01 Маусым, 2016

Дананың «дара жолы»

706 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кайсар-Алим-2...Редакциядан тапсырма түсті. «Жақсы газет кейде ойыңды дөп басып отырады-ау!» – деп разы болып қалдым. Өзім де осы теледидар терезесі арқылы әлдебір тол­ғандырған тақырыптарды қауза­ғым келіп жүрген. Соған түрткі бол­ды. Не туралы жазам деп көп ойланбадым. Себебі, көңілдің өз қалауы бәрін күнілгері айқындап қойғандай-тын. Таңдауым белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіттің «Дара жол» бағдарламасына түсті. Ұмытпасам, «Қазақстан» теле­арнасының бұл хабарына бауыр басуым әнші, ақын, сазгер Елена Әбдіхалықованың дара жолына арналған көрсетілімнен бастау алған тәрізді. Әбіштей абыз­дың ризашылығына бөленген осынау бірегей талант иесінің тағдыр, талайы, шығармашылықтың азапты көрігі, рухани толысқан өмірі, Арал толқынындай тербелген тынымсыз көңілі тәнті еткен. «Есіңе мені алғайсың» әнін Мәдинаға сыйлауы таланттың талантқа тамсана үн қатқанындай еді! Мұқағалидан ауысқан мұң Еленаның еміренгіш, нәзік жүрегін сыздатып, мұңнан қуаныш жасап бергендей болды. Әттең-ай, Мәдинаны неге жоғал­тып алдық десек те, оның әнімен, үнімен қоштаспағанымыз – қазаққа тартқан тағдыр сыйы! Хабардың «Р.S.» түйінінде Дана тапқыр қойылған сауалдарына Еленадан тұшымды жауап алып жатты. Нағыз шарықтау шегі осы! «Жалғыздық мүмкін ба­ғым да шығар...» деген сыңайда Елена мейірімді көзін өткір сүзіп отыр. Жалғыздыққа қаһарланып, жалпының бақыты үшін, әлемнің алаңсыз бейбіт өмірмен, махаб­батпен әлдиленуі үшін осы кү­йін, тіршілігін ешқашан ман­сұқ еткісі келмейтіні жанарынан оттай шашылып тұр еді... Шы­ғармашылық құдіреті осы болса керек! Жарайсың, Елена! Әбіш ағаңның бір айтқаны бар еді: «Бақыт – қолыңның қимылында, кө­ңілдің пиғылында!» – деп. Көңі­лің өссін, таза пиғылды, жақсы ниетті ұлт аруы! Демек, сен – Бақыт­тысың! Хабардың өн бойында бақыт лебі есіп тұруында да сондай шаттық сыры салтанат құрғаны анық. Осылайша көрермендеріңді де бақытты ете алдың. Ойландырдың! Дананың да көздегені осы мұрат емес пе! «Дара жолдың» кейінгі бір хабарында әнші, сазгер Әбиірбек Тінәлиев: «Жалғыздықсыз еш­нәрсе жазылмайды»,– дей келіп, өзінің «Қос жалғыздық» атты хикаяты бар екенін сыналап өтті. Оның да сан қырлы бейнесін Дана жарқырата ашып берді. Өзінің қынулы, қымбат, сара түсінік сөздерімен қоса, студия қонақтарын ортақ әңгімеге тар­та білуімен-ақ хабарының ұт­қыр­лығын ұштай түсетіні сезіледі. Не хабарының сөзі, не ше­бер­лігі шыңдалған Дананың өзі тартып тұрмаса, көрермен ілтипатына бөлене алмас еді ғой. Яғни, жүр­гізуші «дирижерлік» қабілетін әбден ширатқан екен. Көрерменнің көзін ғана емес, жан дүниесінің ләззат-пернесін дөп басуымен де ерекшеленеді. Дананың кезекті қонақтарының бірі аламан айтыстың ақтангері Надежда Лушникова болды. Ана тіліміздің нағыз насихатшысы. Қазақ үшін қазақтан бетер намыс­шыл. Сөзі майда, жүрегі нұр­лы. «Иі қанбаған қамырды етке салма!» – деп еді батыр Бауыр­жан атам. Қандай тағылым! Ама­натқа адалдығы екен ғой, абыройы асқақтап жүргені. Түйін сауа­лында Дана: «Өмірде нені қи­майсыз?» – деп қолқалады. Надежда: «Шыққан күнді, батқан күнді қимаймын!» – дегенде, өмір­дің бір сәттік сәуле екендігіне анық көз жетті. Аманкелді Айталы! Ресейде туып, атақонысының алтын айдарлы ұлы атанған ересен тұлға! Терең ойлы философ ғалым. Ақтөбеден арнайы атбасын бұр­ған. Өзіне арналған қол­паш өлеңге баладай қысылып, тіпті шамданыңқырап қалды. Имандылығы, кіші­пейілдігі көзге ұрады. Қоғам­дағы жемқорлық дертінің асқын­ғандығына тойтарыс бере ағын­дап: «Бай адам таза болмайды, таза адамның бай болуы екіталай», – деп қойып қалды. Әлде дұрыс, әлде бұрыс...