01 Маусым, 2016

Зұлмат қайталанбасын!

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
BEK_3327Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды Қала әкімі Бауыржан Байбек қуғын-сүргін құр­бандарына арналған ескерт­кішке гүл шоқ­тарын қойды. Үлкен ша­раға қа­тысқандардың ара­­сында қоғам қайрат­кер­­лері, қалалық мәсли­хат­тың депутаттары, қоғам­­дық ұйымдардың белсен­­ділері, сонымен қатар, қу­ғын-сүргін жылдары қаза тапқандардың ағайын-туғандары болды.  «Қуғын-сүргін және ашар­шылық жылдары елімізде қаншама қайраткер мен зия­лы жан жазықсыз жаланың құр­банына айналды. Ға­лым-зерттеу­шілеріміздің мәлі­меттеріне сүйенер болсақ, тек 1921 мен 1954 жылдар ара­лы­ғында ғана елімізде 25 мыңнан астам адам себеп-салдарсыз атылып кеткен. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ұзақ жылдар «халық жауының» баласы деген ауыр атақты арқалап жүрді. Зұлмат жылдары Қазақстан өз халқының 48 пайызын жоғалтты. Сонымен қатар, бұл оқиғалар еліміздің демографиялық өсуіне, жаңғыруына орны толмас зор нұқсан келтірді», – деді Б.Байбек. Қала басшысы кезінде «қызыл нәубеттің» құр­бан­дарына арналып қойылған бұл құлпытастың орнына Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында зәу­лім ескерткіш орнату туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасы барын айтты. Қазір болашақ зәулім ескерткіштің жоба-сызбасына байқау жарияланыпты. Ұлы Отан соғысының ардагері, 90 жастағы Әбділ­да Мұхаметжан жиналған қауым­ға қуғын-сүргін жылдары өз әкесінен қалай айырылғанын айтып берді. «Менің әкем, атам және атамның туған інісі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Атам­ның бірнеше інісі мен өзін Боралдай маңында дарға асып, қалғандарын түрмеге жапқан. 1937 жылы 26 желтоқсан күні үйге әскери киім киген үш адамның келгені әлі есімде. Мен қонақ бөлмедегі шудан оянып кеттім. Олардың түрлері өте суық, ызбарлы еді. Сол түні қатты қорықтым. Олар сол жолы менің әкемді өздерімен бірге алып кетті. Содан соң әкемді қайтып көрмедім...»,  – деді жанары  жасқа шыланған ақсақал. Еске алуға жиналған көп­шілік бір заманда халықтың басына түскен «қызыл нәубет­тің» құрбандарына бағыштап Құ­ран оқыды, «зұлмат қайта­лан­басын!» деп беттерін сипады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