31 Мамыр, 2016

«Үлкен жетілік» жиыны үмітті ақтады ма?

363 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
G7Соңғы аптада күллі әлем құлақ түрген айтулы оқиғалардың бірі, сөз жоқ, Токиода екі күн бойы өткен «Үлкен жетіліктің» саммиті болды. Жарғақ құлағы түрулі жаһан одан жанға жасын тастар жарқын жаңалық күтпесе де, әліп артының байы­бын бағып, сана серпілтер сара сөздерді дәметкені анық. Әлбетте, қара тұяқ тігілген, қазан басын үйірген бұл жиынға алыстан саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай кейіпте көз тастап отырғандар да табылды. Сондықтан әлемнің алдыңғы қатарлы 7 елінің басшылары бас қосқан кездесу қорытындысы турасында әр алуан пікірлер қайшылығының болуы заңды нәрсе еді. Әуелі позитивті сарындағы ақпарлардан сабақты ине тартып көрейік. Жапонның Миэ префектурасындағы Исэ-Симе ұлттық паркінде жұмысын аяқ­таған саммиттің соңғы кү­нінде оған қатысушы елдер ли­дерлері үш сессия өткізіп, қорытынды декларация қа­былдады. Отырыстың түйіні бойынша бұдан терроризм мен жемқорлыққа қарсы күрес, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен денсаулықты жақ­сар­туға ықпал ету, сондай-ақ ин­фрақұрылымды жетілдіру мен әйелдердің қоғамдағы рө­лін ілгері жылжыту секілді жекелеген мәселелер бойынша тиісті құжаттар мақұлданды. Осы тұста әлем назарын бір­ден өзіне бұрып әкеткен оқыс оқиға орын алды. АҚШ президенті Барак Обама жиын бітер-бітпесте оның алаңынан бірінші болып кетіп қалып, Хиросимаға арнайы атбасын бұрып барды. Сөйтіп, 1945 жылдың тамызында Амери­ка әуе күштері жасаған атом бом­басы шабуылынан кейін бұлай қарай аяқ басқан Құрама Штаттардың бірінші президенті атанды. Мұнда Обаманың баратыны айтылғаннан әлем қауымдастығын алаңдатқан бірінші сұрақ бұдан 71 жыл бұрын жазықсыз жұртты қы­надай қырып салған қуатты жарылыс үшін оның жергілікті тұрғындардан кешірім сұрай­тын-сұрамайтыны турасында өрбіді. Бірақ Ақ үйдің егесі барған бойда өзінің мұндай ниеті жоқ екенін бірден ашып айтты. Сондықтан былайғы жұрт үшін оның мұнда неге және не үшін келгені түсініксіз күйінде қалып қойды. Осының соңын ала сам­мит­тің көпшілік көңілінен шыға қоймағаны жайында пікір айтулар көбейді. Мәселен, Ре­сей Мемлекеттік думасы ха­лық­­аралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Пушков Twitter-дегі өзінің парақшасына: «G7 санкцияны созудан басқа, бірде-бір шешім қабылдаған жоқ. Ештеңені қозғамаған жиын болды: оған бұлар бір-бірлерін көріп, суши мен сябу-сябу жеу үшін ғана келген сияқты», – деп жазды. Ал Ұлыбританияның әйгілі CNN телекомпаниясы бұдан да терең кетіп, «кездесу алдын ала жоспарланғандай тым жатық болып өте қойған жоқ» деген мазмұнда көңіл толмастық білдірді. Мұны электронды баспасөз Жапония мен АҚШ арасындағы альянсты әскери бағыттағы ынтымақтастық ауқымын кеңейту есебінен нығайта түсуді көздеген премьер-министр Синдзо Абэ әрекетінің Америка әскери базасы орналасқан Окинава аралы тұратындар тарапынан наразылыққа ұшырауымен байланыстыра қарастырды. Сол сияқты қаржы келіссөзі де жалғаспады, өйткені, елдердің қаржы министрлеріне Абэнің ұжымдық фискал жөнінде­гі ұсынысы ұнаған жоқ, ал АҚШ мұндай жағдайда йена бағамының күрт түсіп кететінін ескертті, деп атап өтті CNN бұдан әрі. Еуроодақ лидерлері премьердің көші-қон дағдары­сы жөніндегі көзқарасына да разы бола қоймады. Себебі, бұдан оның босқындарды қа­былдауға емес, өз елінің ішкі экономикалық проблемаларын шешіп алуға, соның ішінде әйелдер мен қартаң адамдарды жұмысқа орналастыруға көбірек ынталы екені байқалып қалды. Сондықтан Жапония­ның ортақ дағдарысты еңсеруге бағытталған жұмысының маз­мұны өзіне қаржылай көмек сұрауға құралатыны G7 елдері басшыларын қуанта қойған жоқ. Британия БАҚ-тары «Үлкен жетілік» кездесулері жайынан жазғанда, көбіне-көп өз елдерінің Еуроодақтан шығуы мәселесі бойынша дауыс беруге құрылатын референдум­ға тоқталмай өте алмайды. Сам­миттің соңғы күні G7 ел­дері басшыларының бұған көз­қарасы анық байқалды. Ағылшынның Financial Times газеті осы орайда Британия ЕО-дан шыға қалған жағдай үшін қосымша жоспар жасалып қойғанын жеткізеді. ВВС атап көрсеткендей, осы жерде топ Британияның ЕО-дан шығуы бұған дейін басталып кеткен халықаралық сауда мен инвестиция жүйесін мұқым жойып жібергелі тұрғанын ескерткен. Кездесуде сондай-ақ Brexit-тің әлем экономикасы үшін үлкен қатер төндіруші күш болатыны да ашық ай­тылған. Мұның табиғи нәрсе екенін G7 елдерінің қаржы министрлері бұл саммиттің алдындағы кездесулерінде білдірген екен. Жиында сонымен қатар Еуропадағы көші-қон дағдарысының ғаламдық ауқымға дейін көтеріліп баратыны сөз болған. Осыған орай халықаралық қаржы институттары мен донор-елдерден қаржылай көмек сұралатыны белгілі болып қалды. ВВС бұдан бөлек, жиында Қытайдың аты нақты айтылмағанымен, Оңтүстік Қытай теңізінде соңғы кездері қалыптасып жатқан ахуалдың алаңдатарлық халде екені әңгімеге арқау етілгенін алға тартады. Reuters енді Қытай тарапының үнсіз қала беретініне шүбә келтіреді. Ал G7 лидерлері Тынық мұхиттың батыс аумағында экспансиялық әрекеттер жасаудың ендігі жерде үзілді-кесілді қарсылыққа ұшырайтынын бір ауыздан мәлімдеді. Бұған іле-шала жауап қайтарған Қытай екіжақты территориялық дауға үшінші жақ араласуы өзінің сабыр суын сарқып жіберетінін жасырмай жеткізді. Токио саммитінің есте қа­ларлық тұстары да осылар болды. Кеңес барысында бұдан басқа да біраз әңгіменің тиегі ағытылды. Соның сүбелісі, шамасы, Ресейге енгізілген санк­цияның әлі жалғаса бере­тіні жөніндегі мәміле болса керек. Өйткені, ол екі бірдей мәселенің басын қамтып кетті. Оның біріншісі санкцияны жыл соңына дейін созу болса, екіншісі мұның Украинадағы ахуалға байланыстырыла жа­сал­­ғанынан көрінді. Осыған қатысты сөзді бастап берген Синдзо Абэ Ресейдің әлемдік деңгейдегі дау-жанжалдарды шешуде, соның ішіндегі Сириядағы жағдайды реттеуде түйінді рөл атқаруы тиіс екенін айта келіп, бұл мәселеде РФ президенті Владимир Путинмен міндетті түрде диалог жүргізіп отырудан айырылып қалмауды ұсынды. Ал Британия үкіметінің басшысы Дэвид Кэмеронның Мәскеу тарапына арналып айтылған сөзі бұған қарағанда, қатқылдау әрі нақтылау шықты. «G7 елдері РФ-ға қатысты санкцияны мау­сым айында созу қажеттігі жөнінде ымыра жасасты. Енді «Үлкен жетіліктің» лидерлері Минск келісімі шарттары толық орындалғанша, қазіргі қолданыста жүрген санкциялар күші бұрынғы қалпында сақталып қалуы тиіс деп санайды», – деді ол. Ал Минск келісімінде Ук­раи­наның оң­түстік-шығыс аймағындағы ахуалды реттеудің қарас­тырылғаны белгілі. Саммитте қабылданған декларацияның қорытынды бөлігі «Үлкен жетілік» сырт­қы істер министрлерінің Хи­росимадағы кездесулерінен кейін қабылдаған коммюни­кесінен алыныпты. Саяси сарапшылар алдын ала күт­кендей, онда қазіргі таңда Корей түбегінде қалыптасып отырған ахуал да қамтылған. G7 лидерлері КХДР-дың яд­­ролық және зымыран сы­нақтарын жүргізуін сынға алып, мұндай әрекеттің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын бұзғандық болып табылатынын атап өтеді. Құжатта сон­дай-ақ, тараптар «Иранның бал­листикалық зымырандарды сынақтан өткізуді жалғастыру жөнінде шешім қабылдағаны­на алаңдаушылық» білдіреді. Әлбетте, бұл ретте Сириядағы дағдарыстың жайы да назардан тыс қалмаған. Мұнда G7 елдері жетекшілері «елдің аумағында, әсіресе, Алеппо маңында ұрыс қимылдарын тоқтату жөніндегі келісімді бұзып отырған Сирия режімі» сын садағына ілініп, Ресей мен Иранды Сирия бас­шылығына ықпал жасауға шақырады. Соңында әлем экономикасындағы қазіргі жағ­дай біршама қозғалып, онда тұйықтан шығатын жолдардың әлі де сақталып тұрғаны айтылады. Жиында жапон пре­мьері бүгінгі күннің ең басты проблемасы әлем экономикасы болып отырғанын бірнеше рет атап өтіп, 2008 жылғы жағдайдың қайталануы мүмкін екенін ескерткеніне қарамастан, кез­десуге қатысушылардың қалған бөлігі оны толық қолдап кет­педі. Мәселен, Халық­­аралық валюта қорының басқарушы директоры Крис­тин Лагард қазіргі әлемдік ахуалдың мүлдем бөлек еке­­нін айтып, бұған қарсы шықты. Дегенмен, оны өзі де жер жүзі экономикасының сол дағдарыстың әсерінен әлі шат­қаяқтап келе жатқанын жасыра алмады. Сөйтіп, Токио саммиті әлем экономикасы мен ха­лық­­аралық жағдайға байланысты түйіні тарқатылмай тұр­ған мәселелердің әлі көп еке­нін, бірақ оларды шешудің нақтылы тәсілдері табыла қоймағанын көрсетіп берді. Осы тұрғыдан келгенде, «Үлкен жетіліктің» бұрынғы проблемаларды тізбелеп шыққаннан басқа жоғары жетістікке жете алмағаны айқын көрініп тұр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»