31 Мамыр, 2016

*Лебіздер легі

279 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мырзатай ЖолдасбековМырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, филология ғылым­дарының докторы: – Мұнда айтылған әртүрлі ашық пікірдің бәрін жеткізу керек. Жаңа азаматтардың айтуына қарағанда, пікір халыққа жан-жақты жетпейтін сияқты. Бұл жағдайда мәселені ушықтырып алудан сақ болуымыз керек. Жоғары жаққа жеткізіп, осы істермен айналысып жатқан кісілер осыған жіті қарап, мәселені шешудің жолын қарауы керек. Ойын түбінен өрт шығып кетпесін. Бізге тыныштық керек. Елі бүлінген, тас-талқан болып жатқан жерлерді көріп жатырмыз. Ол ел ешқашан оңбайды. Құдай сақтасын! Мамыражай отырған мына байтақ Қазақстан жеріне бүлік келсе, ол бүлікті, ол өртті ешкім сөндіре алмайды. Онда біз осы күнге зар боламыз. Біз оған бармауымыз қажет. Кенжегали СагадиевКенжеғали САҒАДИЕВ, экономика ғылымдарының докторы, академик: – Шетелге жалға беру деген, тек қана Қытайды әкелу деген сөз емес. Тіпті, осы жердi бұзып кететiн адамдарды шақыру, кiм-көрiнгенге беру деген сөз емес. Қазiр халықтың қобалжып отырғаны – бiздiң заңдарымыздың қауқарсыздығы. Егер бiз жалға беретiн болсақ, бiрталай уақыт өткеннен кейiн жер шетелдiктердiң меншiгiне өтiп кетедi деген қорқыныш. Бiздiң халықтың айтып жатқаны осы. Ал бiз неге осыған шара қолдана алмаймыз, бiз неге осыған тиiстi заң қабылдамаймыз? Сол себепті, Жер кодексін қайта қарау керек. Тіпті, Азаматтық кодексті, Отбасы туралы заңды, Көшi-қон туралы заңды неге қайта қарамаймыз? Осындай жерге байланысты заңдардың барлығын қайта қарап, соларды жақсылап тұрып бекiтiп, жердi өзінiң меншiгiне сатып ала алмайтындай қылып неге жасамаймыз? Ал Қазақстан жерiн көршiлерден басқа елдерге жалға беру деген дұрыс емес. Елдердi алалаудың қажетi жоқ. КосаревВладислав КОСАРЕВ, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы Орталық комитетінің құрметті хатшысы: – Менiң ойымша, бiз талқы­лап жатқан мәселе өте өзекті. Бiздiң осы жерде шындықты айтуымыз халықтың көңiлiнен шығады. Бiрақ бiздiң әңгiме­мiз жерден пайда көрiп отырған­дарға ұнамауы мүмкiн. Ондай адамдар аз емес. Жердi өз пайдасына ғана пайдаланатындар да бiзде жеткiлiктi. Бiз ауыл шаруашылығын техникалық жағынан қамтамасыз етуiмiз керек. Бұл – бiздiң бас ауруымыз. Бiз үлкен ауыл шаруашылығын Канададан әкелiнген техникамен дамыта алмаймыз. Өз өндiрiсiмiздi дамытуымыз керек. Бiздiң мүмкiндiгiмiз бар. Неге бiз «джип» шығарамыз, ал егiн егетiн көлiк шығармаймыз? Бiздiң барлық жердi өңдеуге күшiмiз жетпейді. Жерді өзге елдерге жалға берген мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, талдап көру керек. Гани КалиевҒани ҚАЛИЕВ, экономика ғылымдарының докторы: – Қазiр бiз капиталистiк өндiрiстiк қарым-қатынасқа көшiп отырмыз. Жекеменшiк институты бар. Бүгінде бiз құрылысқа жердi меншiкке берiп отырмыз. Құбырлар тартып жатырмыз. Оларды шетелдiктер де салып жатыр, құбырлар тартылып жатқан жерлер солардың меншiгiнде ғой. Конституцияда жеке өндiрiс жүрiп жатқан жер және оның жанындағы аумақ жеке­меншiкке өтедi деп жазылған. Яғни, қазiргi жағдайды ескеру керек. Бiз, ең алдымен, ауыл шаруашылығы үшiн не тиiмдi екенiн түсiнуiмiз керек. Еліміз 15 жылда ауылшаруашылық жерлерiнiң небәрі 1%-ын ғана сатты. Бұл тым аз көрсеткіш. Еуропа одағының елдерiнде ауыл шаруашылығына жұмсалатын шығынның жартысына жуығы бюджеттен өтеледi. Швеция, Жапония, Норвегияда шығынның 80 пайызына дейiн бюджет жабады. Сонда ғана ауыл шаруашылығы тартымды болады. Шаруалар тиiмдiлiгiн көредi, сонда шетелдiктерге де бермеймiз. Бұл – бiздiң бюджеттiк мәселе. Қазiр халық пен билiк бiр-бiрiн түсiнуi қажет. Сайып келгенде, бiз не iстеп, қандай қолдау жасай алатынымызды бағамдағанымыз жөн. Журсин ЕрманЖүрсін ЕРМАН, ақын, журналист: – Комиссияға мүше бол­ғалы елдiң түкпiр-түк­пiрiнен хаттар алып жатырмыз. Кеше Жезқазған өңiрi­нен келдiм, қариялар, ақ­сақалдар «Жер сатылмасын деген ұсынысымызды жеткiз», деп хат жазып бердi. Кеше Қара­ғанды облысы Жаңаарқа ауданында Төлеген Жаманов деген жiгiттiң шаруа қожалығында болдым. Жас жiгiт 2 мың гектар жердi жалға алып, жылқы тұқымын асылдандырумен айналысып жатыр. 