ШЫМКЕНТ. 28 мамыр. Бұдан екі апта бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 18 жастағы Айгерім Оспанбекованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған Әлішер Арғынбековтің жанында тағы үш адам болған. Бұл туралы Otyrar.kz ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Күдіктінің адвокаты Айгерім Оспанбекованың өліміне тағы үш адамның қатысты екенін айтып отыр. Мұны ол соттың 18 жастағы студент қызды өлтірді деген айып тағылушыны ұстау шарасын белгілеуге арналған отырысында жеткізді.
Отырыс барысында прокурор Айгерімнің өлтірілуіне байланысты оқиғаның жұрт жағасын ұстататын жақтарын баяндап берді.
«Өзінің жеке көлігімен адам тасумен айналысушы Әлішер Арғынбеков 10 мамыр күні жолда көлік күтіп тұрған қызға назар аударады. Ол сосын қыздың жанына тоқтайды. Шымкентке баратынын білгесін апару құны 500 теңге екенін айтады. Осыдан кейін қызды мінгізіп алған жүргізуші облыс орталығына қарай жүріп кетеді. Бұл кезде көлікте тергеу кім екендерін әлі анықтай қоймаған тағы үш жолаушы бар екен. Олар Сарыағаш ауданының территориясында түседі. Таксиші бұдан әрі Оспанбекованың бір өзін Шымкентке алып кетеді. Сағат 17:30-да Шымкентте, «Арғымақ» автобазарына жақын жерде Арғынбеков Оспанбековамен ұрсысып қалады. Осыдан кейін ол көлігін жолдың жиегіне тоқтатып, отверткасын алып, артқы орындықта отырған Оспанбекованы кеуде және қарын тұсынан бірнеше рет ұрады. Сосын оның қолынан құны 50 000 теңге тұратын Samsung Galaxy G5 маркалы телефоны мен 8 500 теңге ақшасын алады. Содан соң Арғынбеков рульге отырып, Сарыағаш ауданы жаққа қарай жүреді. Қазығұрт кентіндегі Қонаев көшесіне келгенінде, көмек сұрап айғайлай бастаған Оспанбекованың аузын жауып тастау үшін екі қабатты «Алмас» дүкенінен скотч сатып алады. Сосын оңтүстік бағытта қарай жүріп келіп, «Бөгетбай ата» электроника магазині жанына тоқтап, артқы орындыққа отырып, Оспанбекованың аузын скотчпен жауып, екі қолы мен аяғын артқа қайырып байлайды. Сосын сумкасының белбеуімен қызды тұншықтырып өлтіреді. Содан кейін дала жаққа шығып кетеді. Айналада ешкім жоқ екенін байқағасын, өлі денені жерге көміп тастайды», - деді прокурор.
«Менің қорғауымдағы адам тергеуге басынан өлімге қатысты тағы үш жас жігіттің болғанын мәлімдеді. Олар жүргізушіге ақшаларын төлемей, көліктен шыққан да, қыздың телефонын алып бере салған. Сосын ақшаларын әкеп бергесін, телефонды алатындарын айтқан. Бірақ сол күйі келмей кеткен. Қазір осы телефонның менің қорғауымдағы адамның қолынан табылуына байланысты айыптаулар жасалып жатыр. Айыпталушы жас жігіттердің аты-жөндерін ғана емес, тіпті туған жылдарын да айтып бергеніне қарамастан, тергеу осы кезге дейін әлі бір рет те белгісіз үшеуді іздестірудің шарасын қолданбай отыр», - деді адвокат.
Бірақ қорғаушы белгісіз жас жігіттердің кімдер екендерін ашып айтпады.
Еске сала кетейік, 25 жастағы Әлішер Арғынбеков Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының шешімі бойынша студент Айгерім Оспанбекованың өліміне айыпты ретінде қамауға алынды. Қыз 10 мамыр күні Сарыағаш ауданынан Шымкентке жолға шыққаннан кейін жоғалып кетті. Ол тура екі апта өткеннен кейін өлі күйінде табылды.
Полиция Әлішер Арғынбековті Жаңа жол ауылында қолға түсірді. Оның отбасы, ата-анасы, әйелі және екі кішкентай баласы бар көрінеді.
Сот тараптарды тыңдай келіп, күдіктіге әзірге екі ай мерзімге қамау түрінде шара көруге шешім шығарды.
«Айыпталушы, бұл сот отырысында сіздің қылмысқа қатысыңыздың бар-жоқтығы анықталмайды. Қазір тек сізді ұстауға қатысты қолдану шарасы ғана белгіленеді. Сізге 20 жыл түрмеде отыру немесе өмірлік жазаға кесілу түріндегі айрықша ауыр қылмыс айыбы тағылатын болғандықтан, кепілмен шығару мәселесі қаралмайды. Үйқамақ жайына келсек, сот сіздің жағдайыңызда оны қолдану мүмкін емес деп тапты. Егер сіздер бұған келіспейтін болсаңыздар, үш күннің ішінде өз бетіңізше немесе адвокатыңыз арқылы шағым бере аласыз», - деді судья.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, фото: Otyrar.kz.