын Ыбырай Жақаевтың жағдайына бұрды. Ауылда Ыбекеңнің мұражайы болатын. Мұражай даңқты диқанның көзі тірісінде тұрған үйіне жасалған еді. Былтыр осы мұражай басқа жаққа көшті. Ал үй қаңырап, қараусыз қалған. Ыбырай Жақаевтың ұрпақтары қарашаңырақты өз иеліктеріне алғысы келеді екен. Дегенмен, үй мұражай ретінде мемлекеттің қарауына өтіп кеткен де, жекеге берілуі қиынға соғып жатқан көрінеді. Нұрлыбек Машбекұлы осы іске жауапты ауыл әкімінен, аудандық мәдениет бөлімінің бастығынан мән-жайды халыққа баян етуді сұрады. Ыбекеңнің үйі турасындағы әңгіме облыстық деңгейде шешіліп жатыр екен. Бір кездері мұражай болған Жақаевтың қарашаңырағын сатып алу үшін қаржы керек. Әкім сол арада халыққа уәде берді: «Қажетті қаржыны табамыз, үйді Ыбырай атамыздың балаларының иелігіне қайтарамыз. Сондай-ақ былтыр жасақталған жаңа мұражайдың да жағдайымен жақсы таныспын. Ол да жөндеу жұмыстарын талап етеді. Қажетті қаржыны тауып, диқан бабамыздың мұражайы жаңарады», деді. Сөз осымен тәмам. Онан кейінгі әңгіме ауылдың іргесінде ағып жатқан аяқсуға ауысты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, каналдан су жүрмейді. Әкім оның да жөнін бірден жайып салды. «Биылғы бюджеттен осы каналды тазалауға 3 миллион 700 мың теңге бөлініп отыр. Сондықтан бұл мәселе шешімін табады», деді ол. Бұдан кейін сөз алғандардың барлығы тілектестік білдіріп, ақ ниеттерін айтып жатты. Еңбекші ауылындағы кездесуде де әкім тарапына сын айтылмады. Ауыл ақсақалы Берікқара Әбдіжаппаров аудан басшысының жұмысына оң бағасын беріп, жыл бойына атқарылған шаруалардың барлығына ауыл жұрты дән риза екенін жеткізді. Десек те сөз арасында ол ауылға жедел-жәрдем көлігінің жетіспейтіндігін жеткізді. Әкім мамыр айында Еңбекші ауылына жаңа жедел-жәрдем көлігінің келетінін сол жерде айтты. Еңбекші – бір кездері мал шаруашылығымен айналысқан, қаракөл өндірісін дамытқан ауыл. Қаратауды бөктерлеп жатқан ауылдан екі бірдей Еңбек Ері шыққан. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бері осы ауылда жаңадан не мектеп, не балабақша, не медициналық бекет, я мешіт салынбаған. Барлығы кеңестің көзін көрген көне ғимараттар. – Ауылда соңғы жиырма жылда жаңадан ештеңе салынбағанын мен жақсы білемін. Өткенде облыс мәслихатының депутаттарынан жасақталған комиссия ауылдардың бәрін аралады. Әлеуметтік нысандарға сараптама жасалды. Соның нәтижесінде Еңбекші ауылында жақын болашақта бір мектеп пен балабақша салынады,– деді Нұрлыбек Нәлібаев. Есеп беру жиынының қорытындысында еліміздегі ең жас аудан әкімдерінің бірі жүгі ауыр сөз айтты. «Біз Елбасына тек тілекші ғана емес, тірек те бола білуіміз керек. Сондықтан біз секілді ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да алмайды». Тоқетер сөз осы болды. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.Табыстар таразыланып, міндеттер белгіленді
Маңғыстау – облыстың малды ауданы. Өткен жыл соңында өңірлердің индустриялық-инновациялық даму рейтингісінің қорытындысында республикадағы ауылдық аудандар арасында бірінші орынға ие болды. Есеп берген аудан әкімі Қармыс Боқанов еңбек жолын осында бастап, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, өткен жылы аудан тізгінін қолына алған-ды. Аудан еңбеккерлерінің еселі еңбек, тынымсыз талпынысы мен әкімнің тәлімді тәжірибесі, іргелі істер өз нәтижесін беріпті. Оған есепті баяндама басындағы бір кездері республикадағы артта қалған 30 ауданның бірі болған Маңғыстау рейтингтік көрсеткіш бойынша өткен жылы елімізде бірінші орынды иеленгені өсу мен өрлеудің белгісі екендігін байқатады. Ауданның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіші жыл сайын жақсара түскен. Ол жетістіктің негізі Елбасы Жолдауында ерекше атап көрсетілген агроөнеркәсіп кешенін дамыту, дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар суармалы жерлерді игеру, жылыжай саласын жетілдіру, ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, көмектесу үшін шағын несие, түрлі қаржылық құрылымдар жүйесін кеңейтуді жүзеге асыруға арналған іс-шаралар бағдарламаларының өмірге келуі десе болатындай. Соның нәтижесінде 2009 жылмен салыстырғанда аудандағы төрт түліктің саны 20-53 пайызға өскен. Соған сәйкес өнім көлемі де арта түсіпті. Өткен жылы үш мың тоннаға жуық көкөніс өндірілген. Осыдан төрт-бес жыл бұрын саусақпен санарлықтай көкөніс өндірумен шұғылданатын шаруа қожалықтары саны бүгіндері 27 болыпты. Ауыл тұрғындарының бірінші кезекте тұтынатын астық, өсімдік майы, тұз, қант, макарон сияқты тағамдар түрінің бағасы тұрақты ұсталып азық-түліктің екі айлық қоры жасалған. Сондай-ақ арзан бағамен ұн алуға кәсіпкерлер Астық одағымен келісім-шартқа отырса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жанынан құрылған «Берекет» МҚК аудан көлемінде тоғыз сауда нүктесі арқылы азық-түлікті арзан бағамен сатуды жолға қойған. Шөлді аймақ үшін ауыз су қадірі ерекше. Сондықтан аймақтың «Ауыз су» бағдарламасын тезірек жүзеге асыру қолға алынған. Бұл ретте Тұщықұдық, Ұштаған ауылдары мен Сазды, Жарма елді мекендерін суландыру жұмыстарының алғашқы кезеңдері аяқталады. Ал «Көгез-Шетпе» мен Шетпе ауылының кентішілік су құбырының бірінші, екінші кезеңдері, Шебір ауылішілік су құбыры құрылысы аяқталды. Боздақ, 15-Бекет елді мекендерінде су қондырғылары пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудан тұрғындары тарапынан көтерілген ауылдарды ауыз су таситын көліктермен қамту мәселесі оң шешіліпті. Жыл аяғында он автокөлік сатып алынып, ауылдарға бөлініп берілген. Ауданымыздағы бес елді мекенде газ құбырының құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көруде. Ауылдық жерлерді байланыспен қамту мақсатында жеті елді мекен интернет жүйесіне қосылыпты. Шалғайдағы Жарма, Сазды, Тиген, Боздақ елді мекендеріне ДАМА спутникті қондырғы орнатылып, Шетпе ауылында аудио ТВ стансасы іске қосылған. Бұл күндері ауыл тұрғындары кабель арқылы көгілдір экраннан 30 телеарнаның хабарларын тамашалауға қол жеткізіп отыр. Төрт елді мекенде жаңадан салынған тұрғын үйлерге инженерлік желілер тартылды. Жалпы, өткен жылы ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын салып, дамыту мақсатында жалпы құны 1 млрд. 265 млн. теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асыпты. Басқа салаларда да жетістіктер жоқ емес. Әкімнің есебін талқылауға қатысып, сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Ж.Жапақов, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Б.Жүсіпов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ж.Селбаев, Шетпе темір жол вокзалының бастығы Б.Есенгелдиев аудан әкімінің есеп беру кезеңіндегі жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуды бірауыздан қолдайтындықтарын білдіріп, жиналғандарды келешегіміз үшін маңызы зор елеулі саяси оқиғаның оң шешілуіне белсенділікпен атсалысуға шақырды. Есепті жиналысқа қатысқан облыс басшысы Қ.Көшербаев әлем таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен табыстар және алдағы тұрған асқаралы міндеттер туралы әсерлі әңгімелеп, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді. Аудан әкімінің есеп беру жиналысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Д.Абаев қатысты. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.Бес саусақ қимылдамаса, іс бітпейді