Отыз екі тістен шығып кетті... Айыз қанды! Осы Әбекең, қасындағы зайы­бын нұсқап бірер сөз айт­қанда, тіпті, теледидар экраны да күңіреніп кеткендей болды. Дананың да жанары дым­қылданды... Көрермендерге не жорық? Былай бопты. Алғашқы жары дерттен қайтыс болып, аза тұтып жүргенде осы кісімен сөз байласады. Балаларының туған анасындай жарасып кетіпті. Бір күні кішкене қорапшаға қара топырақ салып, гүл өскінін егіп жатқанда, мұның сырын сұрай­ды ғой. Әбекеңнің жарының құл­пытасы етегін алқызыл гүлдермен көмкермек екен... «Мен сол сәт, бұл кісіні бұрынғыдан бетер ардақ­тай түстім!» – деді атпал азамат басын ие егіліп. Арғы жағын ай­туға сөз жетпейді. Он тоғыз жасында Ауған со­ғы­­сының қияметін кешкен, бү­гінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Дара жолдың» кейіпкерлігіне бекер таңдалмағаны анық. Еңбегі, ерлігі, халыққа қалаулылығы, ақындығы, ұлтжандылығы – бәрі-бәрі қай талапқа да сайма-сай. Ол бірнеше рухты кітаптардың авторы, ол туралы «Мен көрген соғыс» деректі фильмі түсірілген. Әскерилердің «Армысың, айбынды сарбаздар!» – деп бір үлгіде жаңаша сәлемдесуін Елбасына бекіттіріп алған тілі мен ділі берік жан. Әне, Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған хабарда қақ жарылып сап түзеген жауынгерлердің ортасында Да­на да әлгіндей тәртіппен сә­лем­­десіп, қолын күнқағарына қойып, нық адымдап барады. Жас көрер­мендердің әскерге алын­баққа деген делебесі қоза түс­кендей. «Дара жол» нағыз тәрбие құралына айналып кетіпті. Қазақстанның халық әртісі Н.Мыш­баева мен ұстаз, Қазақ­­стан­ның Еңбек Ері А.Миразованың дара жолдары да тағы­лымды әрі қыз­ғылықты өрілді. Бақытты алтын немесе қазы­на іздегендей із­демейді екен. Оны бір басында қажыр-қайрат, білім, іске деген сүйіспеншілігі жетіп-арты­ла­тындар ғана жасап алады екен. Осы екі тұлғаның бойынан сондай өршіл мінез кесектеліп көрінді. Талантты тележүргізушінің ізденімпаздығы, қолтаңбасы сүй­сінтеді. «Дара жол» нақты тақырыптық хабарларға да ауыса бастағандай. Мысалы, өмірден өтіп кеткен «Тамашаның» тарландарына» арналған көрсетілім бүгінде әзіл-оспақты сәл-пәл арзандатып алғандарға үлкен сабақ болары хақ. Бүгін «Дара жолға» кеңі­нен тоқталғанымызбен, қа­зақ теле­арналарының басқа да авторлық мазмұнды бағдар­ламалары жет­кілікті. Көрер­мендердің көзайымы болып үлгерген «Айтуға оңай...» (Б.Құ­ранбек), «Сіз не дейсіз?» (М.Садық), «Серпіліс» (М.Әбе­нов), «Сырласау» (Ә.Сейфолла), «Отбасы» (Ж.Айжанова), «Әйел бақыты» (Л.Сұлтанқызы), т.б. тағылымды тележобалар жұрт­шы­лық ықыласына бөленуде. Әрине, кем­шіліксіз ешнәрсе болмайды. Ол жағын санамалап жатпадық. Біздің мақсат – осы хабарлардың жалпы қа­жеттілігіне көз жеткізе түсу еді. «Рейтинг, әдетте, таны­мал­дықтан кейін жүреді. Әуелі көп­тің аузына ілінесің, содан кейін ғана көрермендеріңнің қата­ры арта бастайды», – деп теле­білгір Арманжан Байтасовтың айт­қанына қосып-алу қиын-ақ. Жоғарыда тізімдеген авторлардың бәрі де сондай талғамға сай тарпаң телетұлғалар екендігінде дау жоқ! Қайсар ӘЛІМ АСТАНА