Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы Әмәл әл-Кубейсимен кездесті. Онда тараптар ынтымақтастықтың түрлі саласында табысты іске асырылып жатқан бірлескен жобаларды талқылады.
Олардың қатарында Астана қаласындағы «Абу Даби Плаза» көпфункциялы кешенінің құрылысы, ТМД және Қазақстан аумағында алғаш қызметін бастаған «Әл-Хилал» ислам банкі, сондай-ақ, «Фалах» бірлескен инвестициялық қоры бар.
«Сіздің бұл сапарыңыз біздің елдеріміздің ынтымақтастығы жоғары деңгейде екенін тағы бір дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Халифа бен Заид Әл Наһаян арасындағы тығыз достық қарым-қатынастар Қазақстан мен Әмірліктер байланысының берік негізін қалады. Қазақстан үшін Біріккен Араб Әмірліктері – араб әлеміндегі және шығанақтағы маңызды серіктес», – деді Г.Әбдіқалықова. Сондай-ақ, ол штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы біздің бастамамызды БАӘ-нің қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммиті барысында «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыруға және әлемді соғыс қаупінен арылтуға шақырғанын атап өтті. Бұдан басқа, манифестің БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болғанын айтып, Абу Дабиді ондағы бастамаларды іске асыруға шақырды.
Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының 2017 жылы Астана қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммитін өткізу туралы бастамасына Абу Дабидің қолдау көрсететініне үміт артатынын айтты. Одан бөлек, Әмірліктер тарапын Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы Әмәл әл-Кубейсиді алдағы барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айымен құттықтап, оған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы үнқатысуды нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.
Өз кезегінде, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында әл-Кубейси Қазақстанға Парламент Сенатының шақыруымен келгенін айтып, сапар аясында «Дін терроризмге қарсы» атты халықаралық конференцияға қатысатындарын жеткізді.
«Біз Қазақстанды Жер бетіндегі дінаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін ерекше құрметтейміз. Сондай-ақ, толеранттылықты насихаттау жолындағы іс-әрекеттеріңізді әрдайым қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Мұның барлығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып жатқаны сөзсіз. Осы ретте, БАӘ-нің басшысы шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның да дінаралық үнқатысудың дамуына ерекше мән беріп отырғанын атап өткен жөн. Біздің өңірдегі қазіргі ахуалға байланысты бұл мәселенің қаншалықты маңызды екені түсінікті», – деді БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы.
Әл-Кубейсидің айтуынша, қазіргі таңда екі мемлекеттің дипломатиялық байланысы стратегиялық деңгейге көтерілген. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 150 млн. АҚШ долларын құрап, Парсы шығанағы елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Сөз соңында құны 1,2 млрд. АҚШ доллары болатын «Абу Даби Плаза» көпфункциялы кешені екі елдің бірлескен инвестициялық жобасы аясында жүзеге асып жатқанын айтқан Әмәл әл-Кубейси алдағы уақытта да Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы қарым-қатынас жоғары қарқында жүргізіле беретініне сенім білдірді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»