01 Ақпан, 2011

Өмірдің кейбір өрнектері

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тау тұлғалар алыстаған сайын аңызға айналып, ал сарғайған тарих беттері санада қайта жаңғыр­ған жазбалар арқылы ұрпақтар са­бақтастығын үзбей жалғап жатуы өмір заңдылығы. Белгілі ға­лым, қоғам қайраткері марқұм Мүсілім Базарбаев ағамыздың жары Гүлбараш Байтоғаеваның жақында «Қарасай» баспасынан жарық көрген «Біз және біздің замандастар» атты естелік кітабы қолға тиген кезде дүниеден өткен небір абзал жандардың адами кескін-келбеті, тағдыр-тағылымы тағы бір көз алдымыздан сырғып өткендей сырлы әсерге бөлендік. Естелік дегеннің өзі де әртүрлі өрнекпен кестеленеді. Гүлбараш апайдың сыр-бұ­ла­ғы сиқырлы саздай адамды өзімен бірге алып таулардың жоталарына жетелейді. Жотаға көтерілген адам сол биіктен ғылым мен мәдениет көк­жие­гіндегі небір жайсаң жандарды кезіктіреді. Кешегі Мұхаң (Мұх­­тар Әуезов), Баукең (Бауыржан Мо­мышұлы), Қанекең (Қаныш Сәт­баев), Димекең (Дінмұха­мед Қо­наев), Құрағаң (Құр­ман­бек Жан­дарбеков), Шара Жиен­құло­ва, Ахаң (Ахмет Жұбанов), Ғабең (Ғабит Мү­сірепов), кейінгі ізба­сар­лары­нан Олжас Сүлейменов, Мұх­тар Құл-Мұхаммед сияқты т.б тұлғалардың бірімен сырлас, енді бірімен қанаттас болған сәт­тердің тарқамас шуағымен жылы­тады. «1959 жылдың басында университетте жұмыс істеп жүріп кан­дидаттық диссерта­циямды қор­­ға­дым. Бір күні Мұхаң мені жолдан ұшыратып қалып, «Бұл жерде сенен басқа да оқытушылар жеткілікті. Сенің нағыз жұмыс істейтін жерің – Қыздар институты, со­ған бар. Ауылдан келген қазақ қыз­дарын жоғары мәдениетті­лікке, сауаттылыққа оқытып-тәрбиелеу керек... «Апаға қарап сіңлі өсер»...» деген Мұхаңның ауылдан келіп оқитын қазақ қыздарына деген қам­қорлық сезімін автор сүйіспен­шілікпен жазып: «Ал мен болсам, ұлы Мұхаңның айтқан сөздерінің тереңдігіне арада біраз жыл өтіп, өзімнен дәріс алған жүз­деген шәкірттерімнің аузынан «біз сізге қарап бойымызды да, ойымызды да түзедік» деген сөздерін өз құлағыммен естігеннен кейін ғана барып бірте-бірте түсіне баста­ғандай бол­дым» деп тебіренеді. Мұхтар Әуезовтің қа­зақ қыз­дары­ның тағдырына кезінде айрықша мән беріп, оларға лайықты ұс­тазды өзі іздеп, өзі тауып отыр­ғанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Гүлбараш Бай­тоғаева Қазақтың қыздар педа­го­гикалық институтында табан аудармастан отыз бес жыл дәріс беріп, көп жылғы жемісті еңбегіне орай «Халық ағарту ісінің үздігі», «Жоғары мектеп үздігі» белгілерімен, басқа да грамоталармен марапатталды. Гүлбараш апайдың осы естелігі арқылы бізге Мұхаң­ны­ң адами келбетінің тағы бір тамаша қыры жарқырап көрін­гендей. Қазақ аруларына кейінгі бір тарауда толығырақ тоқ­талған автор Шара апамыздың таң шапа­ғындай мейірімін іңкәрлікпен жеткізеді. «Құрманбек Жандар­беков­­тің мерейтойында: «Енді Құр­ман­бектей арысты жар етіп, қадіріне жетіп, аймалап аза­маттық қадірін сезінген Шолпан, сенің алдыңда басымды иіп, ризашылығымды біл­ді­ремін», – деген. Сөйтті де сүй­ріктей сау­сағынан гау­һар жүзі­гін шешіп алып: «Бұл маған әр­кезде де сәт­тілік әкелетін, жолым­ды ашып, діттегенімді болдыра­тын дуалы тұма­рым сияқты жүзі­гім еді, соны енді мен саған сыйға тартсам ба деймін», – деп көзіне жас тұнып, өз қо­лымен Шолпан­ның (Жандарбекова) саусағына жү­зі­гін салды», – дейді Шарадай асыл апамыз. Абзал ағаларымыз бен апалары­мыздың өміріне қа­тыс­ты мұндай қызықты жәйт­тер­дің қаншасы қағаз бетіне түс­пей қалғанын ой­ласаңыз, тарих­тағы небір ізгілікті іздер абай­сызда жуылып-ша­йылып кетіп жат­қанын аңғарасыз. Бұл кітаптың басқа естеліктерден айыр­ма­шы­лығы – осындай өз­гені қай­таламайтын құнар­лы құ­пия­сында. Ғылым мен өнер адам­дарының арасын­дағы адами қа­рым-қатынас­тың бү­гінде тым сирек кездесетін ұшқын­дары ұшы­рас­­қан­да, ұрпақтар сабақ­тастығы үшін адамның жеке басының осындай ерекше қыр­ларын ашқан еңбек­тер­дің өте-мөте маңызды екенін сезесіз. Естеліктің со­ңына таман 60 жыл­­дан астам жоғары оқу орын­­дарында қызмет атқар­ған ағасы, тарих ғылым­дары­ның докторы Әбді Тұр­сынбаев, жиырма жыл­дан астам мұғалім, мектеп ди­ректоры болып қызмет істеген Шайдозым Байтоғаев, сондай-ақ Ұлту, Полат шешелері жа­йында жазғандары өз алдына бір бөлек жас­тықтың жасыл ж­апырағындай жел­пиді. Қысқа­сы, «Біз және біз­дің замандастар» мәдениет пен әде­биеттің майталмандары аруа­ғына рухани тағзым сынды шө­лі­р­кеген кеудеге саумал нәр береді. Олардың шы­ғармашыл ең­бектері туралы естеліктер жиі жарық көріп жатуы мүмкін, ал күнделікті өмірдегі мұндай қай­таланбас сәттер, сезім жы­луы назардан тыс қалып қоя береді. Осы жағынан кітап бұ­рынғы біраз олқылықтың орнын толтырғандай әсер түйгізе­ді. Әри­не, танымал тұлғалардың адамгершілік қасиеттерін бір ғана естелікке сыйғызу әсте мүмкін емес. Бірақ Мүсілім Базарбаев келбетін асыл жарының айшуақ сезіммен алаңсыз кестелеп, өмір өрнегін ой-елегінен өткергені сүй­сінтеді. Кешегі іздердің күң­гір­тінен гөрі күнгейі басым екен. Тағдыр тағылымдарын тағы да халықтың рухани қазынасына қоса беруге кісіні рухтандырар қа­­шан­да осын­дай күнгейлер болған ғой. Алыс тауларда ақ жамылғы, аңсарлы арман-шыңдар көп әлі жететін. Жар сезімін аялаған қа­зақ­та ардақ­ты аналар бар десек, мұны Гүл­бараш апай сынды қолы­нан қаламы түспеген аяулы жан­дарға арнап айтылған сөз дерсіз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.