31 Мамыр, 2016

«Нұр-Шахтың» сәнді киімдеріне сұраныс көп

551 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтаулық сәнгер Нұржамал Нұр­пейісова – қазақтың ұлттық киімдерін заманауи жетістіктермен сабақтастыра дамытып келе жатқан шебер әрі сәнгер. Сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген оның бұйымдарына – киімдері мен әшекейлеріне шетелден де тапсырыстар түсуде. Нұржамалдың сән әлемі табал­дырығынан аттағанына 15 жылдан асып барады. Ұлттық ою-өрнектерді заман талабына сай дамыта қолданған дизайнердің батыл қадамы мен бастамасы саладағы жаңалық болды. Нәтижесінде ол жетекшілік ететін сән үйінің атауымен елімізде «Нұр-Шах» атты отандық бренд қалыптасты. – Сән әлеміне келгендегі бірінші мақсатым – ұлттық ою-өрнекті күнделікті тұрмысқа енгізу болды. Әсіресе, Маңғыс­тау­дың өзіндік нақыштарын таныт­қым келді. Ал табыстың кілті еңбек пен үнемі ізденісте болуда деп білемін, – дейді Н.Нұр­пейісова. «Нұр-Шах» сән үйінде 50-ден астам қыз-келіншек ең­бек етеді. Сыпайы, өз ісінің ше­бер­лерін таң­дап алған кәсіпкер мұқтаждарға демеу жасауды естен шығармайды, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Ал қыз­меткерлер болса, Нұржамалдың адал, жауапты басшы екенін ризашылықпен жеткізеді. Айына 300-ден астам туынды дайындап шығаратын сән үйінің өнімдеріне Дубайдан, Ресейден сұраныс түсуде. Бұдан бірнеше ай бұрын «Сакура» атты жаңа топтамасын ұсынған «Нұр-Шах» сән үйі қазір екінші киімдер желі­сін шығара бастады. Енді жаппай шығарылымдағы киімдер өндір­ісі жолға қойылып, халыққа қол­жетімді бағада сатылатын болады. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы