31 Мамыр, 2016

Бала құқығы басты назарда

608 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы З.Оразалиеваның, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы А.Оспановтың, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Р.Иманқұловтың, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Э.Ахметованың қатысуымен брифинг болып өтті. Халықаралық балаларды қорғау күнінде атқарылатын шаралар, олардың жазғы демалысының жоғары деңгейде өтуін ұйымдастыру, демалыс барысында қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалау – жиынның негізгі тақырыбы болды. Ал 2016 жылдың 15 мамыры мен 15 маусым аралығында елімізде Балалардың құқығын қорғау күніне арналған «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы өтеді. Оның негізгі мақсаты – елдің балғын тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру, әрбір балаға құрметпен және қамқорлықпен қарауды қадағалау, олардың құқықтары мен мүдделерін аяқ асты етпей, әкімшілік тарапынан әділ жүзеге асыруды насихаттау. «Аталған шараның қатысушылар құрамын 3 миллионға жуық бала құрайды. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, оқушылар мен студент жастар. «Бар жақсылық – балаларға» ұраны барлық мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде ұстанатын негізгі қағидат болып табылады. Республикалық акция ұлтына, жынысына, діни сеніміне, әлеуметтік мәртебесіне және тұратын жеріне қарамастан, әрбір балаға ерекше қамқорлықтың қажет екеніне қоғамның назарын аударуды мақсат тұтады. Сонымен бірге, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөлуді көздейді», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы З.Оразалиева. Акция республиканың барлық өңірінде 9 тақырыптық бөлім бойынша мерекелік шараларды жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, бұл шаралар арқылы «бала», «бақытты балалық шақ», «әр бала отбасында өмір сүруі тиіс», «балалардың құқықтарын қорғау» сияқты құндылықтарды қоғамның санасына орнықтыруға күш салу, бүгінгі бүлдіршін ертеңгі елдің отансүйгіш азаматы болып өсуіне өз үлесімізді қосу, дейді ұйымдастырушылар. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар