Тараз дүкендерінің сөрелерінен табылады
Нан – тоқшылық, баршылық белгісі. Дастарқанның төрінде тұрған нан, тіпті, нанның иісінің өзі адамның көңілін хош етеді емес пе? «Нан болса, ән де болады» деген сөз кешегі Кеңес заманынан қалса да ас атасы мол болған сайын елге жұт жоламайтыны анық. Аллаға шүкіршілік, ел арасында «Нан жоқ, нан жетпей жатыр» деген әңгіме жоқ. Тек «Нан бағасы қымбаттапты» дегенді естіп қалатынымыз рас. Әйтсе де жергілікті билік нан бағасын өсірмеудің бар шарасын қарастыруда.
Нан бағасын өсірмеу үшін Жамбыл облысының тұрақтандыру қорының есебінен биылғы жылдың қаңтарында арзан бағамен 3 мың тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алынып, оның 2 800 тоннасы наубайханаларға ал қалған 200 тоннасы тұрғындарға килосын 77 теңгеден сатылуға қойылды, дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов. Бұл биылғы жылдан бастап нан бағасын 53,4 теңге көлемінде тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Енді нан бағасын тұрақтандыру шарасын жалғастыру мақсатында тұрақтандыру қорына қосымша 2 мың тонна ұн сатып алу жоспарланды. Қазіргі таңда оның 1000 тоннасы (килосы 78 теңгеден) сатып алынып, наубайханаларға килосы 64 теңгеден босатылуда.
Міне, осының арқасында Жамбыл облысындағы нан бағасы республика бойынша ең төменгі бағалар қатарына еніп отыр. Және бұл көрсеткіш соңғы 3 жыл бойы тұрақты сақталуда.
Бұдан бөлек, аса мұқтаж жандарға әлеуметтік нанды тегін таратуға ниет білдірген Жамбыл облысының жеке кәсіпкерлерінің демеушілігімен, сондай-ақ, облыс әкімдігі қызметкерлерінің қосқан жеке қаржыларының есебінен ағымдағы жылдың 25 қаңтарынан бастап Тараз қаласының 5 ірі сауда орындарында және коммуналдық 10 дүңгіршектерінде күніне мыңға жуық нанды мұқтаж жандарға тегін алуға мүмкіндіктер жасалды. Акция барысында құны 1,2 млн. теңгенің 53,4 мың дана наны тегін таратылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы