Сірә, Еуропадағы мықты елдердің басшыларын сайлау да қолында ешқандай құзырлы билігі жоқ Австрия президентін сайлағандай жұрт назарын аударған жоқ шығар. Жеңіске 72 жастағы профессор Александр ван дер Беллен жеткені белгілі болғанда, біраз жұрттың «үһ» деп еркін дем алғаны да анық.
Әңгіме мынада. Бұл сайлаудың екінші туры еді. Біріншісі осыдан бір ай бұрын өтіп, ақтық күреске әсіреоңшыл Австрия азаттық партиясының (ААП) өкілі Норберт Хофер мен тәуелсіз кандидат, экономика профессоры Александр ван дер Беллен шыққан. Енді жеңіске Хофердің жетуі әбден мүмкін еді. Алғашқы турда оған сайлаушылардың 35,4 пайызы дауыс берсе, Беллен 21 пайыз ғана дауыс алған.
Жеңіске Хофердің жетуінде не тұр, бұл лауазымның бұл елде ешқандай құзыреті жоқ қой дер сырт адам. Расында да, Австрия президенті ресми ғана қызмет, тек канцлерді бекіткен болады, солай ет десе, парламентті де таратқан болады. Өз тарапынан ешқандай билік айта алмайды. Соған қарамай, бұл – сайланбалы лауазым. Жұрттың көпшілігі әсіреоңшылдар, яғни әсіреұлтшылдардың өкіліне ықылас білдіріп жатса, бұл елдің атына тағылар үлкен айып, бетке үлкен шіркеу, тіпті, масқаралық деп қабылдануы да заңды. Еуропа әсіреұлтшылдықты, нацистік идеяны жақсы біледі. Оның кез келген көрінісін қатаң айыптайды.
Тіпті, осы сайлаудың алғашқы турының нәтижесі де Австрияны дүр сілкіндірді. Елдегі дәстүрлі екі жетекші партияның – Социал-демократиялық партия мен консерваторлық Австрия халық партиясының өкілдері жеңіліс тапқанда, 2008 жылдан үкіметті басқарып келе жатқан канцлер Вернер Файман отставкаға кететінін мәлімдеді. Елде қалыптасқан жағдайға, ұлтшылдықтың белең алуына өзін айыпты санады. Жаңа канцлер болып Социал-демокартиялық партияның лидері Кристиан Керн тағайындалып, оны қазіргі президент Хайнц Фишер бекітіп те үлгерді.
Әсіреоңшылдардың жеңісіне олардың австриялық жақтастары ғана емес, бүкіл Еуропаның оңшылдары қуанды. Бұл жерде Франциядағы «Ұлттық майдан» партиясы мен оның лидері Марин Ле Пен мұны өз жеңістеріндей көріп, шексіз шаттанды. Тіпті, Еуроодаққа жұлдызы қарсылардың да оны құп көргені бар. Бұл одақтың осылай ынтымағы бұзылмақ деп топшылаған.
Осы жерде мынадай да бір оқиға еске оралады. Бұдан 17 жыл бұрын осы Австрияда сол әсіреоңшыл ААП парламенттік сайлауда біраз орын алып, коалициялық үкіметтің құрамына кірген болатын. Сонда Еуропа елдері Австрияға бойкот жариялап, ол оқшау қалғаны бар. Содан кейін коалициялық үкімет отставкаға кетіп, бұл ел Еуропа қауымдастығына қайта оралған. Жексенбі күнгі сайлаудың екінші туры кезінде осындай күрделі жағдай қалыптасты. Әсіреұлтшыл Хофер жеңіске жетер болса, жұртшылық оны қалай қабылдайды деген қатқыл сұрақ күн тәртібіне шықты.
Иә, сайлау барысын әлем бақылады. Хофер жеңеді деген болжам жасалды. Тіпті, сайлау учаскелерінен түскен толық мәліметтерге қарағанда, әсіреұлтшыл саясаткер 51,9 пайыз дауыс алғанда жұрт шошыған. Бірақ бұл елде сайлаушылардың 12 пайызы дауыстарын пошта арқылы береді. Сол топта әсіреұлтшылдарға қарсылар көп екені де айтылатын. Шындығында да солай болып шықты. Ақтық қорытындыда профессор ван дер Беллен жеңіске жетті – оны сайлаушылардың 50,3 пайызы қолдады!
Мұны жұрт парасаттылықтың жеңісі деп бағалады. Австриялықтар нацистік сұрқия идеялардың жетегінде кеткен жоқ.
Шағын болса да басқамен құқы бірдей
НАТО елдері Сыртқы істер министрлерінің саммитінде Черногория Солтүстік атлантикалық альянсқа байқаушы ел ретінде қабылданды. Бұл шешімді сол елдердің парламенттері мақұлдаған соң, ол әскери одақтың толыққанды мүшесіне айналады.
Оған ешкім де күмән келтірмейді. Өйткені, НАТО мен Ресей арасы қиғаш. Содан да әскери одақ елдері Ресейге жақпайтын нәрсені тезірек жүзеге асыруға асығады. Ал Мәскеу Черногорияның НАТО-ға кіргеніне қарсы. Сол үшін талай амалдар да істеп бақты. Үкімет атынан, сыртқы істер министрлігі тарапынан ресми қарсылық мәлімдемелер де жасады, черногориялықтар арасында белсенді саяси үгіт-насихат та жүргізді. Бірақ нәтиже шықпады.
Расында да, православие дінін ұстанатын Черногория мен Ресей арасында дәстүрлі байланыс, қарым-қатынас ертеден келе жатыр. Тіпті, бір мерекеде Ресей императоры Александр ІІІ-тің былай дегені бар: «Жалғыз ғана досым – Черногория королінің денсаулығы үшін ішемін, Ресейдің одан басқа досы жоқ». Сол достары жалпы дүрмекпен НАТО-ға кетіп бара жатыр.
Черногория үшін Ресей ғана емес, Сербия да қатты күресті. Социалистік Югославия күйреп, басқа республикалар бірден тәуелсіздігін алып, өз бағыттарымен кеткенде, Сербия құртақандай Черногорияны (халқы 650 мың ғана) жібермей, көп ұстады, екеуі Югославия одақтық республикасына бірікті. Көп айтысып, күресіп жүріп, ақырында Черногорияның тәуелсіздікке қолы жетті. Бұл жерде талай рет оның премьер-министрі де, президенті де болған, қазір де үкіметін басқаратын Мило Джукановичтің еңбегі айрықша. Тәуелсіздік соның арқасы деуге болады.
Сол тәуелсіздікті сақтап қалу да оңай емес екен. Шағын ғана елде сыртқы күштердің талай ұйымдары бар. Олар түрлі қарсылық акцияларын өткізіп, тіпті, күш қолданбақ болып та қорқытады. Сонда Черногория басшылығы саясат жолымен өзіне қорғаныш іздеді. Оның басты жолы НАТО-ға кіру еді. Әскери одақ оған түсіністікпен қарап, өздерінің талаптарын алға тосты, соны орындаған кезде ғана мүшелікке қабылданатынын мәлімдеді. Арада бірнеше жыл өткенде ғана оған мүмкіндік туды. Енді Черногория НАТО-ға байқаушы мүше, кейін толық мүше болмақ.
Жоғарыда айтқандай, Ресей бұған қарсылық білдіріп отыр. НАТО оны өзіне заңсыз тартты, Черногорияда референдум өткен жоқ дейді. Оған парламенттің шешімі жеткілікті екенін мойындағысы жоқ. Тіпті, бұл елге жауап шаралар қолданбақ ойда да. Әрине, өз мүшесін НАТО елдері, сондай-ақ, Еуроодақ жалғыз тастамасы анық. Ол жайында НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг ашық мәлімдеді. Джуканович болса, енді өз елі шағын болса да НАТО елдерімен бірге иық тіресіп тұрады дегенді айтты.
Черногория өз қуатымен НАТО-ны күшейте қоймайды. Мәскеуді шошытатыны – бұл елдің мысалы Македония, Герцеговина мен Босния, сондай-ақ, Грузия сияқты елдерге жағымсыздау өнеге болады дейді. Болашақты ойламай тағы болмайды ғой. Ал НАТО болса, шығыс шекарасын кеңейтіп, Ресейді қусырып барады. Кейде бұл жайт та әділетсіз секілді көрінеді...
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист