28 Мамыр, 2016

Қазақстанның 4 алтын медалі

520 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің әйелдер құрамасы осындай табысқа жетті Кеше Астанада мәреге жеткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшелері Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова мен Ләззат Күнгейбаева алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында Назым Қызайбай Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ағасының ерлігін қайталап, қазақ қыздары арасынан бірінші болып  екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге, Жайна Шекербекова мен Айман Қожабекова өз салмақ дәрежелерінде қола жүлде иеленді.  Чемпионатта Жайна қола медаль алғанымен, 51 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиада лицензиясын иеленді. Бұған дейін мұндай жолдаманы Дариға Шәкімова алған. Ол биыл Қытайда өткен халықаралық турнирде әйелдер арасында жалғыз өзі 75 кило салмақта топ жарған. Биылғы әлем чемпиона­ты Қазақстан боксшылары қа­тысқан әлемдік додалардың ішіндегі ең табыстысы болды. Онда еліміздің ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бі­рінші орынды алып, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Әлемдік додада төрт қызымыз тұңғыш рет финалға шықты. Егер өткен бәсекелерге қарасақ, 2014 жылы ғана алғаш рет қазақ қызы құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілген еді. Сол кезде 48 килоға дейінгі салмақта Назым Қызайбай ғана чемпион атанса, Ләззат Күнгейбаева күміс жүлдені иеленген. 2012 жылы Юлдуз Маматкулова (81 кг) күміс медаль алса, Назым Қызайбай қола жүлдегер атанған. 2010 жылы Марина Вольнова екінші орынды, 2008 жылы Алена Кольцова үшінші орынды қанағат тұтса, 2006 жылы Назым Боранбаева әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

27.05.2016 Boxing-Nazyn QyzaibaiН.Қызайбай

27.05.2016 Boxing-Dina Zholaman-1 Д.Жоламан                              

27.05.2016 Boxing-Valentina Khalzova В.Хальзова                          

27.05.2016 Boxing-Lazzat KungeibaevaЛ.Күнгейбаева

 Жарысқа Қазақстаннан 9 боксшы қатысты. Соның төртеуі ға­на жүлдеге іліге алмады. Римма Волосенко (60 кг) мен Юлдуз Ма­маткулова (81 кг) орта жолда жа­рысты аяқтады. Ширек финалда Зарина Цолоева (64 кг) мен Виолетта Князеваның (75 кг) жолы болмады. Осылардың барлығы чемпионатты жақсы бастағанымен, осы кезеңде қарсыластарынан айласын асыра алмады. Ал финалға жеткен төрттік, керісінше, шаршы алаңның шаңын қағып, алдына келген қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Олар ширек финал мен жартылай финалда көп қиналған жоқ. Финалда бірінші болып Назым Қызайбай жанкүйерлерді қуантты. Ол қы­тайлық Янь Вангпен кездесіп, оған ешқандай мүмкіндік қал­дырмады. Осыдан кейін 54 килоға дейінгі салмақтағы Дина Жоламан да әлем чемпионы атағына ие болды. Ол болгар Стойка Петро­вадан басым түсті. Қазақстан құ­рамасынан үшінші болып шаршы алаңға Валентина Хальзова көтеріліп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Шешуші кездесуде Хальзова қытайлық Гу Хонды тізе бүктірді. Ал 81 килодан аса салмақтағы боксшылардың жекпе-жегі финалдың көрігін қыздырды. Осы сында 2014 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ләз­зат Күнгейбаева америкалық Ша­дасия Гринді ұтып, көптен бері күткен алтын медалін мойнына тақты. Ал 51 ки­ло­ға дейінгі сал­мақта Жайна Ше­кербекова мен Айжан Қо­жабекова (57 кг) жартылай финалда қарсыластарынан ұтылды. Алғашқысы 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың чемпионы ағылшын Никола Адамспен кездесіп, есе жіберді. Дегенмен, Шекербекованың одан есе қайтаруға әлі мүмкіндігі бар. Екеуі Олимпиялық ойындарда тағы кездесуі мүмкін. Ал 20 жастағы Айжанға өкпеміз жоқ. Жас болса да, бас бола біле­тін қызымыз жарыста жақсы қы­рынан көрінді. Ол өзінен үлкен боксшылармен қолғап түйістіріп, жартылай финалға дейін жетті. Жалпы, биылғы сында жат­тықтырушылар құрамының ең­бегін айту керек. Құраманың бас жаттықтырушысы Вадим При­сяжнюк, бокс маманы Қай­рат Ма­нашев пен қыздардың жеке бапкерлері чемпионатқа жақ­сы дайындалып, алға қойған мақ­сатын толығымен орындады. Қазақстан Олимпиадаға бір лицензияны алса, төрт боксшымыз Әлем чемпионы, екеуі қола жүлдегер болды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»