31 Мамыр, 2016

Өткенсіз болашақ жоқ

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_8447+Астанадағы Ұлттық музейде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «ҚарЛаг» архипелагы» заманауи көркемөнер жұмыстарының көрмесі өтті. «ҚарЛаг» архипелагы» – заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков пен Қазақстанның заманауи суретшілері Сырлыбек Бекботаевтың, Алмагүл Меңлібаеваның, Айнұр Сәденованың жобасы. Шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, бұл көрменің мақсаты – жұртшылыққа тарихтың ең бір қанқұйлы кезеңдерінің бірі саналатын зұлматтың табиғаты мен тереңдігін жеткізу және Қазақстан тарихының 1930-1956 жылдардағы бұрмаланған парақтарын қалпына келтіру. Сол кезеңде 11 лагерьде (АЛ­ЖИР, ҚарЛаг, СтепЛаг, ДальЛаг, ПесчанЛаг, КамышЛаг, Жезқаз­ғанЛаг, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері) айдауда болып, азап шеккен миллионнан астам тұтқынның ауыр тағдырын заманауи көркемөнер арқылы сипаттау. Жиында сөз алған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төр­аға­сының орынбасары Ералы Тоғ­жанов жазықсыз жандардың көз жасына суарылған саяси қуғын-сүргін кезеңі туралы айтқанда, тарихтан тағылым, өткеннен сабақ алуды ұмытпау қажеттігіне тоқталды. «Бүгінгі шараның бас­ты мақсаты – қасіретті жылдарда орын алған оқиғалар арқылы жас ұрпақты зұлматты кезең туралы хабардар ету, мұндай қу­ғын-сүргіннің қайталануына жол бермеу», – деді Е.Тоғжанов. Сонымен, музей залдарының бірінде сегіз инсталляция көпші­лік назарына ұсынылды. Мәселен, суретші Алмагүл Меңлі­баеваның «Шанель №5» пар­фюмі атауымен қойылған экспозициялары нәзіктігіне, ана болғанына қарамастан, АЛЖИР тұтқынына айналған жазықсыз әйелдің естелігіне құрылған. Тұтқын портреті ретінде Коко Шанельдің бейнесі алынған. Пор­трет тұтқындар киетін арнайы киім – «фуфайкалармен» көр­кемделген. Ал Нұрлан Дулат­бековтің КарЛаг туралы кітап инсталляциясында репродукция­лар альбомы, фотоальбомдар, очерктер, тарихтар, фактілер, зерттеулер, статистикалар, кес­телер, карталар мен естеліктер жинақталған. Идея авторының миссиясы – қатал тағдырына, атына таңылған жалаға қарамастан, жақсылықтан үміттерін үзбеген жандар, яғни саяси тұтқындар туралы шындықты жеткізу. Көрме 15 шілдеге дейін жалғасады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»