Біздің қызметіміздің басты мақсаты облыстағы қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
Өткен жылы 35 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 172 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын қамтылды. Осы тексерулермен 110,8 млрд. теңге бюджет қаражаттары қамтылып, жалпы сомасы 1,9 млрд.теңгеге бұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша бюджетке қайтарылуға және қалпына келтірілуге жататын 481,5 млн. теңге анықталып, оның 359,4 млн.теңгесі бюджетке қайтарылды және қалпына келтірілді. Негізгі бұзушылықтар бюджеттік және салықтық, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамаларының талаптарын бұзудан туындайды. Бұдан басқа мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың лауазымды тұлғалары бюджет қаражаттарының негізсіз пайдаланылуына жол берген.
Осыған орай, 2015 жылы еңбеқақыны, іссапар шығындарын артық төлегені үшін, субсидиялау мен тамақтандыру бойынша негізсіз шығындарға жол беру, аяқталмаған жұмыстардың төленуі, мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтар және тамақтандыруға арналған ата-аналар жарнасының жетіспеуі сияқты деректер бойынша 30 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі таңда 15 материал тергеуалды тексеруден өтуде, 7 материал бойынша келтірілген шығындардың өтелуіне байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Ал, қалған 8 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі бойынша шешім қабылданып, 3 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында әлеуметтік маңызы бар ауданаралық қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауды тексеру кезінде қарастырылған субсидиялар шегінен тыс қосымша 10,0 млн. теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғаны анықталды. Соттың шешімімен артық жұмсалған қаражат толық көлемінде облыстық бюджетке қайтарылды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын және елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу жұмысы аяқталмастан 6,7 млн.теңгені түгелдей аударып жіберген. Бұл қаражат толығымен облыстық бюджетке қайтарылды.
Бюджет қаражаттарының негізсіз пайдаланылу деректерінің басым бөлігі білім беру ұйымдарында орын алып отыр. №39 орта мектебінде бюджетке өтелуге жататын 78,3 млн. теңге сомасында 7 жұмыс істемейтін тұлғаларға және нақты жұмыс істемеген күндері үшін 11 қызметкерге артық еңбекақының, сауықтыру жәрдемақысының, демалыс ақысының, іссапар шығындарының төленгендігі анықталды. Бұл метериал бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта қарастырылуда. №5 Хромтау гимназиясында жүргізілген бақылаумен жалпы сомасы 4,3 млн. теңгеге еңбекақының артық төленуі бойынша және мекеме қызметкерлеріне үстемеақылардың, іссапар шығындарының негізсіз төленуі және тағы басқа бұзушылықтардың жіберілгендігі анықталды. Ақтөбе облыстық прокуратурасы бұл деректі қарап, жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қабылдау туралы облыстық білім басқармасына ұсыным жолдады.
В.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде толық аяқталмаған жұмыстар үшін мердігерге 1,2 млн. теңге көлемінде қаражат төленгендігі анықталып, бюджетке өндірілді. Алға, Темір және Ойыл аудандарының 10 балабақшасына тексеру жүргізу барысында 6,9 млн. теңгеге бюджет қаражаттарын және ата-аналар жарнасын өз мүдделеріне заңсыз пайдалану деректері анықталып, бұл қаражаттар толық көлемінде бюджетке қайтарылды. Темір аудандық оқушылар үйінің есепшісі 669,5 мың теңге көлемінде қаражатты өз мүддесіне қолданғандығы анықталды. Бұл қаражат тексеру жүргізу барысында бюджетке қайтарылды.
Қарғалы ауданның білім бөлімінің басшысына мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін және Кемпірсай селолық округінің әкімі іссапар шығындарын артық төлегені үшін облыстық тәртіптің кеңестің шешімі бойынша қатаң сөгіс берілді.
Бұдан басқа, тексеру комиссиясы әкімшілік жауапкершілікке тартылу қарастырылған заңнама бұзушылықтарын да анықтап отыр. 2015 жылғы тексеру нәтижелері бойынша бюджет заңнамасынының, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік заңдарын бұзғандары үшін 65 лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 18,2 млн.теңгеге 131 әкімшілік айыппұл салынды.
Бюджет заңнамасы бойынша екі лауазымды тұлғаға бюджеттік есеп жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, тексеру комиссиясының заңды талаптарын және қаулысын орындамағандары үшін 3 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. 2015 жылы бюджеттік, салық, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамаларының талаптарын бұзғаны үшін тексеру комиссиясының ұсынымы бойынша 85 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,
Ақтөбе облыстық тексеру комиссиясының төрағасы
Ақтөбе облысы