29 Мамыр, 2016

Талдықорғанда қарақшылық жасап жүрген екеу қолға түсті

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

28-05-16-arest

ТАЛДЫҚОРҒАН. 29 мамыр. Алматы облысының орталығында магазиндерге дүркін-дүркін қарақшылық шабуыл жасап жүрген деген күдікпен екі ер кісі ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. 2016 жылдың қаңтарынан сәуір айына дейін Талдықорғанда бірнеше дүкенге қарақшылық шабуылдар жасалып, олардың егелері полицияға ресми шағыммен келді. Ал тексеру қорытындысында жасалған қылмыстардың бір қолдан шыққаны белгілі болды. «Зәбір көрушілердің суреттеулері бойынша, қарақшылық жасаушылардың сыртқы кескін-келбеттері мен әрекет ету тәсілдері бір-бірлеріне ұқсас болып шықты. Қылмыскерлердің біреуі есікті тартып жауып тұрса, екіншісі бетін бетпердемен жауып келіп, кассадан ақша талап ететін болған», - деді полициядағылар. Жедел-іздестіру қызметкерлері көп ұзамай осы қылмыстарды жасады деген күдікпен көрші Ескелді ауданының 1994, 1995 жылдары туған екі ауыл тұрғынын қолға түсірді. «Қазіргі таңда ұсталғандардың алты қарақшылық шабуылға қатыстары бар екендері дәлелденді. Қалалық ішкі істер басқармасының өндірісіндегі фактілер бойынша тергеу жүргізу жалғасып жатыр», - деп атап өтті облыстық ішкі істер департаментіндегілер. Нұрбол Әлдібаев. Дерек: Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар