29 Мамыр, 2016

«Қайрат» «Ақжайықтан» бірінші айналымда кеткен есені қайтарды

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
29-05-2016-KPL suret 01АСТАНА. 29 мамыр. Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 13-туры ойындары ойналды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Турдың төрт бірдей кездесуінде ойын тағдырын жалғыз гол шешсе, бір матчта есеп ашылған жоқ. Ал Алматыда өткен жергілікті «Қайрат» пен Оралдың «Ақжайығы» арасындағы ойын барысында жанкүйерлер бес голдың куәсі болды. Нәтижесінде алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетіп, бірінші айналымда кеткен есені қайтарды. Айта кетейік, аталған айналымда «Ақжайық» Оралда «Қайраттан» 2:1 есебімен басым түскен болатын. Бұл ойында да 89-минутқа дейін оралдықтар алда болды. 3-минутта «Ақжайық» ойыншысы Руслан Валиуллин есеп ашып, командасын алға шығарса, 16-минутта «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан пенальтиден таразы басын теңестірді. Ал 31-минутта Батыс Қазақстаннан келген команда сапынан Олег Хромцов мергендігімен көзге түсіп, «Ақжайық» екінші рет есепте алға шықты. Соңғы сәтке дейін шабуылдаған алаң иелері 89-минутта ғана дегендеріне жетті. Атап айтқанда, команданың сұрмергені Жерар Гоу нәтижелі соққысымен көзге түсіп, стадионға жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Ал қосымша уақытта, яғни 92-минутта алматылықтар ойынға тыңнан қосылған камерундық легионер Гаэль Тавамбаның көмегімен жеңіс добын соғып кетті. Осылайша, «Қайрат» турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Өз кезегінде, көш бастап келе жатқан «Астана» мен екінші орынға нық табан тіреген «Ертіс» те бүгінгі ойындарын жеңіспен аяқтағанын атап өткен жөн. 29-05-2016-KPL suret 02 13-тур ойындарының нәтижелері: «Ордабасы» (Шымкент) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:1 Гол: Душан Савич 11. «Шахтер» (Қарағанды) – «Тобыл» (Қостанай) 1:0 Гол: Мақсат Байжанов 42. «Қайрат» (Алматы) – «Ақжайық» (Орал) 3:2 Голдар: Бауыржан Исламхан 16 (пенальти), Жерар Гоу 89, Гаэль Тавамба 90+2 – Руслан Валиуллин 3, Олег Хромцов 31. «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Тараз» (Тараз) 0:0 «Атырау» (Атырау) – «Ертіс» (Павлодар) 0:1 Гол: Роман Мұртазаев 51. «Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Астана) 0:1 Гол: Неманья Максимович 83.

13-тур ойындарының қорытындысы бойынша турнир кестесі29-05-2016-KPL keste 13-tur

Үздік мергендер:
  1. Роман Мұртазаев («Ертіс») – 8 гол;
  2. Жерар Гоу («Қайрат») – 7 гол
  3. Душан Савич («Жетісу») – 6 гол;
  4. Самат Смақов («Ақтөбе») – 5 гол.
14-тур ойындары 2 маусым күні ойналады. Аталған турдағы қарсыластар реті төмендегідей: «Жетісу» – «Ақтөбе» «Ертіс» – «Шахтер» «Оқжетпес» – «Ақжайық» «Тараз» – «Астана» «Тобыл» – «Ордабасы» «Қайрат» – «Атырау». Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Фото: vk.com.
Соңғы жаңалықтар