28 Мамыр, 2016

Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы (+онлайн)

363 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

28-05-16-jerАСТАНА. 28 мамыр. Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде Жер реформасы жөніндегі комиссия өзінің кезекті үшінші отырысына жиналып, өз жұмысын бастады.

Естеріңізде болса, Жер туралы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәуір айының ортасынан бастап қоғамның әртүрлі топтары тарапынан наразылықтар білдіріле бастаған болатын. Осыған орай Президент 5 мамыр күні Ақордада кеңес өткізіп, онда кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды іске қосуға мораторий жариялады. Сонымен қатар, Үкіметке кодекстегі дау туғызып отырған баптар мен тармақтарды қайта қарап, пысықтау үшін қоғамдағы әртүрлі ұйымдар мен қозғалыстардың өкілдерінен, тиісті мамандар мен жерге қатысты сала қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия құруды тапсырды. Артынша құрылған сол комиссия әр аптаның сенбі күнінде жиын өткізіп, жер мәселесіне қатысты шараларды талқылауда.

Бүгінгі комиссияның кезекті отырысы сағат тура 10:00-де басталды.

Төменде «Егемен Қазақстан» газеті интернет-редакциясының тілшілері Талғат Райымбек, Аян Әбдуәли және Орынбай Балмұрат (фото) осы отырыс барысынан онлайн сипатындағы репортаж жүргізіп отыр.

10:00. Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысының алғы сөзін Прьемер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев  алып, бүгінгі жиынға комиссия құрамының 62 мүшесі қатысып отырғанын айтты. Сонымен қатар, ол Президенттің тапсырмасымен құрылған комиссияның жұмысы 6 айға созылып, жер төңірегіндегі барлық мәселелер егжей-тегжейлі қаралатынын жеткізді.

28-05-16-jer1 3

10:05. Бақытжан Сағынтаев комиссияның бұған дейінгі өткен отырысында 4 арнайы жұмыс тобының құрылғанын айтты. Осы ретте ол "Экономикалық" топтың жетекшісі Ақылбек Күрішбаевқа сөз кезегін берді.

10: 18. Ақылбек Күрішбаев: "Жер мемлекеттікі. Жерді дұрыс игеру, ауылды дамытумен тығыз байланысты. Сондықтан да бұған дұрыс қарау керек. Агро сала елдің темірқазығы", – деді.

28-05-16-jer1 2

10: 23. Мұнан соң Мұхтар Тайжан сөз кезегін алды. Ол: "Біз осында жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Билік пен халық арасында тығыз байланыс орнатылды. Менің халықтың атынан сұрайтыным, елдің білгісі келетіні таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың ірі компаниялары арасында жер жөнінде келісім шарт жасалыпты. Осыны нақты, ашық айтып берсе", – деді.

10: 29. "Біз әлі бір ымыраға келген жоқпыз. Сол үшін бәріміз шұғыл өңірлерді аралап, халықпен сөйлесіп, пікірлерін білсек. Сонан кейін нақты шешімге келейік. Осы менің ұсынысым", – деді Мұхтар Тайжан.

10:34. Мұнан кейін "Ақпараттандыру" тобының жетекшісі Мұрат Әбенов сөз алып, топтың бір аптадағы атқарған жұмысына тоқталды.

Ол: "Әзірге біз нақты шешім шығармайық. Менде әріптестерімнің пікіріне қосыламын. Елге барып, халықпен кездесейік. Ақпараттандырайық. Жиындар өткізіп, олардың пікірін қарайық", – деді.

10: 36. Мұрат Әбенов: "Біз осы комиссия отырысында жер төңірегіндегі қордаланған мәселелерді шешуге тырысайық. Мәселен, Қазақстанның әр бір азаматы 10 сотық жер алуға құқылы. Алайда, біз осыған толық жауап бере алмай келеміз. Осыны басты назарға алсақ жақсы болар еді. Сонымен қатар, халықтың көкейіндегі сан түрлі сұрақтар бар. Біз осыны жинақтайық, әлеуметтік желідегі азаматтардың ұсыныстарын қарап, сұрақтарына нақты жауап беруді қарастырайық", – деді.

10: 41. Мұнан соң "Ұйымдастыру" тобының жетекшісі Дос Көшім сөз алды. Ол:  "Екі ұсынысым бар: біріншісі, жер ешкімге сатылмасын. Екіншісі, жер сатылсын, бірақ арнайы шарттары болсын", – деді.

10:45. Осыдан кейін комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев: "Бізді халық күтіп отыр. Ендігі жұмысымызда өңірлерге шығуымыз қажет. Ақмола облысынан бастағанымыз жөн", – деді.

28-05-16-jer1

10:56. Асқар Мырзахметов: "Еліміздегі ауылшаруашылық жерлерге талдау жасалды. Жердің құнарлылығын сақтау, мал шаруашылығы жерлеріндегі жайылымдық және шабындық жерлерді қамтамасыз ету, кейбір жекеге өтіп, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару секілді жұмыстарды атқарудамыз", – деді.

10: 59. "Мұхтар Тайжан мырзаның сұрағына келсек, біз Қытайдың компанияларымен келісім шартқа отырғанымыз рас. Мақсатымыз – екі елдің ортасындағы сауда-саттық экономикасын дамыту. Ауыл шаруашылығы министрлігі өзіне жүктелген міндетті атқаруда. Біз жер мәселесіне байланысты құжаттарға қол қойған жоқпыз" – деді Асқар Мырзахметов.

11: 00. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі жер инспекциясына қатысты мәселеге тоқталды. Ол: "Жерлерді нақтылау, тексеру, жұмыстар жасауға жер инспекциясының мүмкіншілігі аз. Тиісінше ауыл әкімдері жерді бақылау мен нақтылауға мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да біз осы мәселенің реттейтін боламыз", – деді.

11: 05. "Асқар мырзаның сөзін жалғастырсам. Біздегі ет-сүт өнімдері таза, табиғи. Осыған орай шетелдік компаниялар Қазақстанмен жұмыс жасап, сауда-саттық саласын дамытуға ниетті болып отыр. Сол үшін инвесторлар келіп, сауда саласына қаржы құйып, салық төлесе, еліміз мұнан ұтылмайды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

11: 12. "Жерді ешкімге сатпағанымыз жөн. Жер - ата-бабамыздан келе жатқан мол мұра. Біз осы мұраны балаларымызға, ұрпаққа қалдыруымыз керек. Жерді отандық кәсіпкерлерге, азаматтарға сатпай, 49 жылға жалға беру керек деп есептеймін. Коперрация заңын енгізіп, жалға берейік. Мен өткенде ауылға барып, халықпен кездестім. Сонда ауыл азаматтары жерді сатуға түбегейлі қарсы. Сондықтан Жер кодексіндегі кейбір заңдарды алып тастау керек деп ұсыныс айтамын", – деді комиссия мүшелерінің бірі.

11: 13. "Құрметті әріптестер, біз барлық ұсыныстарымызды қорытындылағанымыз жөн. Бүгін біз өмірдің ақиқатын айтып жатырмыз. Біз  Канададан әкелген техникаларды пайдаланып, жақсы болмаймыз. Одан да неге өзіміз ауыл шаруашылығы техникаларын шығармаймыз? Елімізде осы бағыттағы тракторлар ескірген. Шаруалардың пайдалануына жарамсыз. Мен білемін, өткен жылы елімізде 70 мың трактор сатылымға шығарылған. Сонымен қатар, тыңайтқыштар төңірегінде айтсам, жер тірі ағза секілді. Біз қашанғы жерді игеріп, пайдалана береміз. Құнарлату жағын қарастырайық", – деді Владислав Косарев.

11: 40. "Жерді шетелдіктерге жалға беруде мұқият болайық. Мұны кейін талдайтын боламыз. Айтайын дегенім, осында БАҚ өкілдері жүр. Олар ақпаратты біржақты бермей, толық қамту қажет. Тағы айтарым, елімізде 13 жылдан бері халыққа тиесілі жер берілмей келеді. Неге мұны біз ұстаймыз, жер берілсін. Осыдан келіп халық бізге сенбейді. Елге шықпас бұрын осы мәселені шешіп алайық", – деді комиссия мүшесі.

28-05-16-jer1 4

11:55. "Осыған дейінгі талқыланғандарды қорытуымыз керек. Шетелдіктерге біздің жерімізді сатпауымыз керек. Пайдаланылмай жатқан жерлерді не істеуіміз керек? Келесі ұрпаққа қалдырамыз ба? Бірақ оған дейін біз жердің құндылығынан айрылып қалмаймыз ба? Сондықтан біз шетелдіктерге жалға беру туралы мәселені шешуіміз керек, – деді Кенжеғали Сағадиев.

11:57. Жүрсін Ерман: "Халық жер сатылмасын дейді. Мен қазір сіздерге маған халықтың атынан келген хатты оқып берсем. Дәрілік өсімдіктер шетелге сатылып жатыр. Бір ғана миядан бөлек, қасқыртұмсық шөбі де бей-берекет жұлынып, сатылып жатыр. Әсіресе, бұл өсімдік Қызылорда облысы, Тереңөзек төңірегінде жойылып барады. Сондықтан комиссия мүшелері жер мәселесінен бөлек, табиғатты қорғау саласына да назар аударса екен", – деді.

12:05. Қуаныш Айтаханов: "Жалпы ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, мемлекеттік бағдарламаны жасауымыз керек. Осыған байланысты инвестиция салуымыз керек. Өзге елдермен салыстырғанда елімізде ауыл шаруышылығына салынатын инвестиция 50 есе төмен. Өзімізде өндірілетін көкеніс өнімдері ысырап болып жатыр. Жерді жалға кімге беру керек деген мәселені талқылайтын болсақ, Моңғолиядағы заң секілді шекаралас елдерге беруге болмайды дегім келеді", – деді.

12:14. Мырзатай Жолдасбеков: "Қазір облыстарда жер мәселесі туралы арнайы комиссиялар құрылды. Келесі отырысымызға сол комиссияның мүшелері халықтың пікірін жинақтап, осында әкелсе, біз талқылаймыз. Дәл қазіргі уақытта біздің өңірлерге баруымызға мүмкіндігіміз жоқ" , – деді.

12:24. "Елімізде 188 миллион гектар жеріміз бола тұра ауылдық жерлерде жайылымдық жер жоқ деген көп айтылып кетті.  Өкінішке орай, ауыл шаруашылығын дамытуда біз жетістіктерге жете алмай келеміз. Осыған байланысты, біз өңделмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруымыз керек", – деді комиссия мүшесі.

12:25. "Жерді жалға беру мәселесіне тоқталар болсақ, шетелдік жеке тұлғаларға бермеуіміз керек. Бірақ шетелдік компанияларға бергеніміз дұрыс болады. Бірақ оның да арнайы шарттары болғаны жөн. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту үшін шаруаларға қолдау көрсетуіміз керек", – деді комиссия мүшесі.

12:45. "Халық жерді шетелдіктерге жалға бергісі келмейді. Жерді жалға беру туралы конкурс ұйымдастыруымыз керек. Осы жерде ең үздік ұсыныстар қабылданады", – деді комиссия мүшесі.

12:54. "Менің ұсынысым – жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсымын. Өзіміз ауыл шаруашылығы саласын дамытуымыз керек деп есептеймін", – деді комиссия мүшесі.

13:00. "Жер кодексіне келер болсақ, билік те, қоғамдық ұйым да, халық та жерді сатуға қарсы. Тағы бір айтарым, 10 жылға Қытай азаматы жерімізді жалға алды делік, бірақ, еліміздегі заң бойынша ол 5 жылдан кейін Қазақстан азаматы болып саналады. Ал ол қазақ қызына үйленсе, 3 жылдан кейін азаматтық ала алады. Меніңше, жерді сатуға болмайды", – деді Нұрлыбек Қуанбаев.

13: 04. "Біз өңірлерге шығып, халықпен кездесеміз дедік. Бірінші Ақмоладан бастайтын болсақ, кездесу тек Көкшетауда өтпей, 4-5 ауданда ұйымдастырылса. Халықпен кездесіп, пікірлерін білеміз. Менің ұсынысым өзіміз ауылдарды аралайық", – деді Нартай Ысқақов.

13: 07. "Ауыл шаруашылығын дамыта алмай отырғанымыздың басты себебі, бізде жаңа технологияның жоқтығы. Менің ұсынысым – жерді жалға беруді нақты пысықтайық. Біз электронды портал жасауымыз керек. Қай жер бос немесе кімге тиесі екенін көрсетуіміз қажет. Халық көріп отырады", – деді комиссия мүшесі.

13: 13. Самұрат Имандосов: "Халық жер тек шетелдіктерге сатылады деп түсініп жүр. Сол үшін біз ел-жұртқа түсіндірме жасап, олармен кездесу ұйымдастыруымыз керек", – деді.

Сонымен қатар, ол: "Ауыл шаруашылығы саласындағы бос жатқан жерлер бар. Оны шетелдік азаматтарға жалға беруден қорықпайық. Инвестор келсе халықтың әл-аухаты жақсарады, бюджетке ақша түседі. Тағы айтарым, ауылда мамандар жоқ. Өзіміз игеретін агрономдар, зоотехниктер, кәсіби мамандар жоқ. Сондықтан жалға берерде, мемлекет шетелдіктерге бақылау жасасын", – деді.

13: 23. Бақытжан Сағынтаев: "Құрметті комиссия мүшелері, бүгінгі отырысымыз 3 сағатқа созылды. 28 адам сөйледі. Бүгінгі жиынды қорытындыласақ", – деді.

13:55. "Бүгін біз жерді жалға беру турасында әңгіме қозғадық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайын талдадық. Бәріңіз түрлі пікірлер айттыңыздар. Мен де өңірлерге барып, халықпен кездесуді құптаймын. Енді келесі басқосуымыз 4 маусымда өтеді. Онда біз алғашқы сапарымыздың күнін, баратын азаматтардың санын белгілейміз. Халыққа шығып, олардың пікірін тыңдаймыз", – деді төраға.

Айта кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері облыстарды аралап, халықпен кездесу жұмыстарын бастайды. Олардың ең алғашқы іссапары Ақмола облысынан басталатын болады.

Соңғы жаңалықтар