3-4 жылдың iшiнде шаруашылығын әбден дөңгелетiп алған. Осылар жер сатылмасын дейдi, маған осы тiлектi жеткiзудi аманат еттi. Сондай-ақ, жердің саяси мәселелерінен бөлек, комиссия мүшелері ерекше маңыз беретін тағы бір жайды жеткізгім келеді. Қазiргi таңда қазақ жерiнде бос жатқан жерге бiржақты қарау үстем болып отыр. Сол бос жатқан жерде неше түрлi емдiк және дәрiлiк өсiмдiктер бар. Бiр ғана мия өсiмдiгi соңғы бiрнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, Қытайға сатылып келеді. Қытай әлемдiк фармацевтика саласында ұлы төңкерiс жасап жатыр. Ненiң есебiнен? Негiзiнен, Қазақстан, Моңғолия секiлдi елдердiң табиғи дәрумендерге бай дәрiлiк өсiмдiктері есебiнен. Қазақстанның дәрiлiк өсiмдiктерiнiң есебiн алып, оны көздiң қарашығындай сақтап отырған отандық фармацевтикада оларды пайдаланып, табиғи байлығымызды дұрыстап игерудiң кешендi бағдарламасы бар ма? Егер осы сала дұрыс жолға қойылса, миллион гектарлап егiн екпей-ақ, Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар едi ғой?! Бiз бос жатқан жерлердегi дәрiлiк және емдiк өсiмдiктер, шөптердiң бiрiншi кезекте, шетелдiк инвесторлардың оңай олжа табатын саласына айналып кете ме деп қауiптенемiз. Сейбагытов ДаржокДаржок СЕЙБАҒЫТОВ, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері: –  Бізде бұған дейін облыс­тың деңгейінде үлкен қоғамдық кеңес болып, осы мәселе кеңі­нен талқыланды. Сонда айтылғандардың негізгі түйінін сіздерге жеткізейін. Маңғыстау облысы егіні жоқ облыстың біреуі. Бізде негі­зінен мал шаруашылығымен айналысады. Жауын-шашын өте сирек болады. Қуаңшылық жиі болады. Соған байланысты шабындықтар мен жайылымдарды жекешелендіруге бермеу керек. Ол жерлерде бұрын ата-бабамыз қазып кеткен, одан беріде Кеңес уақытында қазылған құдықтар бар. Бұл біздің шаруашылықтардың негізгі су көзі. Жалға берілгенде ол құдықтарды ескеру керек. Жалға беруге қатысты айтар болсам, шетелдіктерге жерді жалға берудің қажеті жоқ. Ал өз азаматтарымызға жекеге беру жағында да мұқият қарауымыз керек. Оның ішінде де шаруамен нақты айналысып жүрген адамдарға ғана беруді қарау қажет. Ал енді елдегі адамдар осы комиссияны бізге келмей ме, бізбен ақылдаспай ма деп сұрап жатыр. Біздің ой-пікірімізді тыңдамай ма, егер келсе, біз өз ұсыныстарымызды жеткізер едік деген әңгіме айтуда. Сондықтан, ауылдарға, аудандарға шығу керек деп есептеймін. Ол жерде топ-топ болып жүрудің қажеті жоқ, төрт-бестен бөлініп барса да болады. Марат ШибутовМарат ШИБҰТОВ, саясаттанушы:  – Халықтың көбi Қытайды кiргiзгiсi келмейдi. Кейбiреулер швейцариялықтарды, жаңа зеландиялықтарды, брази­лия­лықтарды қалауы мүмкiн. Сондай-ақ, бiзде инвести­ция­лық ашықтық туралы мем­лекеттiк саясат бар. Бiзде ДСҰ, ЕАЭО бойынша мiндеттемелер бар. Егер бiз кейбiр елдерге тыйым салсақ, бұл үлкен арыз бен сауда соғысының басталуына ықпал етедi. Менiң осыған қатысты мәмілеге келтіретіндей шешiмiм бар. Ол жан-жақты тиiмдi болуы тиiс. Мәселен, Ұлттық экономика министрлiгi әзiрлеген жер учаскелерiн сату және жалға беру ережелерi бойынша құжат бар. Осы құжатты қайта қарап, жақсылап өңдеу керек. Жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау заңнамаларынан үлгi алу керек. Онда шетелдiктердiң қатысуына байланысты жақсы жазылған. Бiрiншiден, бұл үрдiстi аукцион деп емес, конкурс деп атау керек. Жердi жалға беру жүйесiн екi сатылы ету қажет. Жалға беру мәселесiнде баға емес, шетелдiктердiң үздiк ұсыныстары маңызды болуы тиiс. Яғни, шетелдiк инвестор не ұсынады деген мәселе көтерiлуi керек. Екiншiден, осы жерлердiң қайда орналасатынын жергiлiктi тұрғындармен бiрiгiп шешу керек.