25 Мамыр, 2016

Бүгінгі қазақ қызы. Сіз қандайсыз?

4405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
қазаҚызТараз мемлекеттік педаго­гикалық институтында «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ қызының болмысын, бейнесін, адамгершілік, рухани құндылықтарын қалыптастыру мақсатында «Бүгінгі қазақ қызы. Сіз қандайсыз?» тақырыбында Оn-line республикалық cеминар-пікірталас өтті. – Жер бетіндегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-ана­лардың сіңірер еңбегі орасан зор. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі, соның ішінде қыз бала тәрбиесі – ұлттың тағдыры. Өз ұрпағына дұрыс жол көрсете алған ұлт қана өз тағдырын өзі ойдағыдай қамдай алмақ, – дейді бұл жөнінде аталмыш институттың жалпы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі К.Бұзаубақова. Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз ауылы­ның барлық жақсы қасиет­терін, рухани-моральдық құнды­лықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл елге сіңірген. Сон­дық­тан қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болары анық. – Бүгінгі қыз бала тәрбиесі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, ұлттың намысы, абыройы қыз баланың тәрбиесіне ке­ліп тіреледі, – дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­гикалық университеті педагогика және психология факуль­тетінің деканы, профессор С.Жиенбаева. – Қазіргі қазақ қызы туралы сөз қозғағанда, қазақ халқы қыз баладан не күтеді? Қандай мақсат қояды? Ата-бабамыз қыздарын қалай ардақтаған? Халқымыздың қыз балалар тәрбиесінің алдына қойған мақсаты – ұлттың арын сақтайтын арулар тәрбиелеп өсіру. Демек, «қызға қырық үйден тыю» деген мақалды ұстана отырып, бойжеткеннің тәрбиесіндегі талапқа, бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет. Иә, шынында қыз бала­ның әдептен озбай, инабатты болғаны жақсы. Ата-ба­баларымыз қызды жақсы кө­рудің, қадірлеудің ғасырлар бойы қалыптасып қалған өзіндік менталитетін сақтап, «мың өліп, мың тірілсе» де игі дәстүрден айнымай, келер ұрпаққа соны аманаттаумен келген. – Қыздың болашақ рөліне қарай, «қыз – болашақ жар», «қыз – ауыл ажары», «қыз – үйге құт», «қыздың жолы жіңішке», «қыз – жат жұрт­тық», «қыз – қылығымен сүй­кім­ді», «қызы бардың назы бар» деген сияқты әлеуметтік мәселелермен ұштастырып отырған. Мұның өзі қыз баланы әр кезде адал жар, абзал ана, әлеуетті әже болып қалыптасуына себін тигізері даусыз, – дейді еңбек ардагері, ардақты ана К.Қойкенқызы. Семинарда «Жалпы педагогика және психология» кафе­драсының аға оқытушылары, педа­гогика магистрі С.Бөпе­таева, Ж.Күмісбекова, сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақ­төбе өңірлік мемлекеттік уни­верситеті жалпы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Ж.Жүсіпова және басқа да ұстаздар, студенттер өз ойларын ортаға салды. Сейсекүл КӨШІМБЕТОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент ТАРАЗ