Жаңадан тағайындалған Казталов ауданының әкімі Табылғали Сапаров Болашақ және Қайыңды ауылдары тұрғындары алдында есеп берді. Аталған ауылдар туралы сөз қозғалғанда, бұл жердегі тұрғындардың төзімділігі мен сабырлылығына тәнті болғандайсыз. Мұнда екі басты проблема әзірге шешімін таба алмай тұр екен. Оның біріншісі – ауыз су. Екіншісі аудан орталығына қатынайтын жолдың жоқтығы. Өйткені, жүруге мүлдем жарамсыз дала жолын бар деуге ауыз бармай отыр. Тағы бір қиыншылық – осы өңірдегі Қараөзен үстіне төселген қалтылдақ көпірден жаныңды шүберекке түйіп өту дер едік. Осының бәріне төзіп отырған ауыл тұрғындары шүкірлік етіп, қабақтарын шытпай, пайдалы іспен айналысып жүргендері қандай ғанибет. Халық жиынында қос округ әкімдері атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Әрине, оның бәрін тізіп шығу шарт емес. Дегенмен, кейбір оң істерді айта кетуге болады. Мәселен Болашақ ауылында балабақша ашылған. Оған 36 бүлдіршін барады. Богатырев, Көпкүтір мектептерінің жылыту жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Аққурай бастауыш мектебі жаңадан салынған. Ауыз су таситын көлік алыныпты. Мұндай арнайы көліктің қажет болатын себебі – Болашақтың тұрғындары Қайыңды ауылынан тасып әкелінген суды тұтынады. Тағы бір жағымды жаңалық аудан әкімінің тікелей қолдауымен Жаңатаң-Қайыңды аралығында грейдер салу жұмыстары басталған. Сонымен бірге, Болашақ, Жаңатаң ауылдарын таза және техникалық сумен қамту үшін оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр екен. Жергілікті өкілетті органдар бұған қажетті қаражатты республикалық бюджетке енгізуге мүдделі болып отырғанын аңғардық. Тек сонда ғана мәселе оң шешімін таба алар еді, десті олар. Ауыл әкімдерінің есептерінен тағы бір белгілі болған жәйт –Қайыңды ауылында өткен жылы 2 миллион теңге мәдениет үйіне құрал-жабдықтар алуға және ауылды абаттандыруға жұмсалған. Сонымен қатар, он бір шаруа қожалығы аналық мал басына берілетін субсидияға қол жеткізген. Телефон байланысын жақсарту мақсатында елу үш терминал орнатылған. Әйтсе де алда тұрған іс те аз емес екені байқалады. Ауыл ішіне тартылған су құбырларының тозығы әбден жетіпті. Бұл бау-бақша өсіруге үлкен қолбайлау туғызған. Орта мектепке спорт құралдарын алу мәселелері де шешімін таппай келеді екен. Кездесу жиынында сөз алған Казталов ауданының әкімі Табылғали Сапаров ауыл тұрғындарының назарын алда тұрған міндеттерге аударды. – Қазір аудан бюджеті 3 миллиард 701 миллион теңге құрап отыр. Соның 637 миллион теңгесі ғана аудан кірісінен құралады. Сондықтан да бүгінгі басты мақсат бюджеттің кіріс көздерін көбейту болмақ. Аудан халқының негізгі табыс көзі мал және оның өнімдері. Мал болса дәулет те, жұмыс та болады. Қазіргі таңда ауданда 55 мың ірі қара, 123 мың қой, 7800 жылқы малы бар. Бұл санды көп деп те айта алмаймыз. Сонда не істеуіміз қажет? Мақсат несие алу жолымен мал санын көбейту деп есептейміз. Табысы аз қарапайым тұрғындар банктерден несие алуы үшін белді бекем буып коммуналдық меншікті кепілдікке салғалы отырмыз. Осы мәселеге байланысты облыс әкімінің қаулысы шықса, несие алуға өтініш білдіргендер сараптамадан өткізіледі. Одан әрі олар тиісті қаражатқа қол жеткізе алады. Міне, біз осыған тәуекел етпекшіміз. Сондықтан дәулетке қол жеткізу үшін сіздер өздеріңіз қимылдауларыңыз қажет. Бес саусақтың істегенін шынтақ пен иық істей алмайды. Бес саусақ қимылдамаса, іс бітпейді. Сіздер ширақтық танытпасаңыздар, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру жұмыстары зая кетеді. Халық жиындарында аудан әкімі Табылғали Сапаров тұрғындардың әр түрлі сауалдарына жауаптар қайтарды. Темір ҚҰСАЙЫН, Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газеті редакторының орынбасары. Батыс Қазақстан облысы.